«Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концертте «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының» әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Сахна төріне Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Дінисламбек Жайлаубай, Бибігүл Жанұзақ секілді танымал өнер майталмандарымен бірге «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі шығып, күміс көмей әнші Роза Бағланованың репертуарынан әндерді шырқады.
«Роза Бағланова – аңыз-адам, қазақ эстрадасының, қазақ өнерінің жарқын жұлдызы. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» оның есімі беріліп отыр. Роза Бағланованың есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», — дейді Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚСРО мен Қазақстанның «Халық әртісі», «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, ел Үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы қаулысына сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» ұлы әншінің есімі берілді.
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін бұлбұл әншінің мерейтойы осы жылдың 1-наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласынан бастау алған гастрольдік сапар СҚО, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады.