Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайтыны айдан анық емес пе?!
Бүгінде еліміз мемлекеттік басқару үлгісін ауыстыруды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік әрі қоғамдық көзқарастар жүйесінің өзгеруін басынан кешіріп отыр. Қазірде аталмыш үрдіске нақты мағына беру үшін “Екінші республика” анықтамасын мемлекет басшысынан жиі естиміз. Расында да, Екінші республика – ол әбден жақын әрі айтарлықтай сезіліп тұрған мақсат. Өйткені, Президент бастама еткен саяси реформаларды жүзеге асыру осы жылдың ішінде іске аспақшы. Яғни, Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы болса, ал Екінші республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы деп түсінуіміз керек. Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихының келесі парағын, тағы бір жаңа кезеңін, “Екінші республиканың” даму бастауының негізін көрсетіп отыр. Мұны Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес деуге болады. Өте құптарлық саяси да көреген қадам.
“Біздің мақсатымыз – барлық саланы жаппай реформалау емес. Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ. Кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттігімізді нығайтып, әлеуетті арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – мен үшін айқын ұстаным”,- деген еді ел Президенті.
Қарап отырсақ, кезіндегі келмеске кеткен Конституциялық сотты жаңғырту, мемлекет басшысының саяси партияларда болмауы, парламент өкілеттігін күшейту, қос палатадағы тың серпіндер, Ұлттық құрылтай құру мен мәжіліске заң қабылдау құқығының берілуі, партияларды тіркеу мен сайлау үрдісіндегі өзгерістер, ел басшысының жақын туыстарының биік, мәртебелі лауазымда орын алуын шектеу, әкімдерді тағайындау жөніндегі ұсыныстар, қарапайым азаматтардың құқығын қорғаудың заңнамалық шаралары, сот, құқық қорғау жүйесіндегі оңтайлы өзгерістер, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын арттыру, жер, табиғи байлықтың меншік иесі халық екендігі және тағы басқа халыққа жақын шаралардың бәрі қоғам тарапынан қолдау тауып жатыр. Қоғам талқысынан өтіп жатқан осынау оңтайлы да оң өзгерістер азаматтық қоғам құрамыз деп жатқан еліміз үшін өте маңызды әрі қажет. Сонау 2019 жылдың соңында бастау алған алғашқы саяси өзгерістердің бірінші кезеңі міне, төртінші сатыдан өтіп, келесі асуға бет алып отыр.
Референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді, демократиялық тұрғыдан жаңа Қазақстан құру бағдарымызды нығайтады, қарапайым халықтың ресми билікке деген сенімін күшейтеді. Болашақта Қазақстанда авторитарлық дара биліктің қайта орнауына жол бермейтін баптардың енгізілуі соның айғағы. Қазақстанда тек заң үстемдігі мен демократиялық басқару моделін қалыптастыру үшін қоғам мен билік арасындағы сұқбаттастықты мейлінше дамыта бергеніміз жөн. Билік те өз тарапынан халық сеніміне ие болу, билік аппаратының беделін көтеру мақсатында тың саяси бастамалар көтеріп келеді. Қарап отырсақ, ел тарихының жаңа да тың беті жазылуда, қоғам бұрын-соңды болмаған серпілісті басынан кешіруде, ең бастысы халық сенімінен шыға білу. Сенімнен айырылған билікті енді тарих та, халық та кешірмесі анық.
Марат Сырлыбаев,
Ақмола облыстық мәслихатындағы
«AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі
Тапсырыс беруші: Сырлыбаев Марат Қадырұлы