Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұр-Cұлтан қаласында 7-8 сынып оқушылары арасында химия және биология пәндері бойынша І өңірлік жасөспірімдер олимпиадасы өтті.
Сәуірдің 28-30 күндері аралығында өткен олимпиадаға Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Cұлтан қаласынан 150-ге жуық дарынды жасөспірім қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы, ал демеуші Exxon Mobil Kazakhstan Inc компаниясы.
Зияткерлік жарыстар Park Inn by Radisson Astana қонақ үйінде, №66 мектеп-лицейінде, №70 мектеп-лицейінде өтті. І өңірлік жасөспірімдер олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өтті.
Зияткерлік олимпиаданың қорытындысы бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасының облыстық кезеңінің ақмолалық жасөспірімдер командасы бірінші, екінші және үшінші орындарды жеңіп алды. Оның ішінде «Биология» пәні бойынша Мақсат Хамитов І дәрежелі дипломмен, «Биология» пәні бойынша Жансая Нәби ІІ дәрежелі дипломмен, «Химия» пәні бойынша Ақерке Егінбай ІІІ дәрежелі дипломмен, «Химия» пәні бойынша Дамир Рысқұлбек грамотамен марапатталды.