Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп келеді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Біржан сал және Бұланды аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Біржан сал ауданының Макинка ауылында облыс әкімі алдымен «Балдырған» балалар бақшасында болды. Мектепке дейінгі мекемені аралау барысында Ермек Маржықпаев бала бақшаның бүгінгі таңдағы проблемаларына назар аударды. Бала бақшаның меңгерушісі Эльмира Баяшева ғимараттың 1969 жылы салынғанын, 2005 жылы қайта пайдалануға берілгенін баяндады.

–Бала бақша 60 бүлдіршінге арналған. Қазіргі уақытта мұнда 40 бала тәрбие алуда. Бір жарым мың адам тұратын елді мекенде мектеп жасына дейінгі 79 бала ғана бар. Сондықтан, бала бақша осындағы сұранысты қамтамасыз етіп отыр деуге болады, – деді өз сөзінде Э.Баяшева.

Бала бақша меңгерушісі сонымен бірге, мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің анау айтқандай өткір мәселелері жоқ екендігін атап көрсетті. Дегенмен, соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын жөндеу көргенін ескере келгенде, ғимаратқа күрделі жөндеудің керек екендігі анық.

Бала бақша меңгерушісін тыңдай келе, аймақ басшысы осы жылы жобалау-сметалық құжаттамаға қаржы бөлініп, келесі кезекте жөндеу жұмыстарының да басталатынын айтты. Елді мекендегі жалпы білім беретін мектепте де осы тектес жағдай. Оқу орнының басшысы Толыбай Рахымжановтың айтуына қарағанда, мектеп 1968 жылы пайдалануға берілген. 480 оқушыға арналған оны шағын деп айтуға болмайды. Алайда, қазір жарым-жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені, оқушылар саны 243 қана. 2015 жылы мектепке күрделі жөндеу жүргізілген.

Алайда, содан бері терезелерінің ағаш жақтаулары ескіріп, бүлінуге айналған. Сондықтан, оны жаңартқан артық болмас еді. Сондай-ақ, жылу беру жүйесінде де белгілі бір жөндеп, қалпына келтіретін тұстары бар. Оқу сыныптары мен ғимараттың өзін аралап шыққан Ермек Маржықпаев мектеп директорының бұл айтқанымен келісті.

Биыл Макинка селосының тұрғындары үшін жаңа спорттық ойын алаңы әжептәуір жаңалық болды. 30 миллион теңгеге түскен жоба ауыл тұрғындарының сүйіп демалатын орнына айналған. Мұнда олар серуен құрып, дене шынықтырумен айналысады. Мектептің дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі Игорь Усанин әкімге жазғы маусымға осы спорт алаңында балалармен қандай жаттығулар өткізілетінін және оның күтімі қалай қолға алынғаны туралы айтып берді.

Облыс әкімі барлық аудандарда бүгінгі таңда осындай спорт алаңдарының барын айта келе, олардың саны қырықтан кем емес екендігіне тоқталды. Енді осындай жұмысты біртіндеп шағын елді мекендерде де іске асыру міндеті тұр. Аймақ басшысы осы жолы ауылдағы көппәтерлі үйлердің бірінде де болды. Онда тоғыз бірдей пәтер бос болып шықты. Жарым-жартылай ғана халық тұратын ғимарат өзге адамдарды да тұрғызуға болатындай жағдайда.

Тек ол үшін сол бос пәтерлерге жөндеу керек. Аудан әкімінің орынбасары Кәрібай Шәймерденов халықтың аз қамтылған топтары аудан орталығы Степняк қаласынан пәтер алғылары келетінін, кезекте сонда тұратынын айтпай қала алмады. Сонымен бірге, ол бұл бос пәтерлерді жергілікті әкімдіктің балансына қойып, жөндеу және кезекте тұрғандарға беру жөнінде өз ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныспен облыс әкімі де толық келісіп, сол жерде құжаттарын жинау және жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындау жөніндегі жұмыстарды бастауға тапсырма берді. Макинка ауылында болған сапар аудан әкімі орынбасарының осы ауылдық округте атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы есеп берген баяндамасымен аяқталды.

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында облыс әкімі жергілікті қазандықта болды. «Макинск Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Азамат Алдабергенов №1 модульдік қазандық пен №2 блокты-модульдік қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұрғандығын жеткізді. Оларды іске қосудың және қалыпты жұмыс істетудің арқасында қалада жаңа абоненттерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Мұны облыс әкімімен кездесу үшін Макинскінің орталық алаңына жиналған жергілікті тұрғындар да растады. Солардың ішінен зейнеткер Алтын Нұрқанова аймақ басшысына сөзінде тұрғаны үшін ризашылығын білдірді.

–Бізде отыз жылға жуық орталықтандырылған жылу жүйесі болған жоқ. Біз, қаланың орталық бөлігінің тұрғындары сізге дейін жұмыс істеген облыс әкімдеріне бірнеше рет осы жағдайымызды айттық. Бұлардың бірде біреуінің жылуға қатысты осы жанды мәселені шешу қолдарынан келмеді. Тек сіз, Ермек Боранбайұлы, өз сөзіңізде тұрдыңыз. Сіздің жанашырлығыңыздың, ерік-жігеріңіздің арқасында біз, Макинск қаласының тұрғындары ұзақ жылдардан кейін күткен жылуға кенелдік, – деді өз сөзінде А.Нұрқанова.

Осындай ризашылыққа толы сөздерімен бірге Макинскінің тұрғындары облыс әкіміне өздерінің жан ауыртқан және бүгінгі күні шешілмей отырған проблемалық мәселелері туралы да айтпай тұра алмады. Ермек Боранбайұлы тұрғындардың ол мұқтаждықтары туралы білетіндігін айтты.

–Біз әрине, ол проблемаларға қанықпыз. Жыл сайын Макинскінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, келбетін жақсарту үшін айтарлықтай қаржы бөліп келеміз. Атап айтқанда, әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар бойынша жаңа тұрғын үйлер құрылысы, ауыз су келетін су құбырларын жаңарту, жолдарды, тротуарларды жаңадан салу, жалпы алғанда аудан орталығын көгалдандырып, абаттандыру сияқты жұмыстар ұдайы назарымызда.

Дегенмен, олардың бәрін бір мезгілде атқарып шығу мүмкін емес. Соған қарамастан, әр жыл сайын қаланың инфрақұрылымын жақсартумен келеміз. Республикалық жолдың жақын тұрғаны, халықтың жұмыспен қамтылуы Макинск қаласын тартымды елді мекендер қатарынан көруімізге мүмкіндік беруде. Алда да осылай болып, көптеген мәселелер шешіледі деп сенеміз, – деді Ермек Боранбайұлы.

Облыс әкімінің осы айтқандарымен келіскен жергілікті тұрғындар Бұланды ауданы орталығының облыс басшылары назарынан тыс қалмай келе жатқанына тағы да бір ризашылықтарын білдірді. Макинск қаласында несиеге рәсімделетін тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүргізілуде. Айталық, жуырда 60 пәтерлік панельді үй пайдалануға берілді. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Темірболатовтың сөзіне қарағанда, жаңа тұрғын үй барлық талаптарға сай келеді. Пәтерлерді аралап шыққан облыс әкімінің өзі де осыған көз жеткізіп, құрылысшыларға алда да табыс тіледі.

«Арна» астық қабылдау кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Клара Меңдібаеваның бастамасы облыс әкімін ерекше қуантты десек артық емес. Бұл кәсіпорын іс жүзінде қаланың орталығындағы көппәтерлі тұтастай бір үйді жаңартып шыққан. Соның нәтижесінде бос үй кәдеге асып, серіктестік қызметкерлері қоныс тойын тойлау мүмкіндігіне ие болған. Ермек Боранбайұлы өндіріс орнының басшысын өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі үшін барынша қолдап, алғысын білдірді.

«КазТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марат Сәдуақасов өздерінің техникалық рәзеңке бұйымдары мен полимерлік өнімдер өндірумен айналысатынын айта келе, облыс әкімін кәсіпорын цехтарына қарай бастап жүрді. Сөйтіп, өздерінің құрал-жабдықтары мен қандай өнімдер шығаратынын баяндап болған соң аймақ басшысына бір ғана өтінішін жеткізді. Ол – электр қуатын арттыруға қол ұшын беру. Кәсіпорынның сапалы өнімдеріне тәнті болған Ермек Боранбайұлы бұл мәселені де назарға алды.

Ал, «Құрылыс ауласы» дүкенінде облыс әкімі тұтынушыларға ұсынылатын құрылыс материалдарының ассортиментімен танысты. Қоймалар мен сауда орнының өзін аралап шыққан әкім құрылыс дүкендері желісінің бас менеджері Дмитрий Коняковқа Ақмола облысының кәсіпорындарымен ынтымақтастық байланыс орнату мәселесін пысықтау жайында кеңес берді.

Азат РАЙЫМБЕКОВ,
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар