Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сот істерінің 17 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған - АРҚА АЖАРЫ

Сот істерінің 17 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының бастамасымен және Мемлекет басшысының қолдауымен бірқатар заңдарға өзгертулер енгізілген болатын. Соның арқасында соттарда қаралған істер мен материалдар саны соңғы төрт жылмен салыстырғанда едәуір азайып, судьялардың жүктемесі 4 есеге дейін төмендепті. Ал, соттарда қаралған істердің небары 17 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізілген. Бұл тәуелсіз Қазақстан республикасы үшін үлкен сын. Бұл туралы облыстық соттың төрағасы Досжан Әмір өңірлік коммуникациялар қызметінде өтеен брифингте айтып берді.

Сотқа деген халықтың сенімін арттыру, сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігін, сот шешімдерінің сапасы мен судьялардың біліктіліктерін арттыру бағытында Ақмола облысының соттар қауымдастығы көптеген іс-шаралар атқаруда. Облыстық соттың төрағасы кейбір заңдарға енгізілген өзгертулерге байланысты елімізде сотта қаралатын істер мен материалдар саны соңғы 4 жылға қарағанда 4 есеге дейін азайғанын ерекше атап өтті.

–Елімізде заң үстемдігін орнату бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – соттардың жүктемесін азайту мәселесі. Әрине, сапа мен санның қандай қатынаста болатынын білеміз. Мәселен, 2018 жылы облыс соттары 166077 іс қараса, әр судьяның жүктемесі 162 істен болған, биыл сотта 40 мыңнан астам іс қаралып, әр судьяға 43 істен келіпті. Бүгінде облыстық соттарда қаралып жатқан істердің сапасына келетін болсақ, республикалық көрсеткіштерден анағұрлым жақсы, орташа көрсеткіш деңгейінде. Әрине, кемшіліктер бар, өрескел заң бұзушылықтар болып жатса, судьяларды жауапкершілікке тартамыз, –деді Досжан Әміров.

2020 жылы 4 судья іс қарау кезінде жіберген қателіктері бойынша жауапкершілікке тартылса, былтыр 3 судья жазаланыпты. Соңғы жылдары елімізде судьяларды тазарту мақсатында бірқатар іс-шаралар жасалып жатыр. Соңғы төрт жыл ішін 134 судья жауапқа тартылыпты. Өз еркімен жұмыстан шығып жатқандары да көп көрінеді.

Облыстық сот былтыр 1223 қылмыстық іс, аппеляциялық сатыда 321 іс қарапты. Олардың 359-ы ұрлық, 117-сі көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамның басқаруына жол беру, 112-сі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 89 іс есірткі, психотроптық заттарды өткізу заңсыз жұмыс істеу бойынша сотта қаралған. Жалпы сотталғандардың 44,7 пайызы бас бостандығынан айырылған екен. Республикада Ақмола облысы бас бостандығынан айырудан ең жоғары көрсеткішке ие.

–Бұл көрсеткіш республикада біздің облысқа қарағанда 7-8 пайызға төмен. Бізде жоғарылап тұрғанының басты себебі – масаң күйде көлік жүргізетін азаматтардың тәртібі мен масаң күйде көлік жүргізіп бір немесе бірнеше адамның өліміне алып келуіне байланысты шығарылады. Орташа және жеңіл қылмыс түріне жатса да, қоғамға келтіретін зиянын ескере отырып, осындай қатаң жаза тағайындап отырмыз, –деп түсіндірді сот төрағасы.

Өткен жылы қылмыстық істерге байланысты 6 адам ақталыпты, бұрнағы жылы 1 адам болған екен. Азаматтық істерге келсек, сапасы республиканың орташа деңгейінде орындалып, 15 мың іс қаралыпты, ал құқық бұзушылық істері 13 мыңнан асып жығылады.

Әкімшілік рәсімдік — процестік Кодексі – жаңадан енгізілген заң, жаңадан енгізілген тәртіп. Бүгінде оған қатысты сұрақтар өте көп. Қарапайым халық пен билік арасындағы дау-жанжалдар осында шешіледі. Осы уақытқа дейін талапкер болып халық келсе, билік олардың 15 пайызының ғана талабын орындаған болатын. Енді әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексті қабылдай отырып, әрі дамыған басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделей келе, облыстық сот алдағы уақытта түсетін талаптардың 85 пайызын халық игілігіне орай шешуді мақсат тұтқан. Бұған ақырындап қол жеткізіліп келеді. Жаңа Кодекс қабылданғаннан бергі 6 ай ішінде бұл бағыттағы істердің 48 пайызы халық игілігіне орай шешілсе, біздің облыста 40 пайызға қол жеткізілген, яғни көздеген мақсаттары нәтижесін беруде.

–Қоғамдағы айтылып жүрген үлкен мәселенің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі. Кеше ғана 30 жылдығымызды атап өттік, десе де Ата Заңымыз айшықтап берген мемлекеттік тілді өзінің төріне отырғыза алмай келеміз. Ащы да болса шындық осы. Елімізде қабылданған 3 мыңнан астам заң болса, солардың небары 2-еуі ғана қазақ тілінде қабылданыпты. Бұл әділеттілікке де, заңдылыққа да жатпайды. Сондықтан, заң шығару орган ретінде Парламентке өкпеміз қара қазандай. Ал, енді атқарушы органдарды, билік өкілдеріне келетін болсақ, үлкенді-кішілі жиындардың барлығын орыс тілінде жүргізеді. Бір-біріне жолдайтын хаттарының ілеспесінен өзгесін орыс тілінде жолдап, мемлекеттік тілде орындалды деп статистиканы шығара салады. Кімді алдап жүрміз?! Облыс соттары қараған істердің де 17 пайызы ғана қазақ тілінде өткен. Республикада бұл көрсеткіш 24 пайыз. Бұл біз үшін үлкен сын, –деді сот төрағасы Досжан Әмір.

2016 жылы мемлекеттік тілде қаралған істердің көрсеткіші 1,3 пайыз ғана болыпты. Жалпы, қылмыстық істер бойынша 30-бап бар. Онда ҚР қылмыстық істер тек қана мемлекеттік тілде қаралуы тиіс деп көрсетілген, ал азаматтық істер бойынша қаралатын талаптар азаматтардың еркіне байланысты. Сот төрағасының айтуынша, тергеуші органдар шағымданушы азаматтардың құқы мен заңды түсіндіріп, істі талапкердің еркі бойынша қарауы тиіс екен. Сондықтан, сот кейбір қазақтарымыздың ар-намыстарына басып, мемлекеттік тілде істі жүргізуге бағыттап жатқанын жасырмады.

-Мемлекеттік тілді түсінетін кейбір өзге ұлт өкілдеріне де істі мемлекеттік тілде жүргізуге талап қойып жатырмыз. Кейде істі мемлекеттік тілде жүргізгенде аудармашы әкелу керекпіз. Бүгінде білімді аудармашылар аз, әрі олардың жалақылары өте төмен, деп түсіндірді мән-жайды Досжан Сарманқұлұлы.

Брифингте шешен БАҚ-пен өзара қарым-қатынас және әлеуметтік желілерде атқарылатын жұмыстарына да жан-жақты тоқталды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар