Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктемгі егіске дайындық, субсидия, тағы басқа мәселелер - АРҚА АЖАРЫ

Көктемгі егіске дайындық, субсидия, тағы басқа мәселелер

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық» деген тақырыпта брифинг өткізіп, журналистер сұрақтарына жауап берді.

–Көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде өтіп келеді. Алдымен 807 мың гектар жерге пар  жыртылды, одан кейін 1 миллион гектардан астам алқапқа зяб жыртуға кірістік. Қыс айларында 715 гектар жерге қар тоқтату жұмыстары қолға алынды. Осы күндері де 350 мың гектар жерге қар тоқтату жүріп жатыр, – деп бастады сөзін Еркеш Төлегенұлы.

Бұл саладағы үлкен бір жаңалық облыс егіс алқабының биыл 67 мың гектарға ұлғаюы екен. Сапалы егін жинаудың барлық жағдайы қарастырылған. Ол үшін 529 мың тонна тұқым дайындалып, сапасына қарай іріктелген. Тыңайтқыштар да жеткілікті мөлшерде. 2021 жылы 90 мың тонна тыңайтқыш алынса, биыл да сол көлемде болмақ. Ол үшін 3,2 миллиард теңге қарастырылған. Жанар-жағар май үшін 72 миллион тонна бөлінген. Баға әлі нақты белгіленген жоқ, бірақ, Үкіметтің бақылауында болары сөзсіз. Көктемгі дала жұмыстары, егінді күту мен жинауға биыл қосымша 63 миллиард теңгеге 2187 дана жаңа техника, тұқым шашу кешендері,  тағы басқа қажетті жабдықтар алынған. Оның 465-і трактор, 345-і комбайндар, 101-і дән себу кешендері. Сондай-ақ, өткен жаздағы қуаңшылық зардаптары есепке алынып, биыл ондай жағдай туындай қалған күнде қысылып қалмау жағы да қарастырылған. Сол себепті мал азығын егуге баса назар аударылып отыр. Өткен жылы ірі қара 800 басқа азайғаны белгілі. Жұрт  қуаңшылыққа ұрынып, бос шығын болады деп, малын етке өткізді. Міне, тағы да осы үрдістің қайталанбауы үшін мал азығы молынан дайындалмақ. Мәселен, 195 мың гектар жерге жүгері егілетін болса, ол өткен жылғыдан 19,7 мың гектарға артық. Бұл – қуаңшылықтың алдын алуға бағытталған шара. Картоп 16,8 көкөніс 2,7 мың гектар жерге егіледі.

Журналистер Президенттің 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы- тәуелсіздік кепілі» атты тарихи сөзіндегі «Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз» деген сөзіне орай: «Ауыл адамдарының субсидия алуына қандай жеңілдіктер қарастырылып жатыр?» деген сұрақ қойды.

–Үкімет тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия беру ережелерін қайта қарастырып жатыр. Біз де аудандарға, ауылдарға барып тұрғындармен кездесіп, субсидия алу барысындағы кедергілер, құжат толтыру, анықтамалар жинаудағы олқылықтар туралы сұрап-біліп, сол деректерді сараптап, пікірлерімізді министрлікке жолдадық. Ереже жобасы әбден талқылануда. Демек, жеңілдіктердің болары сөзсіз, – деп жауап берді бұған алаң қонағы.

Келесі сұрақ ауыл шаруашылығы саласына жастардың бармауы, ауылда тұрақтамауы жөнінде болды.

–Ондай проблема бар. Дегенмен, бүгінгі таңда біз бірқатар жоғарғы оқу орындары, колледждермен келісім-шартқа отырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығына қажетті агроном, зоотехник, мал дәрігері, механизатор сияқты мамандықтарға гранттар бар. Соның өзінде сол мамандықтарға жастардың баруы мардымсыз. Алайда, мәселені дұрыс ұйымдастырып отырған шаруашылықтар да бар. Жақсы жалақы тағайындап, үй беріп, мал беріп, қолдау көрсетіп, жастарды қызықтырып отырғандардың ісі өзгелерге үлгі болары анық, – деді бұл орайда Еркеш Әленов.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар