Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі жанынан құралған «EL jastar» эксперименттік лабораториялық жастар театры Керен Климовскийдің «Менің әкем…» атты шығармасын сахналады. Қоюшы режиссері Фархадбек Қанафин, орыс тілінен аударған Серік Жетпісқалиев, суретшісі Әуез Жеңіс, киім үлгісінің суретшісі Зайра Мухаева, биін қойғандар Дана Сағынаева мен Дәурен Шағыров.
Бұл театр 2019 жылы, елімізде осы жыл «Жастар жылы» болып аталған жылы жас театр танушы Хакім Хасамбай (театрдың алғашқы арт директоры), жас ақындар Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбайдың бастамасымен құрылған болатын. Жастар көтерген игі идеяны қолдап, көмек көрсетіп, жанашыр болған «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесі және жоғарыда аталған колледж директоры Құралай Ыдырысова. Қазір Арт директор Ерден Нұрмұхамет. «Менің әкем…» – жастар театрының бесінші қойылымы. Бұған дейін «EL jastar» «Арандар кеңесі», «Асқар мен асық», «Бір түп жусан», «Жастықтың оты қайдасың?!» сияқты қойылымдарды сахналаған, бейнероликтер түсірген, аудио кітаптар оқыған. 2019 жылы халықаралық «Балауса» жастар фестивалінде «Армандар кеңесімен» Ақтөбе қаласы әкімінің арнайы сыйлығына және «Өзекті сахналық тілді іздегені үшін» жүлдесіне ие болып, 2020 жылы Алматыда өткен жас театрлар арасындағы сайыста Абай өлеңдерінен құралған «Жастықтың оты қайдасыңмен» екі бірдей жүлделі орынды жеңіп алғандары тағы бар. Мұның бәрі ұжымның өсіп-жетілуінің, курстан-курсқа көшіп, алды оқу орнын бітіріп кетіп отыратын актерлермен жұмыстың тиімді үрдісі қалыптасқанының айғағы. Сөйтіп, студенттер өздерінің теориялық білімдерін тәжірибемен толықтырып, шыңдалады. Екіншіден, дайындықтар арқылы шығармашылық өмірдің ыстық-суығын сезіне бастайды. Демек, шәкірттердің оқу сапасын жетілдіре түсуге жастар театрының оң әсері көп. Бұл жолы да қойылымның екінші құрамы қатар дайындалған. Олардың өнерін көрермен екінші күні тамашаламақ.
Негізі күрделі әңгімеге құрылған , оғаш қылығы, тосын оқиғасы мен тартысы аз шығарманы тәжірибелі режиссер неше түрлі би элементтерін, қимылдарды, актерлер пластикасын, көпшілік сахналарды ұтымды пайдалана отырып, тартымды қылып шығарған.
–Мәтіні көп, баяндауы мол шығарма болған соң, қойылымды Брехт стилінде сахналадық. Көріністер тез ауысады. Би, қозғалыс көп. Сол арқылы көрерменді жалықтырмау, айтылар ойды жеткізу көзделді. Ал, қойылым идеясына келер болсақ, тақырып әке мен бала қарым-қатынасы, сондай-ақ, есейгісі келмейтін, мойнына отбасы, бала-шаға, тағы басқа жаупкершілікті алғысы келмейтін, бала болып қала бергісі келетін адамдардың түсініктері туралы. Бүгінгі адамдардың қиял-ғажайыпқа сенуден қалып бара жатқаны да сөз болады, – дейді режиссер Фархатбек Қанафин.
Ал, жас актерлер ойынына келер болсақ, әкені Олжас Комас, ананы Мөлдір Жантемір, баланы Серуен Жаңанұр, әңгімешіні Марат Сәрсембаев, мұғалімді Бибінұр Қайырбекқызы сомдады. Алдымен, актерлер өз кейіпкерлеріне, болып жатқан оқиғаға көрерменін сендіріп, қызықтыра алды. Екіншіден, сахнадағы оқиғадан тыс қалып, сүрініп, мәтіннен жаңылып, олқы соққан жерлері болған жоқ. Дикциялары анық, сөздері түсінікті, кейіпкер аз болса да сахна үнемі толық көрінді. Көрерменін оқиға желісінен айырмауға актерлердің бишілік өнерлері, тал шыбықтай иілген қиымылдары көп көмек болған сияқты.
–Актер өнерінің қиындығы мен қызығын балалар осы жерде-ақ көріп-біліп, түсіне бастайды. Сол мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Ал, үлкен актер атанамын, кәсіби сахнада өнер көрсеткім келеді деп, осы кәсіпті таңдап, бел буған шәкірттерге театр есігі ашық, – деді қойылымнан кейін тілдескенімізде Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ драма театрының директоры Жарас Қалдаров.
«Менің әкем…» жастардың өз бастамаларымен құрылып, сапалы қойылымдар қойып, үнемі ізденістер үстінде екендігін көрсетіп келе жатқан «EL jastar» театрының әлі талай шығармашылық биіктерден көріне беретінін дәлелдегендей болды. Ендеше, іске сәт! Премьера құтты болсын, жас актер!
Ақтөре Бұхардан.
Көкшетау қаласы.