Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тау-кен өндірісі саласына мамандар даярлаймыз - АРҚА АЖАРЫ

Тау-кен өндірісі саласына мамандар даярлаймыз

Степногорск тау-кен техникалық колледжі – қазіргі заманғы сандық инновациялық құралдармен жабдықталған, талапқа сай оқу орны. Бүгінде студенттердің мамандықты игеруі барысында  тиісті сала бойынша жұмыс істейтін құрал-жабдықтарды қолданып, тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болатыны өте маңызды. Әсіресе, ең соңғы үлгідегі технологиялық құралдарды пайдаланса, келешекте өңірдің кәсіпорындарындағы заманауи техникаларды меңгеріп кетулеріне жеңіл болады. 

Колледждің басты міндеті – жас мамандарға теориялық жағынан да, тәжірибе тұрғысынан да сапалы білім беру. Бұл – бүгінгі таңда жұмыс берушілер үшін аса маңызды. Қазіргі лезде өзгеретін құрал-жабдықтар мен жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, уақытпен қатар қадам басу – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, «Жас маман» жобасына қатысқанды жөн санап, қажет деп таныдық. Бұл мақсатта қолданыстағы зертханаларды заманауи құралдармен жабдықтау жұмыс берушілермен, біздің әлеуметтік серіктестерімізбен келісілді.

«Жас маман» жобасы колледжде «пайдалы қазбаларды байыту» (кен байыту), «маркшейдерлік іс», «жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» атты үш мамандық бойынша жүзеге асырылуда. Зертханаларға жалпы сомасы 254 миллион теңгенің заманауи өндірістік және оқу жабдықтары сатып алынды. Мәселен, маркшейдерлік іс зертханасы Trimble S7 электрондық тахеометрімен, DJI Phantom 4 PRO V2.0 l1l2 Geobox ForaPPK геодезиялық квадрокоптерімен, Trimble X7 лазерлік сканерімен толықтырылды. Бұл қолда бар цифрлық маркшейдерлік жабдықтың желісін сапалық жағынан жақсарта түсті. Delair UX11 пилотсыз ұшу аппараты тау-кен өндіру саласында аэрофототүсіруді жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қазіргі заманғы 15 ноутбук сатып алынды, ол тау-кен өнеркәсібі үшін маңызды «Micromine» бағдарламасында бір мезгілде студенттердің топтасып жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл бүгінгі күні маркшейдерлік жұмыстарда жұмысшы мамандардың біліктілігін арттыру үшін міндетті талап болып табылады.

Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары зертханасы жобаға қатысқанның арқасында заңнамалық ұйғарымдарға сәйкес қауіпсіздік тізбегінің жұмыс істеу принципі мен әрекет ету қимылын көрсету үшін бу қазандығы имитациясын жүргізуге мүмкіндік беретін 7 оқу зертханалық стендімен жабдықталды, онда термодинамикалық процестерге, жабық жылыту жүйесіне зерттеу және талдау жүргізіледі. Биылғы жылдың өзінде біздің колледжіміз тау-кен және энергетика саласының мамандарын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін құзыреттер орталығына айналады. Бұл бағытта колледж ұжымы жұмыс берушілермен бірлесіп, тау-кен және энергетика саласы мамандарының еңбек функцияларын талдау бойынша жұмыс жүргізді. Кәсіби құзыреттер мен модульдердің тізбесі қалыптастырылып, оқу жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді. Әлеуметтік серіктестер колледждің арнайы пән оқытушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, құзыреттілік орталығын одан әрі дамытудың жолдарын қарастырды.

Колледж тау-кен және энергетика саласының 23-тен астам кәсіпорындарымен әлеуметтік серіктесіп жұмыс істейді. Негізгі серіктестер –«АК Алтыналмас», АРЭК акционерлік қоғамдары, «RG GOLD», «Өркен», «Қызылту», «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты», «Степногорск-Энерготранзит», «Степногорск ЖЭС», «Степногорск Теплотранзит», «Степногорск энергокешені», «SSAP» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Жыл сайын колледж оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері үшін кәсіпорында біліктілікті арттыруды және тағылымдамаларды ұйымдастыруды қолға алуда. Заманауи жаңа цифрлық құрал-жабдықтармен оқыту біздің түлектеріміздің сұраныстарын арттырады.

2014 жылдан бастап әлеуметтік әріптестермен дуальді оқыту бойынша жыл сайын 50-ге жуық шарт жасалады. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылғандарының үлесі 80 пайызды құрайды. 2021 жылы 72 түлек оқу бітірсе, олардың 60-ы, яғни, 83 пайыздан астамы жұмыспен қамтылды.  Бүгінде білім ордасында дуальды оқыту бойынша 72 адам білім нәрімен сусындауда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, «гуманитарлық мамандықтармен әуестену келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару керек». Президенттің тапсырмасын іске асыру өндірістің жедел дамуына, өндіріс технологияларына сұраныстың артуына, жұмыс орындарының өсуіне, ғылымның, адам әлеуетінің дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал ететін болады. Біз инженерлердің, өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіруге өз құзыретіміздегі күшімізді қосамыз.

Оқу орны «Қазақалтын» кәсіпорнымен 2010 жылдан бері ынтымақтастықта, білім беру бағдарламаларын тиімді іске асыру мақсатында жұмыс істеп келеді. 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейін колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға әлеуметтік әріптестер 35 миллион теңге қаржы бөлді. Қазіргі уақытта «Алтыналмас» компаниясының өңірдің тау-кен өндіруші кәсіпорындарының қатарына қосылуымен біздің әлеуметтік әріптесімізбен өзара іс-қимылымыз қарқын ала бастады.

Ағымдағы оқу жылында білім ордасы 11 мамандық бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырады, оның ішінде білім беру бағдарламалары «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамының типтік жоспарларына сәйкес кредиттік-модульдік оқыту негізінде әзірленген. Алғашқы жартыжылдықта оқу орнында 24 топта 447 студент білім алуда, олардың 104-і оқуды бітіреді.

Колледжде түлектер туралы мәліметтер берілетін деректер қоры құрылды және өңірдегі барлық кәсіпорындардың кадрлық қызметтерімен тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылы тау-кен компанияларына 42 адам немесе түлектердің 47 пайызы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде «Алтыналмас» компаниялар тобына 27 түлегіміз, энергетика саласының кәсіпорындарына 39 түлегіміз жұмысқа кірісті.

Негізгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін білім ордалары оқытатын оқу пәндері мен кәсіптік модульдердің бейініне сәйкес, білімі жоғары және кәсіпорындарда жұмыс тәжірибесі бар педагог кадрларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, тағылымдамадан өту оқытушы қызметінің міндетті шарты. Тағылымдама кәсіпорындардағы жаңа жабдықтармен танысуға, өндірісте қолданылатын инновациялық технологияларды, еңбекті заманауи ұйымдастыруды, өндірістегі жаңашылдықтардың еңбек әдістері мен тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік береді және әлеуметтік серіктестіктің дамуын қамтамасыз етеді.

Жоғары технологиялық өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық педагогтің тау-кен және энергетика саласындағы қазіргі заманғы технологиялық процестен сәл алда жүру қажеттілігін талап етеді және жалпы оқытушының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпал етеді.

Өткен оқу жылында 11 педагог-практик «АК АЛТЫНАЛМАС», «Қазақалтын» АҚ, «Степногорск Энерготранзит» ЖШС, «Қазақалтын Технолоджи» компаниялар тобының өндірістік алаңдарында арнайы пәндер бойынша тағылымдамадан өтті, бұл оқытушылардың 78 пайызын құрайды. Оқыту өткеннен кейін қатысушыларға тағылымдамадан өткені туралы сертификаттар тапсырылды.

2022 жылғы 17 қаңтарда ішкі бұйрықпен тау-кен және энергетика саласында WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша мамандар даярлау жүйесін іске асыру мақсатында құзыреттер орталығы құрылды.

Оқу орнында жетістіктерімізбен бірге, өзекті мәселелер де бар.  Мәселен, солардың ішінде тоғызыншы сыныпты бітірген талапкерлерді оқуға қабылдағаннан кейін, олардың жасы 18-ге толмағандықтан, кейбір кәсіпорындар өндіріс орнында тәжірибеден өтулеріне рұқсат етпейтіні білім ордасына қиындық туғызады. Сонымен бірге, «маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша кәсіби стандарттар жоқ. Алдағы уақытта білім ордасы тау-кен саласына қажетті жаңа мамандықтарға лицензия алуды, халықаралық аккредиттеуден өтуді жоспарлап отыр.

Елена ТАРАСОВА,

Степногорск тау-кен техникалық

колледжінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар