Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау әрі ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады», – деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша Жоспарда 11 іс-шара көзделген. «Осылайша, Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген», – деді министр. Бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.
Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды. «Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды.
Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген. Мәселен, басталған салықтық тексерулерді, кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда», – деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.
«Ұсынылған жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, алдағы бірнеше айда мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Жоспарды іске асыру елдегі экономикалық ахуалды қалпына келтіруге және күнделікті өмірге қайта оралуға алып келеді. Жоба Қаржы, Әділет министрліктерімен, сонымен қатар басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілді», – деді Әлібек Қуантыров. Талқылаудан кейін Үкімет мүшелері аталған құжат жобасын мақұлдады.
Дереккөз: www.inform.kz
Дереккөз: www.inform.kz