Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Із және Сіз» кітабынан сыр тартқанда... - АРҚА АЖАРЫ

«Із және Сіз» кітабынан сыр тартқанда…

Аңсары ауған жұрттың көбі шығарып, кітап деген таңсық болмай кеткен мына заманда «Із және Сіз» атты кітаптың да қолымызға тиер кезі келіпті. Қалың, қомақты, фотосуреттерімен көркем безендірілген. 400 беттен асады. «Самоиздатта» мұндай кесек кітаптар бұрын да болған. Бірақ, шынын айту керек, осы соңғы баспа жүзін көрген еңбектің жөні бір бөлек көрінді. Авторы Өтелбай Елбергенұлы Көкше еліне, әсіресе, Көкшетау қаласы мен оған жақын жатқан Зеренді, Бурабай аудандарына етене таныс адам. Өйткені, бұрынғы Көкшетау ауданындағы Қызылсая ауылында дүниеге келген, сонда мектепте оқып, кейін еңбегімен, өрелі істерімен осы аудан ғана емес, шетке де танылған. Қазір Көкшетау ауданы жоқ, тоқсаныншы жылдардың басындағы халықпен келіспей жасалған көптеген әсіре «реформалардың» бірінің салдарынан қазіргі Зеренді ауданына қосылып, жұтылып кеткен. Демек, енді туған ауылы сол ауданға қараған соң Өтелбай ағамызды бұрынғы Көкшетау ауданына қоса, Зеренді ауданымен де байланыстыра сөйлегеніміз жөн ғой деп отырмыз.

Міне, еліне әр қырынан еңбегі сіңген тұлғалы азаматтың «Із және Сіз» кітабы осы бүгінгі Зеренді ауданындағы туған елді мекенінің тарихынан бастау алады. Біз оқып, танысып, жақсы кітаптар санатына қосқан (басқалар да солай), бұл еңбек несімен тағылымды? Біріншіден, автор бұл кітапты бастан-аяқ осындай кітап жазатын журналист ағайындардың қолына тапсырып қоймай, оны барынша өзі санамен салмақтап, оймен екшеп жазып шыққан, қағаз бетіне «мынау қажет-ау» деген дүниелерін өзі түсірген. Рас, екі бірдей жорналшы үстінен қарап, әдеби өңдеу жүргізген. Кітаптың бастапқы тарауларына қаламын тигізген белгілі жазушы-журналист Байқал Байәділовтың Өтелбай ағамыздың неғұрлым нақты деректерге, цифрларға арқа сүйеген қолтаңбасының өзінде көркем нәр берген тұстары анық сезіледі. Ал, Қазақстанның құрметті журналисі Бақберген Амалбеков болса сыршылдыққа бейімділігінен танбай, кітаптағы әр алуан оқиғалар мен автордың басынан кешкендерінің әсерлілігін күшейте түскендей.

Осы жақтарынан қапысыз кітаптың ә дегеннен сонау 1907 жылдан бастау алатын бір ауылдың қатпарлы тарихын қаузаумен оқыған жанды жетелеп, өзіне тарта беретіні бар. 1925 жылы бұл ауылдың алғашқы мектебі де ашылған.  Оның да деректері қосыла келе, осы жерге ілім-білім әкелген білім ордасының іргетасы қаланғанына да бір ғасырға жақындап қалыпты-ау деген ойға берілесің. Кітапта ауылдың  бірнеше үйінің алғаш басы қосылған, одан елді мекен болып қалыптаса бастаған, артельге, колхозға айналып, одан әрі де өз тіршілігін өзі өрбіте түскен ет тірлігі кезең-кезеңмен суреттеліп, көп жайдың қыр-сыры ашылады. Осылай кітап деректерін кемі бес-алты жыл бойы жинаған автор осы бір айтуға тұрарлық еңбегі арқылы елін де, жерін де, азаматын да, оның ажарын да айшықтайды. Әсіресе, ерте бастан ел жүгін өрге сүйреген ауыл ардақтыларына үлкен орын берілген. Олардың қажыр-қайраты, еңселі істері кітаппен қоса-қабат өріліп отырады. Ұлы Отан соғысында елі үшін шыбын жанын қиған боздақтар, ұрыс даласынан Алла жар болып аман-есен оралған, сөйтіп, бойындағы бар күш-жігерін бейбіт өмірдің қызығы мен шыжығы үшін сарп еткен майдангерлер ерлігін, ата-ана ұлылығы мен ұлағатын паш  еткен тарауларды беріле, тәліміне ере оқымау мүмкін емес.

Өтелбай ағамыздың қиыннан қиысқандай қилы тағдырының өзі біз ес білгеннен білетін, ара-жігін ажыратып алар осы өмірдің өз көшірмесі іспеттес. Тағдырдың еркелете қоймаған қытымыр қаталдығынан орта мектептің өзін 19 жасына қарай бітіріп, сол жылы оқуға барайын деп төлқұжат алайын десе, туу туралы куәлігінің өзі болмай шыққаны, яғни, өмірде бар да, өкіметтің есебінде жоқ болғаны осы күні қызықтай көрінгенімен, ол да өткен уақыттың бір көлденең кедергісі еді. Өзі алдын көрген, қызметтес болған халқымыздың бірегей тұлғалары Еркін Әуелбеков, Чапай Әбутәліпов сияқты қайран ағалар, Сарбас Ақтаев, Илья Жақанов, Нұрмияш Көбенов, Шымболат Ділдәбаев тәрізді әдебиет пен өнер қайраткерлері Өтелбай ағамыздың танып-білуінде жай сырттай баяндап, марқаю емес, іс-қимыл, болмыс-бітім үстінде көрінеді.

Сондықтан, небір тартымды да тағылымды оқиғаларға, адам характерлеріне бай осынау кітапқа жүгінген кез-келген жан, талай ұрпақ 86 жастың үстіндегі өз өмірі арқылы тұтас бір елдің өткені мен бүгінін қамти түскен, соны еске салған, сөйтіп, ауылдастары алдындағы перзенттік парызын адал орындаған ағамызға алғысын айтары анық. Бұған әрине, автордың талай қызметтер атқарып, үлкенді-кішілі сан оқиғалардың бел ортасында жүрген өмірлік бай тәжірибесі, бойындағы туа біткен, ерінбей-талмай ізденгенінің арқасында жүре пайда болған сан қабілеті мен қасиетінің де игі әсерін тигізгені сөзсіз. Мәселен, жастайынан есепке жүйріктігін, келе-келе осы саланың үлкен бір бетке ұстар әмбебап маманы болып қалыптасқанын еске салайық. Сол дәлдік, керек тұсында қиыстыра қояр дерек-дәйегінің бәрі кітапта қолмен қойғандай көрініс тапқаны да содан болар. Оған қоса, білетін ел жазбай аңғаратын мол адамгершілік қасиет иесінің араласып-құраласқан кең ортасының өзі кітап мазмұнын байыта түсер небір штрих, эпизодтарды қапысыз тауып берген.

Мұнымен бірге, Өтелбай Елбергенұлы Көкше өңірінде телевидение деген әлі болмаған сонау ерте кездің өзінде фотоаппарат, одан бейнекамера сатып алып, фотосурет шығарумен, бейнебаяндар жасаумен шұғылданған нағыз бейнетқорыңыздың өзі. Осы төңіректегі дүбірлі тойлардан, көпшілікке берілген астардан ол түсірген бейне көріністердің өзіне сан жетпейді. Бір Абылай хан бабамыздың алғаш алты Алашқа сауын айтылған 280 жылдық асында ғана аяғынан тік тұрып, ұзын-ырғасы 36 сағат бойы тапжылмай осы тойды түсіргені бар. Соның бәрі аталған кітапта әріден желі тартып, оқырманына әсіре бояусыз жеткізіле түседі. Бұл толымды еңбекте өзін-өзі ақтай түскен және бір оңтайлы шешім, мазмұны жалпылама берілмей, тарау-тарауға бөлініп, тақырыпшалармен өріліп отыруы. Егер бір тақырыппен ұзақ-сонар баяндала берсе, біз айтып отырған оқиғалар, небір есті естеліктер сонымен жұтылып, көптің ішінде кетер еді. Ал, былайша әр тақырыпшамен етек-жеңі жинақталған дүниелер оқырманмен де жақсы игеріліп, әсері мен маңызы арта түскен.

Сонымен, «Із және Сіз» – өткеннің, ел мен ердің ізі, жақсылардың қалдырған сөзі мен көзі, тарихтың өзі. «Із және Сіз» автордың еліне сыйы, алтын бесік – ауылдарымыздың қысы мен жазы, көктемі мен күзі, кешегі тірліктің тар да нар кезеңі, салқын да, жарқын да жылдарының өзегі. «Із және Сіз» өмірде елеулі ізі бар автордың өзі, оның ел деп еңбек еткен, еміреніп, тебіренген кезі, алтындай салмақты сөзі. Автор бұл орайда да «Із және Біз» демейді, солай деп өзін көтермейді. Ілтипатты, ізгілікті Сізге бұрады, елгезек мінезімен  осы жасында тағы да кішіпейілділік көрсетіп, өзіне жақын сіздер мен біздерді құрметтейді. Айта берсек, осы кітаптағы зайыбы Балкеш Қабдөшқызымен тату-тәтті жарасым тапқан өмірінің өзі неге тұрады?! Зерделеп, байыбына барғандар одан да әдемі бір ғибрат алуларына болады.

Жуырда Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында осы қомақты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Кітап туралы жоғарыдағы пікірлер бір есептен көптің аузынан шыққан жылы лебіздердің жиынтық бағасы. Өтелбай ағамыз әлі де аттан түспей, Қазақстан Республикасы Аудиторлар палатасының құрметті мүшесі, сол Палатаның ақсақалдар алқасы кеңесінің төрағасы болып келе жатқандықтан, бұл игі шараға жергілікті зиялы қауым өкілдерімен бірге, бір шеті Нұр-Сұлтан, Атырау, тағы басқа өңірлерден бір топ сыйлы әріптестері де келді. Сөз сөйлеп, игі тілегін білдірген жандардың бәрі ақсақалдық жастағы азамат қарымына риза болып, жеті тараудан тұратын кітаптың өмірбаяндық монография іспеттес еңбек, өлкетану саласына қосылар сүбелі дүние екендігін баса айтып жатты. Біз де өз тарапымыздан осы кітаптың облыстық, қалалық кітапханалар мен Зеренді өңірі төңірегіндегі кітапханалардан өз орнын алғанын қалар едік. Себебі, мектеп оқушылары, студент жастар, былайғы жұрт та керек кезінде өз елді мекендерінің өткені туралы деректер іздейді. Мұндай кітаптар сондай тұстарда үлкен олжа. Онда ара-тұра іргелес ауылдардың да өткен-кеткенінен саф алтындай мағлұматтар бар. Осы Өтелбай ағамыз дүниеге келген Қызылсая ауылының өзінде қазіргі ұрпақ өз тарихтарын біле бермейтіні ақиқат. Бұл жағы да ескеріліп, ауылда осы кітап туралы оқырмандар конференциясы өткізілсе, ешбір артықтығы болмас еді.

Қ.КӘКЕНОВ.       

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар