«Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.
«Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтқан болатын. Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары.
Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет», — деп жазды Берік Уәли.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап еткенін жеткізді. «Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.
Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді», — деп толықтырды ол. Еске салсақ, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорында реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн деп айтқан болатын.