Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі әнші Еркін Біржановтың туғанына – 80 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі әнші Еркін Біржановтың туғанына – 80 жыл

Күркіреген күндей Еркін әнші

Қамшының сабындай қысқа, қайран, өмір-ай! Аяусыз ажал ортамыздан Көкшенің асыл азаматы, талантты әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңген мәдениет қызметкері Еркін Біржановты алып кеткелі біраз болып қалды. Әлі де «Иран, тоқтай тұр, үйге бірге қайтайық» деп Көкшетаудың орталық көшесінің бірінде дауысын естіп қалатындай елеңдеймін. Ол Талдыкөл дейтін әкемнің нағашы елінен еді, көп жыл ауыл шаруашылығында жүргізуші болды.

–Мен әндерімді машинаның гүріліне қосылып кең далада шырқаушы едім, – дейтін.

–Ты баритон что ли? – деп гүр ете қалғанда, жиналған жұрт селк ете қалып, бір мәз-мейрам болатын. Одақ кезінде Мәскеудің Үлкен Кремль сарайында өткен Кәсіподақ Кеңестерінің съезінде ән шырқап келгеннен кейін ел арасында біздің Еркін екінші Ермек Серкебаев деп тараған лақап аты да оның беделін өсіре түсті. Әзілшіл, ақжарқын Еркін әнімен Көкшенің өнеріне көп үлес қосты. 1987 жылдың жазында Алматыда Қазан төңкерісінің 70 жылдығына арналған облыстар фестивалі өтті. Сонда жиналған жұрт Көкшетау облысының өнерпаздарының әншілігіне таң қалып, «Бұлармен тек Павлодар облысы ғана өнерімен таласа алады екен» дегенді талай адамнан естідік. Сол кезде Көкшенің ата-баба өнерін жаңғыртатындай Көкен ақын бастаған үлкен өнерпаздар тобы бар еді. Олар – Кәрім Ілиясов, Сайран Мағзұмов, Анатолий Любинский, Еркін Біржанов, Бисара Мәкенова, Любовь  Әділова, осы естелікті жазып отырған мен. Осылардың ішінде Еркін інім ерекше көрінетін. Кезекті бір концерттен кейін риза болған Көкше қызы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева бізді үйіне қонаққа шақырды. Біз Еркін екеуміз бардық. Еркін Көкшетауда Қапашпен мектепте бірге оқыған екен. Естен кетпейтіндей тамаша көңілді отырыс болып еді. Қолымыз бос уақытта көрікті Алматыны араладық. Ініміздің бір әдеті бар еді, ол дүкендерді аралау, көп нәрсе алмаса да бәрін қарап, көру, біз ере-ере шаршайтынбыз. Осы әдеті қалмайтын, бірде Көкшетауда мені бір жерге тұрғызып:

–Мен қазір мына дүкенге кіріп шығайыншы, алатын нәрселерім бар еді, – деді. Содан көп кідірді, мен біраз уақыт тосып қалдым. Еркін келіп, маған таяна бергенде бір танысымыз:

–Жігіттер, бұл не тұрыс? – деді. Мен:

–Жүреміз біз дүниені ән қылып,

Өнерпазға бұл жағдай – заңдылық.

Соңына ерсең Еркінжанның әрқашан,

Қалдың дей бер айдалада қаңғырып, – дедім әзілдеп.

Осындай әзілдерді ол жақсы көруші еді, мені әдейі сөйлеткісі келіп,  әңгімеде әзілінің бір ұшқынын шығарып тұратын. Жасы менен кіші болса да, онымен тайдай тебісіп ойнайтын құрбылардай жарасушы едік. Өзі қайнар бұлақтай халық арасынан шыққасын, халық шығармашылығы өнеріне үнемі қызығушылық танытатын.

–Иреке, сендер ақынсыңдар, қысылып тұрғанда сөз тапқырлығымен адамдарға көмектесіп жібересіңдер, иә?! – деп бір күні жымия қарады.

–Не боп қалды? – деуім мұң екен,

–Мына дүкенде Әсима атты бір жақсы қыз жұмыс істейді, қарызға ақша алып тұрушы едім, әлі қарызым бар, бірақ, қауырт 1500 теңге ақша керек боп тұр, сен ақындықпен бір ауыз сөз айтсаң қайтеді? – деді. Мен жүр дедім. Әсимамен амандасқаннан кейін:

–Еркінжан Әсиманы еркем дейді,

Сұлулығы Көкшедей көркем дейді,

Тап қазір 1500 теңге қарыз берсе,

Қайырамын, оллаһи, ертең дейді, – дей беріп едім, бағы жанғыр Әсима жүгіре жөнеліп кассаға барды да, Еркінге ақшаны ұстата салды.

Өзі тірі кезінде менің шығарған әндерімді орындап, насихатшы болды. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазған «Ақ қыздар» әнім, өзімнің сөзіме шығарған «Жаңа ғасыр ХХІ» деген әнім репертуарынан орын алды.

Менің әншілік өнерімнің дамуына тілегін қосып. «Сенің дауысың бар, аузыңды ашыңқырап барып шырқа», – дейтін еді марқұм. Менен өмірдің үлгі-өнегесі, бастан кешкенім туралы көп сұрап, әңгіме тыңдауға ерінбейтін. 63 жасқа толғанда, облыстық филармониядан бірден зейнеткерлікке шығарып, есептескеніне біраз налып жүрді. Ол әншілік бабында болатын, әлі де біраз жыл Көкше өңірін әнге бөлеуге мүмкіншілігі бар зор талант еді. Өле-өлгенше анда-санда шамалы беретін тиынына қарамай, әншілік өнерін филармонияда жалғағандай болып, концерттеріне қатысып жүрді.

Адамгершілігі мол, ақжарқын мінезімен, әншілік диапазоны кең өнерімен, дауысының екпінді күшімен, әдемі бояуымен Еркін жанасқан жанның бәрін бауыр етті. Өнерді жанындай жақсы көрген әншінің ұрпақтары да бүгінде әке өрнегін, өшірілмес тарихтағы ізін жалғап келеді, олар – Көкше өңіріндегі белгілі музыкант ұлдары Сәкен, Дәурен.

Еркін інім, досымның қазасы бізге көктен түскен жайдай болды. Оны ақтық сапарға шығарарда мен де сөз алып, ішімнен жыр боп шыққан қайғымды төктім.

Көкшеде тума талант, әнші Еркін,

Көкшедей көрінуші ед келбет-көркің.

Көкшенің күркіреген аспанындай,

Қосып ед дауысың елге жігер, серпін.

 

Мінекей, сен де кеттің арамыздан,

Кетпейсің бірақ мәңгі санамыздан.

Сал-сері үнін жалғап туа берсін,

Өзіңдей дархан дарын даламыздан.

 

Жүруші ек әнді шырқап, күліп-ойнап,

Әндетсек құлпырушы ед Көкше жайнап.

Батырдай алғы шепте тұрушы едің,

Туған ел көтергенде әннен байрақ.

 

Сап, көңілім, тағдырға адам бағынады,

Көл болып көздің жасы ағылады.

Дауысыңды ән тербеген, жан тербеген,

Ұрпақтар талай-талай сағынады.

 

Өнерді жас басыңнан құптап едің,

Еңбекпен егіз қылып баптап едің.

Адалдық, адамдықты мықтап ұстап,

Ешкімге ренжіп, қабақ шытпап едің.

 

Мен бүгін көңіл айтам сүйген жарға,

Анаға зарлап қалған, туыстарға,

Үлгіңді болашаққа жалғастырар,

Өнерлі, тәрбие алған ұл-қыздарға.

Иә, тағдыр осылай асылдарды бізден айырады. Бұл табиғаттың заңы, бірақ, Көкше өнерінің тарихында Еркін есімі мәңгі сақталады. Кешегі аңыз болған Біржан салдың зор, қуатты, әсерлі үніндей, ән құдіретінен ұрпақтарға сепкен гүліндей Еркін әншінің дауысы болашақ өнерпаздарға нәр беріп, үлгі болары сөзсіз. Әкеден бала туар да, ата жолын қуар да, демекші, Көкше жерінде Еркіндей таланттар туа берсін. Еркін де әнші, мен де әнші, ендеше, кербез Көкше, сұлу Көкше – ән ордасындағы әнші тұлға туралы айтатыным:

Арайлап Көкшетауды талай таңды,

Жалғаған сал-серілік асқақ әнді.

Ұрпаққа жаны сүйген сұлулықты,

Сыйлаған Көкше мәңгі – әнші мәңгі!

Иран сал Тасқараұлы,

ақын, әнші, сазгер.    

 

Дауысы кең даланың самалындай…

Кезінде Көкшетаудың «Ермек Серкебаевы» атанған қайран Ерекең. Бұл жарық дүниеде  болғанда биыл сол Ерекең 80 жасқа толар еді. Бұл жалғанды әлі де жалпағынан басып жүргенде сол Ерекең  80 жасында да  киелі сахнада ән шырқап тұрар ма еді. Әрине, көрермен көптің қолқасымен. Алайда, алдамшы уақытқа  ұтылып қала беретін тағдыр сызығы деген жазмыш дүниесі бұған жеткізбеді. Ол кісінің дүниеден өткені де күні кешегідей еді, жазға салым мезгіл болатын. Көкше жұрты аяулы, ардақты азаматын күңіреніп шығарып салды. Ақтық сапарға. Одан бері де біраз жыл өтіпті-ау. Ерекең деп отырғаным көбіміз жақсы білетін бір туар әнші Еркін Біржанов.

Туа да болмысына өзгешелеу дарын бітетін адамдар болады. Асылы,  дарын һәм қабылет деген қасиет  адам жатырда жатқанда-ақ жабысып, өзімен бірге туса керек. Мұны тума талант деп жатамыз. Былайша айтқанда құдайдың ықыласы түскен пендесі. Ондай қарым-қабылетті тепкілесең де кетіре алмайсың. Өйткені, ондай қасиет  сол адамның  тәңірі берген ерекше сыйы, бөлекше олжасы іспетті нәрсе. Ал оның өмір жолына, арман мұратына қарай орайластырып, ғұмырнамасының  қыбыла бетіне қалай айналдыра алады, ол басқа мәселе. Тегінде қазақ деген табиғатынан өте қабілетті, айрықша дарынды халық қой. «Ел іші – өнер кеніші» деген  тәуір  бір сөз бар. Мұны қай заманда, кім айтты, оны білмедім. Дегенмен, дұрыс айтқан. Сол  айтқандай, ел ішінде небір дүлдүлдер болады. Тумысынан. Тұла бойымен. Өкінішке орай, солардың көбі әлгі сол жазған қасиетін, қабылетін өмірлік мақсұтына айналдыра бермейді. Енді оның себебі де әрқалай ғой. Талпыныс болса да, тайқы маңдайлық болады немесе тағдыр жолының иірім-бұралаңдары  мұрсат бермейді, тағысын тағы. Барға қанағат қылып, артық нәпақаға өңешін соза бермейтін қазақы менталитет те бар дегендей.

Біздің Ерекең де, Еркін Біржанов та ұзақ жылдар бойы қаладан шалғайда ауылда тұрып, шопырлық қызмет атқарып, жүріп алыпты. Ен даланың еркін самалымен ән жарыстырған Еркін аға әредік болса да, аудандық, облыстық, республикалық өнер байқауларына қатысып,  табиғат берген ғажап дауысын сахнада әуелетіп те жүрді. Түйе боталағандай араға біраз уақыт салып, найзағайдай жарқ етіп, күндей күркіреп  келетін зор дауысты сағынған көрермен көпшілік қошаметін аяған емес. Ерекең сол сәтте ғана өзін шын өнерпаз, шымбайлы әнші сезінетін. Сахнаны көрсе  дүбірді көріп, тұяғы қызған тұлпардай делебесі қозып,  жалы күдірейіп, аруағы ұстап шыға келетін. Ән салғанда жан дүниесі жаңаша бір рахат тауып, іші кеңіп, болмысындағы бар нәрсені сыртқа шығарғандай күй кешетін. Жеңілдеп қалатын. Табиғат дарытқан қоңыр, мақпал баритон дауыс оны талай жерлерге әйгілі етті. Сөйтіп жүріп, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атанды. Бұл да әншіге үлкен стимул һәм жауапкершілік болды. Сөйткен Еркең анау жылдары отбасымен Көкшетау қаласына біржола қоныс аударды. Анау-мынаумен қолбайлау қылдыра беретін ауылдың күйкі тіршілігі енді жоқ. Ноқтасын сыпырған  жылқыдай болып,  ауылдағы қым-қуыт тірліктің қамытынан құтылған ол  Көкшетаудағы  филармонияға әнші болып орналасып,  неше жылдар бойы жіберіп алған мүмкіндіктерінің есесін алғандай болып еді. Әншінің талғамы  мен талабы да өсті, репертуары да байыды. Ерекең филармония сахнасында тамаша әндер шырқады. Оның орындауындағы халық әні «Домбырам басы бал қурай», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», «Сұрша қызы», Мәдидің «Қаракесегі», Кенжебек Күмісбековтің «Менің Қазақстанымы»,  «Аяулы мекенімі» Темір Тайбековтің  «Жас дәурені»,  Тыныштық Шәменовтің «Көкшетауы» ерекше құлпырып,  бөлекше нәшін тауып, тыңдаушысын ләззатты бір күйге бөлейтін еді.

Ерекең жарықтық «Гори, гори, моя звезда» деген орыс романсын да тебірене орындайтын. Әнші Еркін  Біржанов облыстық филармонияның сахнасында қойылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Базарбайдың бейнесін  сомдады. Тірісінде жақсы, жақын араласқан  адамдардан, дос-жарандардан үнемі қолдау тауып, ризашылық рәуішті жылы сөздерді  жиі естіді. Әрине, ондай қолдау мен қолпаштау өнер адамы үшін керек еді. Әттең, зейнетке шығысымен филармониядан ертерек  қол үзіп қалуы Еркін Біржановтың  нәзік жанына, көлдей  көңіліне, сезімтал жүрегіне әсер етпеді ме екен деп те ойлайтынымыз рас. Қалай дегенмен тағдыр ісі дейміз ғой баяғы.

Еркін ағамен үнемі болмаса да, әредік кездесіп, әңгімелесіп,  шүйіркелесіп қалатын едік. Оның өзі ең әуелі сол Еркеңнің  адам баласын жат санамайтын үйірсектігінен, көпшіл көңілінен еді. Жасым үлкен деп бәлсінбейтін,  жайы жарасса әдемі әзілін, қағытпа қалжыңын айтып жүре беретін. Ол өз қатарластарының, достарының арасында да аса қадірлі, сыйлы болғанын көрдік. Еркінсіз олардың сауық-сайрандары, отырыстары болмайтын. Ортасының гүлі болды. Еркеңнің жүрегі үлкен, көңілі  кең  еді. Марқұмның  адами аңғалдығы, былайша айтқанда әпенділігі  де болды. Ол туралы әріптестері қызық қылып, күлкіге көміп  айтатын. Менің түсінігімде аңқаулық деген  бала мінезден, кіршіксіз жүректен, адал сенімнен болатын нәрсе. Өзі өте сенгіш еді. Қазақы қалжыңы да  риясыз, зілсіз болатын. Мен бірде  Еркеңе телефон шалдым. Бір шаруамен.  Үйден.  «Алло!» дегенімше болған жоқ, арғы жақтан «Ты тоже баритон что ли?..»  деген дауыс гүр ете түсті. Мен де жылы  жымиып, дауысымды  одан әрі жуандатып, «Да, тоже баритон» дедім. Сол-ақ екен,  Ерекең өз қалжыңына өзі балаша мәз болып күлсін келіп. Мен де күлдім. Кейін кездескен сайын осыны қайталап жүрді. Сәлемдескенде айтылар бірінші сөз осы. Сосын күлеміз. Расында көңілі таңғы шықтай таза еді. Болмысында серілік бар еді, заты әртіс қой, өзі «гламурный» киінгенді ұнататын.  Шақтап қана. Жарасып тұратын.

Сөйтіп жүрген  Ерекең сәл ертерек аттанып кете берді. Бір күні. Біржола. Соңында  әке өнерін жалғаған Сәкен мен Дәурені һәм немерелері қалды. Сол Сәкеннен әкесінің кейбір мінездерін көремін. «Бартитонның баласы» деп әзілдеймін. Ұрпақтары аман болсын. Адам ұрпағымен мың жасайды  деген қазақ. Замандасы, жақын досы  Төлеген Қажыбаев айтқандай  серінің сертке таққан семсеріндей азамат  еді. Еркін ағаның  қоңыр, мақпал үні Көкшенің көгілдір аспанын әлі де тербетіп тұрғандай сезіледі.  Дауысы кең  даланың самалындай еді ғой.

 

Ерболат Баят,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар