Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәрігер абыройы – ел абыройы - АРҚА АЖАРЫ

Дәрігер абыройы – ел абыройы

Иә, дәм-тұзыңның, көрер жарығыңның өлшемі – Тәңірден. Алайда, ауру азабын тартқан сәтте дертке шипа, жанға қуат беретін дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз екендігін мойындауымыз керек. Осы орайда, халықтың ыстық ықыласына, риясыз ризашылығына бөленіп жүрген жандардың бірі – қолы жеңіл дәрігер, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері Сансызбай Қабиденұлы Әбуов екендігін атап өтсек заңды.

Таяуда облыс орталығының Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен Сансызбай Қабиденұлының 75 жылдығына арналған «Алғыс арқалаған азамат» деген тақырыпта кездесу кеші болып өтті. Тағылымы мол танымды іс-шараға Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Ақмола облыстық соты ардагерлері кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов, Краснояр ауылының әкімі Ардақ Тасқынбай, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Қуаныш Оспан және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысып, мерейлі жас иесіне жылы лебіздерін білдірді.

2017 жылдан бері жоғарыда аталған кітапхана ұжымы Краснояр ауылының тарихын зерделеп, ауылдың тыныс-тіршілігінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлғаларға құрмет көрсету, өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында «Ауыл. Тарих. Тағылым» жобасын қолға алған болатын. Осы жоба аясында ұйымдастырылған аталмыш іс-шараға жиналған сыйлы қонақтар шипалы қолды дәрігер,  кезінде осы салада басшылық қызметтер атқарып, Ақмола облыстық ВТЭК-інің жетекшісі болған Сансызбай Қабиденұлы туралы ақжарма тілектерін білдіріп, естеліктерін ортаға салды. Кеш барысында «Көкше» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандардың көңілдерін бір серпілтіп тастады. Жиында Красноярауылының әкімі Ардақ Тасқынбай Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның құттықтау хатын, сондай-ақ, естелік сыйлық табыс етті.Кеш барысында қуаныш иесінің «Дәрігер естелігі» деген кітабының тұсаукесері өткізілді. Себебі, текті шаңырақтан шыққан Сансызбай Қабиденұлы дәрігерлік ұзақ жолында басынан тағылымды сан оқиғаларды өткізіп, біліктілігі, Гиппократ антына адалдығымен тоқтап қалған жүректің өзін қайта соққызған, кей науқасты о дүниеге кетіп қалар жолынан бері қайтарған асыл азамат. Ара-тұра өлең жазып қоятын ақынжандылығы да бір төбе. Осы шарада сөз алған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев:

– Мен Сансызбайды көптен білемін. Біз Сансызбаймен ауылдаспыз, бауырмыз, жолдаспыз, рухтаспыз, бір сөзбен айтқанда, тілегі бір тілеулес,  сыйлас жандармыз. Қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген.  Ақсақалын сыйлаған елдің болашағы зор болады. Сансызбайдың елге сіңірген еңбегі орасан. Ауру азабын тартқан қаншама адамды ажал аузынан  алып қалды. Оның өнегелі өмірі, ғибратты ғұмыры, еселі еңбегі  өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай. Осы орайда, Сансызбай Қабиденұлының 75 жылдық мерейтойы аясында осындай тағылымы мол танымдық кеш ұйымдастырып отырған кітапхана ұжымына алғыс білдіремін, – деп ағынан жарыла келе, мерейтой иесін қалалық ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық табыс етті.

Сонымен қатар,  жиында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департамент директорының орынбасары Нұрлан Шериязданов мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Сыр-сұхбат форматында өткен  мәдени іс-шара барысында әрі қарай да Сансызбай Қабиденұлының дәрігерлік еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы мағыналы мағлұматтар айтылып, сырлар шертілді.Кеш соңында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Қуаныш Оспан жиынды қорытындылап сөз сөйлеп, кеш қонағына жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Краснояр ауылы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар