2022 жылдың 1 сәуірі күні сағат 18.30-да Ақмола облысының Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының» әртістері мен шығармашылық ұжымдары «Қазақтың еркелеткен бір қызымын» атты концертін ұсынады. Аталған ауқымды шара ҚСРО мен Қазақстанның «Халық әртісі», «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына арналып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, ел Үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы қаулысына сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» Роза Бағланованың есімі берілді.
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін бұлбұл әншінің мерейтойы осы жылдың 1-наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Концертте Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Дінисламбек Жайлаубай, Бибігүл Жанұзақ секілді танымал өнер майталмандарымен бірге «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Роза Бағланованың репертуарынан әндер шырқалмақ.