Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай, Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында «Кітапхана және жастар» жобасы аясында қиял-ғажайып және басқа да әдеби жанрларда «50 причин чтобы жить», «Один день из жизни ангела», «Легенда о Салемских ведьмах», «Письма к Богу» атты кітаптар жазған жас қаламгер Томирис Саматовамен кездесу өтті.
Әлем әдебиеті үшін символикалық дата күні жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырдық.
Томирис үш жасында әріп тануды үйреніп, бес жасынан кітапханаға барған. Ол 2012 жылы кітап жаза бастады, алғашқы кітабын баспадан 17 жасында шығарған. Қазір ол поэтикалық шығармалар да жазады. «Өлеңді көбіне өзім үшін жазамын» деді Томирис кездесу барысында өзінің талантын сүйетіндердің поэтикалық шығармаларының бірін оқу туралы өтінішіне жауап бергенде. Оның өлеңдері өте ерекше, классикалық поэзияға ұқсамайды, терең философиялық мағынаға толы.
Кітаптарының барлығы Қазақстанның мемлекеттік электрондық сайтында жарияланған. Томиристің тілеулестері оның кітаптарының мұқабалары автордың эскиздері бойынша жасалғанын білгенде қатты таң қалды. Әдебиеттен басқа, Томирис сурет салумен айналысады және екі жыл бойы өнер мектебінде оқыған.
Кездесу барысында жас қаламгер студент оқырмандарымызбен әдеби саладағы, ғылыми жұмыс барысындағы жетістіктерімен бөлісті. Ұстаздық қызметі мен білімін одан әрі шыңдай түсу мақсатында өзі магистратурада алып жатқан болашақ мамандығы туралы әңгімеледі.
Жастар 22 жастағы Томирис Саматованың бірнеше кітаптың авторы ғана емес, 2018 жылдан бері қатерлі ісік ауруымен ауыратын балаларға көмек көрсету үшін «НОРЕ -Томирис» қайырымдылық қорын құрған қайырымды жан, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, ішкі көңіл-күйін жақсы жаққа өзгерткісі келетін адамдарға мотивация сыйлай алатын ерекше тұлға екенін таныды.
Бақытжан АЙДОСОВА,
Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының меңгерушісі