2022 жылдың 20 мамырында Ақмола облысында «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиада финалының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінде өткен өңірлік және облыстық іріктеу кезеңінде 7000 қатысушының ішінен оза шапқан 500-ден астам оқушыдан жасақталған 102 команда қатысады.
Жарысты «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар Қоры» Жеке қоры бірлесіп ұйымдастырады.
Іс-шараға спартакиаданың облыстық кезеңнің жеңімпаздары, қазақстандық шорт-трекші, 2014 және 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Әжіғалиев, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова және мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жұлдызды қонақтар футзал, әскери-қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисінен ұлдарды, ал баскетбол және тоғызқұмалақ ұлттық ойындары бойынша қыздар арасынан топ жарған үздіктерді марапаттады.
«Біздің Қор елімізде бұқаралық балалар спортын дамытуға баса назар аударады. Балаларды салауатты өмір салтына баулу, дұрыс әдет қалыптастыру қазір бұрынғыдан да маңызды. Олар белсенді болып, таза ауада, құрдастарымен көбірек уақыт өткізіп, қоғамға бейімделу керек. Балалар қолынан не келетінін көрсететін, шабыт беретін осындай спартакиаданың ұйымдастырылуын қолдаймыз. Жарыстан кейін іріктеу кезеңінде қолданылған барлық спорттық жабдық (теннис үстелдері, доптар, үстел ойындары) әрбір өңірдегі 30-дан астам мектепке беріледі, міне осылайша балалар спортпен шұғылдана алады», — дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жобалық басқару департаментінің директоры Әсет Қылышбаев.
Биылғы спартакиаданың жөні бөлек, 2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылы деп жариялады. Спорттық жарыстар шеберлікті шыңдайды, командалық рухты тәрбиелейді. «SportFEST Kazakhstan» еліміздің спорттық беделін нығайтуға айтарлықтай ықпал етеді.
— Мен «SportFEST Kazakhstan» финалдық ойындарында бірінші орын алдым. Өте қуаныштымын, өйткені республикалық ойындарда жеңімпаз атандым! Бұл менің алғашқы үлкен жеңісім. Ұйымдастырушылар – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Коммуникативтік бастама және стратегия Қорына» үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сыйлық – велосипед өте ұнады: үлкен және заманауи. «SportFEST Kazakhstan» жарыстарды ұзақ уақыт есте сақтаймын!», — деп өз әсерімен «SportFEST Kazakhstan» III Республикалық спартакиада финалының қатысушысы Айзада Назымқызы бөлісті.
Жалпы, үш жыл ішінде «SportFEST Kazakhstan» жарысына 21 мыңнан астам оқушы қатысты.
Айта кетейік, «SportFEST Kazakhstan» спартакиадасының жеңімпаздары арасында халықаралық жарыстардың чемпиондары, атақ-даңқы бар кәсіби спортшылар жоқ.
Бірнеше күн бойы спартакиадаға қатысушылар спорттың алты түрі бойынша ғана сайысқан жоқ, сонымен бірге, күн сайын Бурабайда серуендеп, кино кештер, галокамерадағы емдеу шаралары, модельдеу, сурет салу, робототехника үйірмелерін аралап, мектеп тәлімгерлері мен әншілердің концертіне қатысты.
— Мен осындай жарыстарға алғаш рет қатысып, бірінші орын алдым! Әрине, өте қуаныштымын! Финалдың ұйымдастырылуы маған ұнады, өте көңілді және қызықты болды, кеңесшілер әртүрлі ойындар ойлап тапты, біз бассейнде де жүздік, сонымен қатар көптеген достар таптым, олармен болашақта араласатыныма сенімдімін, – дейді «SportFEST Kazakhstan» ІІІ Республикалық Спартакиада финалының қатысушысы Арыстан Досмұхамбетов.
Спартакиада әдеттегідей екі кезеңде өтті. Алдымен барлық облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының аумағында, облыстық маңызы бар аудандар мен қалаларда өңірлік жарыстар өтті. Бірінші іріктеу кезеңінің жеңімпаздары финалға жолдама алды. II кезеңде облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың атынан спорттың әрбір түрі бойынша жеңімпаз атанғандар қатысады.
БАҚ үшін байланыс нөміріміз:
Арина Молдаш
+7 775 414 2119
aaltynai.a@mail.ru