– 7 мамыр — ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні. Бұл күнді қазақстандықтар Отан қорғаушы күні ретінде жыл сайын атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығы шықты.
Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. 7 мамыр Қазақстанда мерекелік демалыс күні болып саналады.
Мереке қарсаңында Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекші көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды.
Биыл да Мемлекет басшысы бірқатар әскери қызметкерге жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныптарын беріп, екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп қаза тапқан үш майдангерге еліміздің жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерін жақын туыстарына тапсырды.