Ақмола облыстық әділет департаменті халыққа құқықтық көмек көрсетуге қатысты түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Департамент бұл іс-шараларды адвокаттардың, нотариустардың, заң консультанттарының және жеке сот орындаушыларының қатысуымен өткізеді. Біздің жұмыстарымыз көзбе-көз және интернет-ресурстар арқылы да жүзеге асырылады.
Еліміздің Конституциясының 13-бабында әрбір азаматтың қорғалу құқығына кепілдік берілген. Бұл нені білдіреді? шын мәнінде, мұны көпшілігі түсіне бермейді. Азаматтың адвокаттың, нотариустың немесе құқықтық қорғаудың басқа субъектісінің қызметтерін ақылы негізде пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде өмірлік қиын жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайларда мемлекет оған кепілдендірілген заң көмегін тегін, өз есебінен береді.
Бұл көмекті ақысыз негізде кім ала алады немесе оны алуға өтініш бере алмаған жағдайда ол үшін қайда бару керек? Соған қысқаша түсінік берсек. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процестер барысында ұсынылады. Ол оны алуға құқығы бар жеке тұлғаларға көрсетілуі мүмкін. Орталық атқарушы орган мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Біздің облыс аумағында Ақмола облысының Әділет департаменті осындай жұмыстар атқарады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық ақпараттандыру және құқықтық консультация беру, соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау мен білдіру, жеке сот орындаушыларының алименттер мен жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауы бойынша мәжбүрлеу шараларын қабылдау түрінде көрсетіледі.
Жеке және заңды тұлғалар мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпараттандыру түрінде тегін алу құқығына ие. Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғаларға құқықтық консультация беру, олардың мүдделерін қорғау және білдіру мынадай санаттағы адамдарға көрсетіледі. Олар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалар, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес талап қоюшы, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес күдіктілер, айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, ақталғандар, жәбірленушілер болып табылатын адамдарға арналған. Адвокат, егер қажет болса, жазбаша түрде құқықтық сипаттағы құжат жасай алады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде, сондай-ақ адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары көрсетеді. Егер өтініш беруші оны алуға құқығы бар адамдар санатына жатпаған және өтініш берушінің өтініші құқықтық сипатта болмаған жағдайларда, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
2020 жылдан бастап елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясатын ескере отырып, мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі енгізілді. Осы жүйенің артықшылығы адвокаттық қызметті және Заң консультанттарының қызметін автоматтандыруды көздейтін заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жөніндегі «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерін іске асыру болып табылады.
Кез келген жағдайда тегін заң көмегін көрсету мәселелері бойынша түсініктеме алу үшін біздің облыстың кез келген азаматы тікелей өзі Ақмола облысының әділет департаментіне немесе департаменттің ресми сайтында көрсетілген телефондарға қоңырау шала алатынын атап өткім келеді.
Әділбай ЕРЖАНОВ,
Ақмола облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру және заңды мемлекеттік қызметтер
бөлімінің жетекшісі.