Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сарғайған суретпен сырласқанда... - АРҚА АЖАРЫ

Сарғайған суретпен сырласқанда…

Алдымда өткен ғасырдын бел ортасында бір топ оқушылардың ұстаздарымен түскен сарғайған суреті жатыр. Биылғы жылды Ел Президенті Қ.К Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Қазір ел ақсақалы ретінде бүгінгі немерелеріміз бен шөберелеріміз қандай жағдайда өсіп жетіліп келе жатқанын көріп отырмыз. Біріншіден егеменді елдің балалары, екіншіден, олардың оқып жетілуіне барлық жағдай жасалған. Мектепте оқып қана қоймай, сыныптан тыс әртүрлі үйірмелерде, спорттық нысандарда қосымша өздерін жетілдіруге барлық мүмкіншілік бар. Осы жас ұрпақтың ата-әжелері бала кезінде қандай жағдайда болды, білімді қалай алды, азамат болып қалай қалыптасты? Бір фотосурет арқылы осыны баяндайын деген ойға келдім. Сурет менің жеке мұрағатымнан алынды. Суретте – 1935-1945 жылдар аралығында дүниеге келген балалар. Негізінен мұнда ұлт жағынан қазақ пен татар балалары. Бұл балалар кішкентай болса да, 37-інші жылдың зобалаңын көріп, жақын адамдарын халық жауы деген желеумен ит жеккенге жібергендердің ұрпақтары мен куәгерлері, одан фин және екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын сезінді. Соғыс кезінде көпшілігі аш құрсақ болып, бір үзім нанға зәру болып өсті. Одан ес білгеннен бастап күні-түні ауыр жұмыста жүрген ата-аналарына көмекші болуға тырысты. Ең кішкентайларының өзі үйде бұзау, құстарды бағып қағуға жарап қалды. Кішкене есейгендері ұжымшарда масақ теріп, қозы, лақ, бұзауларды бағуға қолғабыстарын тигізіп жатты, өйткені, ол тұста жұмысшы күші жетпейтін, еңбекшілердің басым көпшілігі майданға аттанды. Елде қарттар, мүгедектер, әйелдер мен балалар қалды.

Ал, енді суреттегі жерлестеріме көшетін болсам, олар 60-70 отбасы бар шағын Амангелді ауылында ашылғанына екі-үш жыл ғана болған жеті жылдық мектеп оқушылары. Мектеп соғыс кезінде сау қарағайлардың бөренелерінен ұжымшар басқармасы Бәуке Құлмағамбетов салғызған жиырма шақты бөлмесі бар үлкен ғимараттың бір бөлігі. Бұл ғимаратты үлкен қиындықпен соғысқа бармай қалған ақсақалдар мен жаңа жетіліп келе жатқан жас жігіттер мен қыздар салғанын бала болсам да өз көзіммен көріп жүрдім. Бір ғана мысал, тақтайды ұзын арамен біреуі шұңқырда астында тұрып, біреуі үстінде тұрып қолмен тілетін. Өте ауыр жұмыс. Ол кісіні халық жауы деп жаламен отырғызып қойғаннан кейін одан кейінгі басқармалар аяғына дейін апармай, шатырсыз болған соң, жауын шашынның салдарынан мезгілінен бұрын істен шығып, жарамсыз болып қалды. Соғыстың ауыр жылдарында аса ауыр уақытта салғызған ғимарат күтіп ұстағанда осы күнге дейін ескінің көзі болып тұратын еді. Ал, сыныптарымыз бүгінгі сыныптармен салыстырғанда екі-үш есе кіші болатын, жеті-сегіз парталар ғана сыйып тұратын. Бөлмелерді пешпен жылытатын, электр жарығы жоқ, май шаммен оқитынбыз. Оқу құралдарымыз да жұпыны болатын. Әлі есімде бірінші сыныпқа барғанда анам алашаның қиындысынан сөмке жасап берген, қолдан сия жасап, дәуітке құйып, қаламсапты батырып, сонымен жазатынбыз. Дәптер өте аз, жетпейтін, кейде газет қиындыларына жазатынбыз.

Ал, фотосуреттегі оқушылар бүгінгі орта жасқа келген азаматтардың ата-анасы, олардың балаларының ата-әжесі. Бұлардың көпшілігі о дүниелік болды. Суретке қарап, бүгінгі немере-шөберелері ата-әжелерін еске түсіріп, қалай оқушы болғандарынан мәлімет алар. Сондықтан, кішкене шолу жасап өтейін. Бірінші қатарда солдан оңға қарай Нәжіп – татар баласы, кейін еліне кеткен, хабар жоқ. Екінші Зұлқарнай ұлты татар, марқұм. Үшінші тізерлеп отырған мен (мақала иесі) Еркін, жанымдағы Зұлқарнай менен төрт-бес жас үлкен, менімен бір сыныпта оқыды. Соғыс кезінде оқи алмай қалған балалар мектепке кеш, есейген соң барды. Екінші қатарда Ахат, Шәкіржан, Мензаит Юсупов, мұғалімдер Зинаида Александровна, Қанай Сәліпов, Шайхеслям ағай. Үшінші қатарда Индус, Жәмила, Майраш, Мүгүлсім, Сәймә, Раузан, Бағила. Төртінші қатарда Есқай мен Қуандық. Ол кезде мектеп формасы деген жоқ, кімде не бар соны киіп, мектепке келетін. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсетіндер өте аз болатын. Осылардың ішінде Қуандық Әшімов пединститутта оқыды, Есқай Мұхтаров басқару қызметінің қурстарын бітірді. Жоғары білім алған мен ғана. Ұл балалардың біразы шофер, тракторист болды. Қыз балалардың көпшілігі әртүрлі жұмыста немесе балаларын өсіріп, үй шаруасымен айналысты. Қазір мектеп бітіргендердің басым көпшілігі жоғары білім алуға тырысады. Кейбіреулерінде екі-үш дипломнан бар. Көбі заңгер, экономист, программист болып жатыр. Оқуды бітіргеннен кейін жұмыс таба алмай, басқа мамандыққа ауысып жатады. Үкімет қазір техникалық, педагогтік, дәрігерлік мамандыққа баруға жағдай жасап жатыр. Бұл дұрыс шешім ғой деп ойлаймын.

Міне, әр заманның балаларының өсіп-қалыптасуына өскен ортасы мен қоғам дамуы әсер етті. Жаңа Қазақстанды құра алатын болсақ, жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне бұдан да жақсы мүмкіндіктер болатынына кәміл сенемін. Балаларға айтарым, Қазақстан сенің Отаның, оны дамытып, қорғау сенің қасиетті парызың.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

білім саласының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар