Көңілге қаяу түсірер мұндай деректі Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үйлерде өрттің шығуы едәуір көбейе түсері сөзсіз. Оған басты себеп, пештерді және жылу беретін қондырғыларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау. Мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында департамент өкілдері жыл сайын өрттің алдын алу, яғни, жылу беру маусымы басталмас бұрын тұрғын үйлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл да аталмыш жұмысты қолға алған өңір құтқарушылары ақпан айының басынан наурыз айына дейін өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуді ойластырыпты.
– Шара барысында біз тұрғылықты мекен жай бойынша тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін, әсіресе, электр жылытқыш қондырғылар мен пештерді дұрыс пайдалануды түсіндіреміз. Әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың үйлеріне жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен көміртегі тотығын өлшейтін қондырғыларды орнатамыз. Түтін шығаратын құбырларын тазартып береміз, – деді брифингте сөз алған Манарбек Шапағатов.
Ақмола облысы бойынша әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасылардың қатары 8 мыңға жуықтайды. Олардың үйлеріне өлшеуіш қондырғыларын алу және орнату, құбырларды тазарту жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бюджет есебінен қарастыруда.
– Жоғарыда атап өткен шараларды қолға алуымыздың себебі, өңірде өрт деңгейі төмендегенімен, одан қаза тапқан адамдардын саны азаймай отыр. Мәселен, өткен жылғымен салыстыратын болсақ, биыл өлім-жітім саны 29 пайызға артты. Ал, өрт саны керісінше 18 пайызға кемігені байқалды. Оларға жекелеп тоқталар болсам, 82 өрт пештерге от жағу барысында орын алса, 50-і жылу беретін электр қондырғыларын дұрыс пайдаланбаудан туындады, – деген Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары отты бақылаусыз қалдыру салдарынан 47 жағдай тіркелгенін де айтты.
Өрттерден құтқарылған адамдарға келер болсақ, биылдың өзінде өңір құтқарушылары тілсіз жаудан 14 адамды алып шыққан. Сондай-ақ, жалпы құны 186 миллион теңге болатын материалдық бағалы заттарды аман алып қалған. Брифингті қорытындылай келе, Манарбек Шапағатов өңір тұрғындарына тағы бір ескерту жасап өтті.
– Өртті болдырмаудың басты қағидасы – қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындау. Ол үшін қолдан жасалған электр жылытқыш қондырғыларын пайдаланбау керек. Сонымен қатар, тоқ көзін шегінен асырмай қолдану талап етіледі. Электр қондырғылары қосылған үйде балаларды жалғыз қалдырмаңыздар. Әсіресе, балғындар ересек адамдардың қадағалауында болуы қажет. Шырпыларды олардың қолы жетпейтін жерге қойыңыздар. Осындай қарапайым ережелерді сақтайтын болсаңыздар, үйлеріңізді өрттен аман алып қана қоймай, өздеріңіздің және жақындарыңыздың өмірлерін сақтай аласыздар,–деді ол.
Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.