Облыстағы мемлекеттік аттестаттаудан өтуі тиіс 38 білім беру мекемесінің 95 пайызға жуығы тексерістен өте алмай қалған. Білім беру стандарттарының талаптарына тек қана 2 мектепке дейінгі мекеме сәйкес келген көрінеді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Манат Әбілмәженов жан-жақты айтып берді.
Оқу жоспарының, ортаның үлгілік жоспарының және білім, білік, дағды мен құзырет көлемін игеру жөніндегі талаптардың сәйкес келмеуі, инклюзивті білім беру талаптарының бұзылуы, баланың даму мониторингісін қамтамасыз ету үшін тиісті талаптардың орындалмауы мемлекеттік аттестаттаудан өтпей қалудың басты себептері болып табылады. Бұл тек балабақшалардағы жіберілген олқылықтар. Орта білім беру ұйымдарындағы қем-кетіктер де аз емес екен.
–Мемлекеттік аттестаттаудан өткізу үшін жүргізілетін тексерістер кезінде білім беру ұйымдарында жылдық жоспарлармен және тәрбие жұмыстары жоспарларының дұрыс жасалмағандығы, сабақ кестесін, оқу жұмыс жоспарларын құрастыруда кемшіліктер жіберілгендігі, оқушылардың білімін формативті бағалау, «Kundelik.kz» электронды журналдарында пән мұғалімдері күнтізбелік-тақырыптық жоспарларын жүктемеу, мектеп сайтының edu.kz аймағында үшінші деңгейдегі домендік атаумен тіркелмеуі, тестілеу барысында білім алушылардың шекті деңгейден өтпеуі, пәндік оқу кабинеттері мен жабдықтардың жоқтығы және оқу-зертханаларындағы жабдықтар мен құралдардың жеткіліксіздігі, педагогтердің сапалық көрсеткіштерінің төмендігі анықталды, –дейді Манат Әбілмәженов.
Мамандардың біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, құжаттардың толық ұсынылмауы, өтініштің дұрыс рәсімделмеуі бас тартудың негізгі себептері болып табылған. «Педагог мәртебесі» заңы қабылданып, мұғалімдерді өз міндеттерінен тыс жұмыстарға жұмылдырмау бойынша бірқатар шаралар атқарылып жатқанымен, әлі де болса педагогтердің құқықтарының бұзулуына жол берілуде. Бұл жөнінде республикада ғана емес, біздің өңірде де педагогтарды сабақтан тыс жұмыстарға тарту жұмыстары бойынша шағымдар тіркеліпті. Әлеуметтік желілерде де бұл орайда, арыз-шағымдар азаяр емес. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 27 сәуірінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагогтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы» бұйрық шығарған екен.
–Бұйрықта педагогтердің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында облыстың, аудан, қаланың білім беруді басқару органдарына және олардың бағынысты білім беру ұйымдарына педагогтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген лауазымдық нұсқаулықтарында көзделмеген жұмыс түрлеріне тартуға, олардан педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізбесінде көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделмеген тексерулер жүргізуге, оларға тауарлар (заттар, бұйымдар) мен әр түрлі қызмет түрлерін сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмеуі тиістігі атап көрсетілген, –деп түсіндірді департамент басшысының міндетін атқарушы.
Брифингте биыл елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты түлектердің мектеп бітіру кеші өтетіндігі де хабарланды. Бірақ, бұл іс-шаралар мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Қазақстанның барлық мектебінде де соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда өтеді. Ал, мектеп бітіруші түлектердің аттестат алу рәсімі 16-17 маусымға бекітіліп отыр.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген берік ЕСКЕНОВ.