Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ән аға – Шәмші аға - АРҚА АЖАРЫ

Ән аға – Шәмші аға

Жақында «Көкшетау» мәдениет сарайында композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән аға – Шәмші аға» атты облыстық фестиваль өтті. Бұл фестивальға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген әнші-өнерпаздарымыз қатысты. Қазақ даласын әнмен тербеткен Ш.Қалдаяқовтың әндерінсіз ешбір мереке де, ешбір той-думан да өтпейді. Оның әндерін жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал, «Шәмші аға» деген сөз «ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткелі қашан?!

Шәмші Шымкент облысы Отырар ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Оның әндері республикамыздың қай өңірі болмасын, әнсүйер қауым арасында барынша кең тараған. Ән өнерінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Еліміздің кең-байтақ даласында қалықтаған махаббат пен сағыныш сезіміне толы Шәмші әуендері енді 21 ғасыр әлеміне бет алып, әуелей беретіні ақиқат.

Шәмші аға пианиноны да, домбыраны да керемет меңгерген композитор болған. Ән жазудағы табысы үшін 1965 жылы Қазақ КСР Ленин комсомолы сыйлығын алды. 1991 жылы оған кеш болса да, Қазақстан Республикасының халық әртісі атағы берілді. Табиғат ерекше дарын берген дара тұлға – Шәмші Қалдаяқовты қазақ баласы әлемнің қай қиырында да есінен шығармас. Шәмші әндері кеші Бурабай ауданындағы «Көкше әуендері» халықтық фольклорлық ансамблінің өнерімен басталды. Фестивальға Шортанды ауданынан Асхат Бөлебаев «Аққулар ұшқан Ақсудан», «Аршалы ауданынан «Nomad» квартеті «Сүймегендер сағынбайды», Жарқайың ауданынан «Назқоңыр» халықтық вокалдық тобы «Қайдасың» әндерімен келген екен. Бұл әндердің бәрі де көрермендерге өте ұнай түсті.

Облыстық фестивальға Бұланды ауданының күміс көмей әншісі Жарқынбек Нұрсұлтан «Ағаларға ұқсаймыз» әнімен қатысты. Өнер кешіне Степногорск қаласы, Ақкөл, Зеренді аудандары мен облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосының әншілері де ат салысты.

Мазмұнды ән кешінің соңында кеш қонағы, көпшіліктің сүйікті әншісі Ақбота Керімбекова «Махаббаттың куәсі», «Аппақ гүлдер» әндерін тамылжыта орындады. Ал, кештің өзі барлық қатысушылар бірігіп шырқаған «Бақыт құшағында» әнімен аяқталды. Кеш соңында барлық қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Сөйтіп, Шәмші ағамыздың қазақ өнерінде алатын ерекше орнын тағы бір айғақтаған фестиваль көңілдерге қуаныш сыйлап, өз мәресіне жетті.

Қарлығаш Қарпықбаева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар