Ақмола облысында өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай — ақ жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық өнеркәсіп және туризм басқармасының мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бағдарламаға өткен екі жыл ішінде бизнесті қолдау шараларын күшейтетін бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін қолдау» жаңа бағыты қосылды, қарыз алушылар үшін несиелер бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ, салалық шектеулер алынып тасталды, кредиттің ең жоғары мөлшері 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Қазіргі уақытта бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда, олардың екеуі қаржылық қолдау шараларына жатады. Бұл шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін қолдау, кәсіпкерлерді немесе индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін салалық қолдау және кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну. Облыстық деңгейдегі бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісі Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы болып табылады, ол облыс әкімдігі жанындағы Өңірлік үйлестіру кеңесінің жұмыс органы болып табылады», — деп атап өтті ведомстводан.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несие бойынша кепілдік беру және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант ұсыну бөлігінде бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жасайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдауды жүзеге асырады, оны іске асыру үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда консультацияның барлық спектрін алуға, оқудан өтуге, бизнес-жоспар жасауға болады. Сонымен бірге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн режимінде әлеуетті және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Бизнеске арналған үкімет» интернет-порталын іске қосты (g4b.kz).
«Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша шешімдерді депутаттық корпустың, қоғамдық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының, кәсіпкерлердің, БАҚ өкілдерінен тұратын конкурстық комиссия қабылдайды. Бизнес-жобаларды бағалау кезінде бизнес-идеяның жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі және іске асыруға дайындығы өлшемімен қатар жобаның әлеуметтік бағытына көп көңіл бөлінеді. Соңғы үш жылда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлерге 20 грант берілді, жас кәсіпкерлерге 39 грант берілді», – деп қосты ведомстводан.
Мысалы, «Көкше-Утилизация» ЖШС «тұрмыстық қалдықтарды жинау және өңдеу бойынша цех құру» жобасы 2017 жылы 3,5 млн теңге сомасында грант алды. Бүгін бірінші топтағы мүгедек кәсіпорынның директоры Владимир Плетнев Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және бастапқы өңдеу жұмыстарын табысты жүргізуде. 2018 жылы Степногор қаласында жеке кәсіпкер «Б.С.Мазановқа» «Қосымша қажеттіліктері бар адамдар үшін тренажер залын ашу» жобасы бойынша 3 миллион теңге көлемінде грант берілді. 2019 жылы Ерейментау ауданының «Ермак» жеке кәсіпкерлігіне «лазерлік кесу және гравировка» жобасы бойынша 2,7 млн теңге және Бұланды ауданының «Ахметова А.К.» жеке кәсіпкерлігіне «шағын – полиграфиялық және фотожұмыс қызметтері» жобасы бойынша 2 миллион теңге алды. Кәсіпкерлер сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы адамдарға жатады.
«Жыл сайын бөлінген қаражаттан айтарлықтай асатын сомада өтінімдер келіп түседі. 2020 жылы 169 өтінім келіп түсті, 26 грант берілді (оның ішінде жастардан 43 өтінім келіп түсті, 12 грант берілді), 2021 жылы 177 өтінім келіп түсті, 38 грант берілді (оның ішінде жастардан 44 өтінім, 13 грант берілді). 2022 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 4836,7 миллион теңге бөлінді. Бұл ретте, бизнеске арналған бағдарламаның сұранысқа ие болуына байланысты Ұлттық экономика министрлігіне республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу туралы мәлімделді. Бұл жағдайда кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының құралдарын пайдалана алады», — деп түйіндеді ведомстводан.