Өткен 2021 жылдың желтоқсан айында тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Тәуелсіздік оңай келмеді. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, отыз екінің алапат аштығы, отыз жетінің қызыл қырғыны, сексен алтының желтоқсан оқиғасына ұласып, тіл мен дінімізден жұрдай бола жаздаған шағымызда азаттық таңын көрдік. Тәуелсіздік жылдары жеткен табыстарымыздың бірі әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың тарихи отанына оралғаны болды. Тәуелсіздік алған осы 30 жылда елге оралған қандас бауырларымыздың саны бір миллион адамнан асыпты. Қазақтар моңғол жеріне 19 ғасырда яғни, 1860-1864 жылдары Шығыс Түркістан (Шыңжан) жерінен көшіп келгендігін зерттеуші Г.Е.Грум-Гржимайло жазып қалдырған. 1876-1877 жылы Моңғолияның Даян көлін басып өткен Г.Н.Потанин өз жазбаларында мұнда қазақтар Көбеш батыр, Самархан Қожамшар сұлтандар өз руластарымен бірге көшіп келіп, өмір сүріп жатыр деген баға жетпес құнды материал қалдырған. Кеңес Одағы мен Моңғол халық Республикасы саяси бір жүйеде болғанымен, моңғол жерінде өмір сүріп жатқан қазақтар үшін шекара жабық болды.
Ата жұртқа көшу туралы сөз айтылмайтын. Кеңес кезінде Баян-Өлгий аймағы Қазақстанмен тікелей рухани байланыста болды. Қазақстаннан шығатын қазақ тіліндегі газет-журналдарды әлденеше мың данамен алып тұрды. Баян-Өлгийдегі қазақ мектептері Қазақстанда басылған оқулықтармен қамтамасыз етіліп тұрды. 1989-1990 жылдардан бастап, Кеңес Одағы мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас шеңбері тарылды. Баян-Өлгий мен Қазақстан арасындағы мәдени-рухани байланыс үзілсе, Моңғолия қазақтары ұлттық құндылықтарын сақтап қалудың қиынға соғатынын жақсы түсінді. Ұрпақтың келешегі алаңдатты. Ата жұртқа жету көкейтесті мәселеге айналды. Моңғол өкіметі қазақ балаларын қабілет, талабына сәйкес түрлі оқу орнына жіберіп оқытып отырды. Моңғолия қазақтары моңғол ұлтымен тең құқылы, терезесі тең, еркін өмір сүрді, түрлі салада еңбек етті. Ешкімге кіріптар болғамыз жоқ. Социалистік құрылым күйреп, нарыққа бет бұрған дағдарыстың салдарынан жұмыссыздар көбейді. Шетелге жұмыс күшін шығарып, жастарды жұмыспен қамту туралы қазақ зиялылары Моңғолияның тиісті орындарына мәселе қойды.
Соның нәтижесінде Талдықорған облысы Кербұлақ ауданының басшыларымен 1990 жылы 27 желтоқсанда еңбек күшін шығару келісім-шарты жасалды. Ұлан-Батыр қаласынан 1991 жылы 12 наурызда еңбек жасындағы 96 адам жолға шықты. Бұл адамдар ұлы көштің алғашқы қарлығаштары еді. Жер шарының әр түкпірінен ата жұртқа ағылған ұлы көшке мұрындық болғандар Моңғолия қазақтары екені дау туғызбайды. Ұлы көшке мұрындық болып, ыстығы мен суығына төзіп, ауыртпалықты мойнымен көтерген зиялы азамат Аятхан Тұрысбекұлы, азаматша Сағат Заханқызы секілді ұлт жанашырларының еңбегі ерен еді. Ұлан-Батырдан наурыз айының 12-сінде аттанған біздер жол-жөнекей Иркутск-Ташкент пойызына ауысып отырдық. Ресейдің соңғы бекеті Рубцовскіден өтіп зулап келеміз. Күні бүгінге дейін есімде қалыпты. Жолсерік өзбек жігіті бізге қарап, «жігіттер, қазақ жері басталды» деді. Біз вагон терезесіне ұмтылдық. «Ауыл» деген жазу көрінді. Ауыл станциясы кішкене шағын станция екен, пойыз тоқтамады. Вагон терезесінен көз ұшында қазақтың маңғаз даласы бұлдырайды. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды алыптардың кіндік қаны тамған Семейге қарай алып-ұшып асығып келеміз. Сартылдаған вагон доңғалақтарының дүрсілі баhадүр батыр бабаларымыздың тұлпарларының тұяғының дүбіріне ұқсайды. Махамбет бабамыздың мақамына салып белгілеу дәптеріме:
Арғымақ атқа ер салып,
Өртеніп жүрек, от жанып.
Атаның сөзі аманат,
Келеміз елді бетке алып,–
деген бір шумақ өлең қалдырыппын.
Семейге кештетіп жеттік. Кесте бойынша біз мінген пойыз бір сағат аялдайды екен. Мен перронда тұрмын. Маған қарсы жақтан қарт кісі келе жатыр. Қасына барып, қолын алып сәлем бердім. Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше»» дейді емес пе дана халқымыз. Жөн сұрасып, мәре-сәре болдық. «Алыс шеттен еліңді, Отаныңды іздеп келеді екенсің» деп мені әлі қуаты қайта қоймаған қолымен өзіне тартып, бауырына басты. Сол сәтте тұтастай қазақ елі, ұшы-қиыры жоқ ұлы дала мені құшағына алып тұрғандай әсерде болдым. Ақсақал мінген пойыз жүретінін хабарлап жатыр. Қарт асығып кетіп барады. Әлсін-әлсін әлі маған бұрылып қарап қояды.
Самалы бетті аймалап,
Кірпіктен жасы тайғанап,
Алдымнан шықты ата жұрт,
Қандасым келген қайдалап, –
деген бір шумақ өлең табан асты ойыма оралды.
Бұрын да Қазақстанның түрлі оқу орындарында қазақ жастары білім алып, барыс келіс үзілмеген. Бірақ, біздің осы сапарымыз ерекше еді. Себебі, біздер ата жұртқа қоныс аудару ниетімен келе жатырмыз. Бес күн жүріп, 1991 жылдың 17 наурызында межелі Сарыөзек темір жол бекетіне келіп жеттік. Күтіп алушылардың қарасы мол екен. Шүкір, ешкімге ұятты болғамыз жоқ. Мөлдір таза тілімізбен, салт-дәстүр қазақы болмысымызбен ата жұрттың топырағына табан тигіздік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қуанышты күндерді тұрғылықты ағайындармен бірге тойладық. Жоқ кезде бөлке нанды бөлісіп жедік. Өзімізді ата шаңырақтың ерке баласындай еркін сезіндік. Ұлы көштің басталғанына биыл отыз жылдан асып барады. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Түрлі салада еңбек етіп жүрміз. Немере-шөберелеріміз «Туған жерім менің, Қазақстаным» деп қолын жүрек тұсына қойып, ән салып жүр. Ұрпағымызды ата жұртқа жеткізу біздің көкейкесті арманымыз болатын. Олай болса, біз ұрпақ алдындағы парызымызды орындадық. Әлі де көш жалғасты болсын!!!
Сатыбалды ХАМИТҰЛЫ,
Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.