«ҚазАвтоЖол» басқармасының назарына!
Егеменді елдің 30 жылдық дәуірін бастан кешірсек те, бір түзей алмай жүрген үлкен мініміз бар. Қазіргі кезде ат-көлік көбейіп, бәріміз жолда жүреміз. Жол сілтемелерінің, жер-су атауларының қазақша жазылымында көп кемшіліктер кездеседі.
Алысқа бармай-ақ, астаналық өңір жолдарында көріп жүрген елді мекен атауларына тоқталайық. Сөзіміз дәлелді болсын деп біразын суретке де түсіріп алдық. Оны өздеріңіз байыппен салыстырсаңыздар, сөзіміздің дәлелді екенін бірден түсінесіздер.
Ең бастысы, орыс тілінде жазылған атаулардың бәрі – айна қатесіз! Ал, қазақшасына қарасаңыз көз сүрінетіндей кілең дөрекі қателерді аңғарасыз. Кез келген мемлекеттің шекарасын асқан жүргізуші немесе жолаушы қай жерде келе жатқанын дәл осы анықтамаларға қарап біліп отырады. «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны, оның жергілікті филиалдары тіл мамандарына зәру ме деп ойлайсың. Себебі, жол тақтайшаларындағы қателіктер тек қана солардың кінәсінен болып отыр. Тағы бір еске салатын жағдай, өзімізше латын әліпбиіне көше бастаған кейінгі жылдары жол бойындағы анықтамалардың өзі әрқилы жазылған. Бір ережеге бағындырылмағаны айтпай-ақ көрініп тұр. Бір форматта таза қазақша – латынша, ал, екіншісінде ағылшынша – латынша жазылған.
Көңілге күп түсіретін жазулар да бар. Мысалы, «Бірлік» деген атауды «Берлік» деп орыс тілді аудиторияның ықпалына көндіріп таңбалаған. «Коргалжын», «Есил», «Сарыкол» – қате жазылған осы атаулар да күре жолда тұр.
Салғырттыққа бой алдырған бүгінгі орта ештеңеге мән берер емес. Құрметті «ҚазАвтоЖол» басқармасындағылар, сіздер білмесеңіздер, біздің тілді үйреніп жүрген бөгде жұрт өкілдері оған аса мән беруде. Бір кездесу барысында олар бұған «айтпайсыздар, жазбайсыздар» деп бізді кінәлі қылып, осы жайттарды тізбектеп жайып салғаны бар. Ал, біз осы тақырыпты көтеруден кендеміз бе?!
Бас қаланың маңындағы жол көрсеткіштері де көп кемшілігімізді айғақтап отыр. Оған мән беретін тиісті орындар жоқ сияқты. Өйткені, ана бір жылдардағы тілге жанашырлық қазір басылып қалған. Тілдер жөніндегі Ақмола облыстық басқармасының өзі қазір бөлім деңгейінде ғана. «ҚазАвтоЖол» басқармасы басшылары тиісті орындармен бірлесіп жол көрсеткіштеріндегі қате атауларды түзесе, ел бір серпіліп қалар еді.
Жалпы осы бір ортақ іске көпшілік боп атсалысайық!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
Целиноград ауданы.