Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Президент Қ.Тоқаевтың ұлттық телеарнаға берген сұхбаты жаңа қоғамдық келісімге негіз - АРҚА АЖАРЫ

Президент Қ.Тоқаевтың ұлттық телеарнаға берген сұхбаты жаңа қоғамдық келісімге негіз

Президент Тоқаевтың  Қазақстан ұлттық  арнасына берген сұхбаты ең алдымен Ел аудиториясына арналды. Біздің ойымызша, Президент сұхбатында қаңтар басында елімізде орын алған, соңы орны толмас қанды – қасіретке ұласқан халық толқынысына байланысты пайым-ойларын Қазақстан халқының ой-талқысына салды деуімізге болады. Қарап отырсақ осы оқиғалардан кейін қоғам да бір сілкініп, ел дамуына билік те жағаша көзқарас керек екенін түсіне бастағандай ма, қалай.Ел аузында «қанды қаңтар» атанған оқиға, оның себебінен туындаған әлеуметтік-гуманитарлық жағдайлар әрбір саналы,ары таза азаматтарға ой салып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, осы бір халқымыздың басына ауыр ауыр сын сағаты түсіп тұрған заманда жадағай арзан қолпаштан гөрі, салиқалы сындарлы ой-көмегімізді жасай алсақ, ел-мемлекет мүддесіне қызмет қылғанымыз болмақ. Осы сұқбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көптің көкейінде жүрген өткір сұрақтар қойылғанына жұртшылық куә болды. Ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматтарының бостандықтары заңды құқтарының кепілі болып отырған Президент  осы  қағиданың бұлжымай сақталатынына, азаматтардың әрбір ісі мұқият қаралып,тексерілетініне кепілдік берді. Ең бастысы бейбіт шерушілер мен бұзақылық жасағандардың аражігін,ақ-қарасын анықтауға тиісті орындарға тапсырма бергені, түрлі қоғамдық зерттеу-тергеу комиссияларының жұмыс жасауына мүмкіндік берілгені  жөніндегі мәлімдемелері де жұртшылықтың көңіліне қонымды болып шықты деп санаймын.

Ел Президентінің қаңтар халық толқынысының өзегінде сонғы жылдары қалыптасып қалған әлеуметтік теңсіздіктен, аз ғана ат төбеліндей –олигополиялық топтың ел байлығын жеке –дара монополды түрде иеленіп алуы салдарынан бәсекелестік ортаның жойылуы,қымбатшылықтың белең алуы сияқты себептерден шыққанына назар аударды. Орын алған қайғылы жағдай Қазақстан халқының барлық әлеуметтік топтарына, соның ішінде өзіне де ащы сабақ болғанын ашып айтты. Біздің оймызша, мемлекет басшысының осылайша арыла сөйлеуі – жаңа саяси басшылық стилінің бастамасы деп болжауымызға болады.  Осы ретте қаңтарға дейінгі Қазақстан қоғамында орын алған еңбекке деген тоғышарлық көзқарас, шикізатты шаш етектен оңды- солды пайдаланудың тоқмейілсізлігі,рухани кесел, жалаң жұтаңдық өкінішке орай қалың қауым мен  зиялы қауым арасында әлі де орын алып отырғанын мойындаумыз керек. Осы ретте тілші Қасым-Жомарт Тоқаевтың ата-анасы туралы естелік кітабы бойынша бір пысықайлардың фильм түсіруге үлгеріп жатқаны туралы да сұрақ қойылған кезде, Президент өзінің бұл тірлікке еш қатысы жоқ екендігін ашық жария қылды. Осы орайда, біздің ойымызша биліктегі астамшылық, қара халықтың мүддесін ойламаушылық тудыратын,қоғамға үлкен кеселді іс жасайтын өміріміздің кескін-келбетінде, билік сарынында алғышарттар болмаса  керек. Меніңше осындай қоғамдық мінез-құлықтан арылған кезде ғана бізде жоғары сападағы азаматтық қоғам қалыптастыруға  жол ашылады.

Саясат тарихи дамудың  белгілі кезеңіндегі  реалды әс-әрекеттің мүмкіндігі ғана. Қоғамда көп талқысы мен сынына ұшыраған Президент Қ. Тоқаевтың ол- ҰҚКҰ (ОДКБ) әскерін елге кіргізу туралы шешімі болғаны Қазақстан жұртшылығына аян. Алайда, бұл жағдай аса ауыр саяси дағдарыс салдарынан туындағанын ол күштердің елге бірде-бір оқ атпай тек стретегиялық нысандарды бақылау-күзетке алып, лаңкестік күштердің бетін қайтаруға сеп болған сес көрсететін күш болғандығын ерекше атап өтті.  Осыған байланысты біздің ойымызға оралатыны сын сағаты туғанда Ел Президентін қолдайтын нақты күштер мен кадрлардың болмауы айқын көрінді. Оның басты себебі барлық мемлекеттік қызметтер саласындағы кадрлардың жаңа өзгерістер мен мүмкіндіктерге бейімделмеуі, дайын еместігі ме деймін. Ол жағдайды Президент жақсы түсінеді, осыған байланысты жаңа кадрлар резервін дайындап жатқаны да белгілі. Бұл Президенттің ішкі саясатындағы оң құбылыс деп білемін. Тек бұған біздің алып-қосарымыз мемлекеттік қызметке жастарды, жаңа кадрларды көптеп тартуды Президент батыл жүргізген сайын, халықтың Жаңа Қазақстанға, оның реформаларының нәтижелі болатынына сенімдері молая түсер еді.

Қаңтардағы халық толқынысынан кейін ел-жұрт Қ. Тоқаевтан елді жедел дамытатын түбегейлі өзгеріс-реформаларын талап етуде. Қазақстан қаңтардан соң зор қозғалысқа келді. Жұртшылық арасында түбегейлі саяси- әлеуметтік өзгерістерді қысқа уақыт ішінде күту феномені пайда болды. Осынау жылдары әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеп,жиналып, қордаланып қалған проблемалар салдарынан халықтың билікке деген сенім-кредиті мерзімі білген кісіге тым қысқарып отырғанына сергектікпен қараған жөн. Сол себепті де, Президенттің Елдегі саяси реформаларды күзде емес, қазақтың жыл басы- Наурыз айында жариялаймын деуі де  осыған меңзейтін сияқты.

Еліміздегі түрлі саяси күштер реформалардың түрлі нұсқаларын ұсынуда.Біздің ойымызша мыңнан астам түзетулер енгізілген 1995 жылғы Конституция өзінің маңыздылығын жойып тынған сияқты. Елдегі реформалар Конституциялық заң аясында, халықтың кең қолдауына ие болу жолымен жүрсін десек, бір жағынан уақыт тарлығына байланысты 1993 жылғы Конституцияны қалпына келтірейік деген ұсыныстар да, әр түрлі бағыттардағы даму жолын ұсынып жатқандар бар. Асықпайық. Аптықпайық. Қолдайық. Сенейік.

Біздің ойымызша, Президент билікке келген сәттен қолға алынған реформаларды ендігі жерде мақсатты түрде жүзеге асырудың, халық ішінен іріктеліп шыққан жаңа лидерлердің көмегімен бұрынғыдан табысты жүзеге асырудың мүмкіндіктері туып тұр деп санаймын. Ол Президент жанынан құрылған «Қоғамдық Кеңес» (НСОД) құрамын жаңалау, кеңейту қажет деп санаймыз. Тіпті, АҚШ-та «Ұлы депрессия»  кезінде Президент Рузвельт ерекше өкілдіктер берілген «Экономикалық кеңес»  сияқты органды құрған болатын.  Қоғамдық Кеңес жұмысының табысты болуы оның сапалық құрамы мен нақты өкілеттіктеріне тікелей байланысты. Президент Қ. Тоқаевқа ескіден мұраға қалған жеке мүдделері капиталмен астасып кеткен консервативті кадрлармен «Жаңа Қазақстанның» реформаларын іске асыру мүмкіндігі өте төмен болуы мүмкін. Сондықтан өкілеттіктері кеңейтілген,сапалық құрамы жаңартылған «Қоғамдық Кеңес» реформаларды пәрменді түрде жүзеге асыруға қабілетті тетік болары сөзсіз деп білемін. Тарихта Еуропаны алғаш рет күшпен біріктірген Наполеонның жұлдызының тая бастаған себаебі оның өмірбаяншыларының жазуына қарғанда, қасында мынауың қате деп айтатын бір адам қалмай, шылғи мадақшылар қалған тұстан басталды деседі…

Мықты саяси тұлға ешқашан да сындарлы сыннан да,саяси бәсекеден де қорықпайды,керісінше оны ол қоғам,ел-халық үшін үлкен нәсіп пен береке екендігін тамаша түсінеді.  Қазақ халқы ежелден еркіндік сүйгіш өр халық. Ол халықтың ішінде қаншама қажырлы,еңбекқор дарынды адамдар мамандар бар. Президент Қ. Тоқаев өз сұхбатында айтып өткендей Халық –мемлекет үшін емес, мемлекет –халық үшін қағидаты үстемдік құруы керек. Жұмыла көтерген –жүк жеңіл дейді — дана халқымыз. Осы бір Ел тағдыры таразыға түскен уақытта,ұлтымыздың жасампаздық потенциалын іске қоса білу арқылы ғана жоғары сапалы экономикалық әлеуетке, билік пен қоғам арасындағы гармониялы қоғамдық келісімге келуге болатыны айдан  анық.

Тоқсан ауыз сөздің – тобықтай түйініне келер болсақ, бұрынғы қоғамдық келісім қаңтардағы халық толқынысынан соң өзінің саяси маңызын толықтай жойды. Ендігі жерде Президент Қ. Тоқаевтың жаңа саяси миссиясы ол Ел, қоғам үшін елді бірлікке келтіретін жаңа қоғамдық келісім жасау жігерлі саяси-экномикалық реформаларды қысқа мерзім ішінде іске асыру. Жаңа қоғамдық келісім болашақта Қазақстандағы билік пен ұлттық байлық игіліктерінің бір қолға түсіп кетпеуінің, халқының теңдікте, бақуатты жағдайда өмір сүруінің бірден-бір кепілі болады деп білеміз. Қазақстанның болашағы зор да жарқын екендігіне бүгінгі таңда әр қазақстандықтың үміт-сенімі мол. Осы мақсатты реформаларды жүргізудегі Президент Тоқаевтың басты тірегі де,одақтасы да тек оның өз халқы.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар