Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескерткіш тақта орнатылды - АРҚА АЖАРЫ

Ескерткіш тақта орнатылды

Көкшетау қаласының құрметті азаматы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қадыржан Әбуевтің есімі Көкше өңіріне ғана емес, барша республикамызға танымал. Ғалым бар ғұмырын тарих саласымен сабақтастырып, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырды.

Бүгінде Қадыржан Қабиденұлының тәлім-тәрбиесін көрген, оның ізгілігін, адами абзал қасиетін бойына сіңірген, ілімін үйренген талай тарихшы, басқа да саланың білікті мамандары еліміздің түрлі ордалы оқу орындарында жемісті еңбек етіп жүр. Осындай абзал жанның аяулы есімін мәңгі ел есінде қалдыру шарасы таяуда Көкшетау қаласында болып өтті. Қадыржан Әбуев тұрған үйдің қабырғасына оның жарқын бейнесі айшықталған ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш белгінің ашылу салтанатына ғалыммен көп жыл бірге қызмет істеген әріптестері, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, туған-туыстары қатысты.

Салтанатты шараны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Асылбайұлы жүргізіп, жиын барысында Ақмола облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының бастығы Сырым Шәріпханов, ардагер ұстаз Тельман Мұқышев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Айгүл Досжанқызы, Көкшетау экономика және менеджмент институтының ректоры Әбілмәжін Аюлов және тағы басқалары сөз сөйлеп,  аяулы есімі мәрмәр тасқа жазылған ардақты ғалымның өшпес ғұмыры туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөзі бүгінгі күні де өз мән-мағынасын жоймасы анық.  Оның айқын айғағы ретінде  осы бір парасатты азаматқа көрсетіліп отырған осы ізгі құрметті айшықтап айтуға болады.

Салтанатты шарада аталмыш шараның ойдағыдай жүзеге асырылуына мұрындық болған, осы игі істің бір жағынан шығысқан, басы-қасында жүрген барша азаматтарға ғалым Қадыржан Әбуевтің інісі Сансызбай Әбуев  өзінің ақжарма алғысын, шынайы ризашылығын білдірді. Осылайша ғылым жолына өлшеусіз еңбек сіңірген, ардақты жанның жарқын есімі мәрмәр таспен қашалып, ел есінде мәңгі қалатындай өнегелі, тағылымы мол іс-шара болып өтті.

Дәл сол күні ғалым Қадыржан Әбуев талай жыл еңбек еткен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар