Қаһарлы қыстың шыңылтыр аязды күні біз қайғылы қаңтар оқиғасына байланысты респуб-ликамызда төтенше жағдай жарияланған кезде жұмыс істеп тұрған Нұр-Сұлтан-Петропавл тас жолының 231-ші шақырымында орналасқан №1 бақылау-өткізу бекетінде болған едік.
– Бізде бәрі жақсы, бекетте жұмыс істеуге жағдай жасалған, шектен шыққан жайттар кездеспейді. Өтіп бара жатқан көліктердегі азаматтардың барлығы тексеріс кезінде біздің іс-әрекетімізге түсіністікпен қарайды, сұрақтарға сыпайы жауап береді. Осындайдан кептеліс пайда болады.
Бірақ, көлікте күтіп отыруға мәжбүр болғандарына наразылықтарын байқамадық, – деген ювеналды полицияның учаскелік инспекторы Руслан Шатыбеков, өзінің билік органдарында жиырма жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанын және полиция қызметінде айтарлықтай тәжірибесі бар екенін де жеткізді. Оның айтуынша, мұнда қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған, 12 сағат бойы кезекшілікте тұрған оларға бөлінген жылыту пештерінде еш ақау жоқ, ас мәзірі жеткілікті, тоңбай жұмыс істеулері үшін барлық жауынгерлерге арнайы термо киімдер берілген. Дәл осы күні Р.Шатыбековпен бірге билік органдарында жеті жыл еңбек етіп келе жатқан табиғатты қорғау полициясының қызметкері, аға сержант Думан Жұманалин да өз қызметін атқарып жүрді.
Таңғы сағат сегізде қызметіне кіріскен оның кезекшілігі әдеттегідей жалғасуда, халық ағымдағы жағдайға байланысты тексерулерге шыдамдылықпен қарап, құқық қорғау органдарының қолданып жатқан шараларын орынды қажеттілік деп санайтыны да байқалып тұр. Сол күні №1 Бурабай бекетінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекетін қадағалаған полиция подполковнигі Арман Тұрлыбеков сонымен қатар, көліктерді тексеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық іс-шаралар қалыпты жағдайда және жұмыс режимінде өтіп жатыр деп сендірді.
Полиция қызметкерлеріне бекетте қызметтерін өткеру үшін қосымша күш ретінде Ш.Уәлиханов атындағы Щучинск әскери колледжінің қызметшілері көмекке келген, олар үшін жол жиегіне жылытуы бар арнайы шатыр орнатылған.
Мен сержант Ернұр Сәулебаевпен сөйлестім, ол қалыпты жағдайда қызмет етіп жатқанын, курсанттарға қызметтік жұмыстарды өткізуге барлық жағдай жасалғанын айтты. Атап айтқанда, шатырда тәулік бойына қажетті температуралық режим сақталған. Ол 18 градустан төмен түспейді, отын мен көмір жеткілікті түрде әкелінеді, азық-түлік мәселесінде ешқандай проблема жоқ. Қала тұрғындары, кәсіпкерлердің өздері, курсанттарға өз еріктерімен тамақ әкеліп отырған.
Облыстағы жалпы жағдай туралы бізге Бурабай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Қамиев хабарлады.
– Ең алдымен, орын алған жағдайға байланысты билік тарапынан жасалған шаралардың барлығына облысымыздың тұрғындары түсіністікпен қарағанын атап өткім келеді. Осы ретте Щучье тұрғындарына өз еріктерімен облыстағы қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектерін көрсеткен тұрғындарға алғысымды білдіргім келеді. Күн сайын бізге 20-30 адам келіп, қызметкерлердің кезекшілік борышын өтеу кезінде өз қызметтерін ұсынып жатты, – дейді Қ.Қамиев.
Оның мәліметінше, коменданттық сағат кезінде тәртіп бұзғаны үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ, олар жеңіл түрде, ауыр құқық бұзушылықтар санатына жатпайды, ірі қылмыстар жасауға жол берілмеген. Бақылау-өткізу бекеттерінің қызметіне келетін болсақ, онда да әдеттегідей жағдай қалыптасқан.
– Бүгін сіз барған бірінші өткізу бекетінен 600-ден астам көлік өтсе, оның жүзден астамы Солтүстік Қазақстан облысынан келетін екінші бекетіміз арқылы өтті.
Бірінші бекетте күндіз сегіз полиция қызметкері, ал, түнде көлік қозғалысы аз болғандықтан, алтауы кезекшілік етті. Ал, екінші бекетте біз күн сайын үш қызметкерімізді орналастырдық. Ш.Уәлиханов атындағы Щучинск әскери колледжінің әскери қызметшілері қажетті әскери техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, әрқайсысы 10 курсанттан кезекшілікте тұрды. Олар күндіз екі рет, түнде екі рет ыстық тамақпен қамтамасыз етілді және қажетті мөлшерде жанар-жағармай жеткізіліп, бекеттерде қызмет көрсетуге үлкен көмек көрсеткен аудан әкімдігіне де алғысымды білдіремін, – деп толықтырды сөзін Қ.Қамиев.
Иә, еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланған күндері қоғамдық тәртіп күзетінде тұрған ақмолалық тәртіп сақшыларының тыныс-тіршілігінен хабардар болу өткен шақпен болса да, газет оқырмандарына артықтық етпес деп ойладық.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.
Бурабай ауданы.