Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«СЕН САЛАР ДА  МЕН САЛАР» БОЛЫП ЖҮРМЕСІН - АРҚА АЖАРЫ

«СЕН САЛАР ДА  МЕН САЛАР» БОЛЫП ЖҮРМЕСІН

«Өз тілін сезбеген бала – ана сүтін татпаған жетіммен тең».

Бауыржан Момышұлы.

Расы сол, соңғы жылдары, әсіресе тәуелсіздік қолымызға тиген уақыттан бері елімізде қазақ тілді басылымдар саны көбейіп келеді. Тіпті, республикамыздың әр аймағында ана атаумен, мына атаумен түрлі журналдардың, газеттердің, ең аяғы жекеменшік баспаханалардан жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының, ата-бабалар шежіресінен сыр шертетін ғұмырнамалық жинақтардың шығып жатқанынан да хабардармыз. Соған мысал, бір кезде «Көкшетау» қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени журналының оқырман қауымға тәп-тәуір жол тартуы, көптеген авторлардың жеке еңбектерінің шыға бастауы. Әйткенмен де, көп деп өзеурегенімізбен Қазақстанда шығып жатқан сол 3 мыңға тарта басылымның тек 18 пайызы, яғни 511-і ғана мемлекеттік тілде көрінеді.

Тағы бір сорақысы, біздің өңірде ондайға жол берілмесе де, әсіресе, оңтүстік облыстарда, соның ішінде Шымкент, Тараз қалаларында шығып, осы жаққа әкелініп, тарап жатқан «Ләззат», «Махаббат», «Сен+мен», т.б. анайы тақырыптарды, анайы жағдаяттарды сөз ететін газеттердің басып шығарылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қалайша рұқсат беріліп жүр деп те ойлайсың. Өзгесі өзге, мұндай анайы анекдоттардың, отбасындағы ашыналық қарым-қатынастарды дабырайтып жарнамалайтын материалдардың біздегі кейбір тәуелсіз газет беттерінде, тіпті мемлекеттік басылымдарда да анда-санда болсын қылаң беріп қалатындығы жасырын сыр емес.

Жә дейік, газет-журналдың жөні бір басқа, осы тұрған облыс орталығы – Көкшетаудың өзінде ғана ана жерде, мына жерде күн сайын өтіп жататын жедел кеңестердің, шұғыл отырыстардың, болмаса мәжілістердің, салиқалы жиындардың қай тілде көбірек жүргізілетіндігіне назар аударайықшы. Айтуға да ауыз бармайды. Солардың көпшілігінде бірді-екілі адам ғана таза қазақ тілінде сөйлесе, қалғандары «басқаларға ұғынықты болуы үшін» көкейдегі өз ойларын, өз пікірлерін ресми тіл аталған орыс тілінде жеткізуге тырысады. Тіпті журналистердің «Біздің кейбіреулеріміз қазақ тілді газет редакцияларында қызмет істейміз. Неліктен сіздерде «Баспасөз-ақпарат» («Пресс-релиз» дегені!) тек орысша таратылады?» деген сауалдарына солардың көпшілігі: «Келесі жолы ескеретін боламыз» деуінің өзін қайтерсің. Сонда «Көкшетау қаласында іс қағаздары жылдан-жылға мемлекеттік тілде  жүргізіледі» деген жалған ақпар-мәліметке қалай сенуге болады?!

Мемлекеттік тілді дамыту, оның аясын кеңейту жөнінде ел Президентінің тапсыруымен қаншама бағдарламалардың, Үкімет қаулыларының қабылданып, Жарлықтардың шығарылғандығы белгілі. Тіпті, таяуда ғана біздің облысқа Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың директоры Б.Әбдіғалиев мырзаның өзі бастап, арнайы делегация мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өткендігін де көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік.  Онда ана тіліміздің қазақстандық қоғамдағы рөлі, тіл   ахуалын бағалау, мемлекеттік тілді толыққанды дамытуға бөгесіндік келтіріп жүрген проблемалар төңірегінде кеңінен пікір алмасылды.

Елбасымыздың өзі «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп атам заманнан айтып келді ғой. Олай болса дейсің, осындайда бізге, біздің қазақ ұлтына кім қысастық жасап, ілгері басуымызға не кедергі келтіріп жүр?! Тәрбие негізі – балабақшадан, одан қалды, мектепте қаланады дейміз көбіміз. Бірақ, өкінерлік жәйт сол, солардың түпкі сырына тереңірек көңіл бөле бермейміз. Кезінде өз балаларымыз балабақшаларына барды ма, барды. Ол уақытта қазақ тілді топтары болмағандықтан, көбіміздің ұл-қыздарымыз орыс тілінде сөйлеп, орыс сыныптарында оқыды. Ал, немерелеріміздің алды, тіл-көзден сақтасын әйтеуір, қаладағы №18 орта мектептің қазақ сыныбында білім алуда. Әйтсе де көрші үйдің балалары бар, өзгелері бар дегендей, көшеде ойын барысында әлгілер қазақ тілінде сөйлемегесін солармен орысша сөйлесіп жатқанда өз-өзіңнен еріксіз бармағыңды тістейсің.

Анада қала ішіндегі автобустардың бірінде келе жатқанмын. Қарсыдағы орындықтарда отырған иықтарына торсиған сумка асынған, он-онбірлер шамасындағы екі-үш қарадомалақ, өз ағайындарымыздың балалары кеу-кеулесіп өзара әлденеге мәз-мәйрам болып, сөйлесіп жатты. Біреуі орысшылайды, екіншісі жауап берген болады. Шыдай алмай:

– Әй, қарақтарым, қайда, қай мектепте оқисыңдар? – дедім тіке сұрақ қойып. Әлгілердің біреуі «бізге айтып отыр ма,осы кісі?» дегендей маған жаутаңдай қарады да:

– Ата, осындағы үшінші қазақ  мектебінде оқимыз, – деді енді не дер екен дегендей.

– Қазақ сыныбында оқисыңдар ғой.

– Иә…

– Ендеше, неге орысшалайсыңдар!?

Әлгілер жым болды. Әрі-беріден соң біреуі екіншісін нұқып:

– Мынау орысшалай береді, сонсоң, – деп күмілжіп қалды.

Жалғыз бұл емес, орысшалағанның көкесін көшеде де, басқа жерлерде де естисің. Атам заманнан қоңсы қоныстанған екі ұлттың арасына от салғандық емес, тек қараптан қарап, намысың келеді. Әйтпесе, басқа басылымдардан оқып жатқанымыздай, (…Ертең елді көгертеді деп мемлекет қаржысымен шетелдің іргелі оқу орындарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытқан, биыл елге қайтқан 40-тан астам жастың бірде-бірі ана тілін білмейді. Мақұрым!..)

Сұмдық-ай!.. Сұмдық демеске амал қанша, егер былайғы қатардағы  қарапайым адамдарды, солардың ішінде әлі күнге емшек сүті аузынан кетпеген әлгіндей жас балаларды, болашағымыз осылар деп жүрген қыз-жігіттерімізді, кеудесі көк тіреген шенеуніктер мен қалтасы евро мен долларға толы болса да көлденең көкаттыны менсінбейтін қазіргі «байсымақтарды» айтпағанда, Астанада отырған елдің, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын зиялы деген депутаттарымыздың өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде мәселе қозғалса-ақ, жақ-жақ болып, дау-дамай тудыратындары несі?! Бәрін айт та, бірін айт, «Сен салар да мен салар!» деп бақай есеппен  өзара текетіресіп жүргенде астымыздағы атымыз арам қатып, көшіміз кейінде қалып қоймағай, ағайын, дейміз сөз соңында.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар