Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ даласы озбыр саясаттың салдарынан нағыз қанды қырғынға айналғаны белгілі. Карлагта 1932 жылы 10 мың адам айдалған болса, 50-жылдары олардың саны 65 мыңнан асты. Николая Апачидидің ата-анасы қазақ даласына өскелең шағында келген.
Атасының қонысы Қаратеңіздің жағалауына жақын болса керек. Алайда оған жала жабылып, кейін атылған. Ал оның жұбайы көп баламен қазақ жеріне қоныс аударылады. Николайдың өз ата-анасы осы жерде танысып, үйленген. 6 бала өсіріп, барлығына жоғары білім беріпті. Күшпен қоныс аударылғандағы жантүршігерлік оқиғалар қазір ұрпақтаy ұрпаққа айтылып келеді. Николай Апачиди, қала тұрғыны: – 1956 жылға дейін олар комендатураға барып, ешқандай құқық бұзбағаны жөнінде белгіленіп отырған. Жергілікті қазақ халқымен кіршіксіз қарым-қатынаста болыпты. Тіпті қазақтардың үйіне қонып, олар барын алдымызға төсейтін деп айтып отыратын.
Бір көшеде көршілес шешендер, гректер, украиндар мен ингуштар болған. Олар да көп балалы отбасылар еді. Бір үйден майдың иісі шығып, бауырсақ пісірсе, бәрі сол үйге баратын. Себебі қазақтар қашан да бөліп беретін еді. Қарағандының өлкетану музейі қазір жаңа экспонаттармен толыққан. Солардың бірі қуғын-сүргін құрбандарына арналған залдағы мына хат. Оны Жетеудің хаты деуге болады. Себебі тұтқында болған 7 адам бірігіп жазып, бөтелкенің ішіне салып, саманнан салып жатқан лагерь қабырғасына қосып илеп жіберген.
Бүгінгі ұрпақ тауып аларына сенімді болса керек. Қысқасы, болашақтың капсуласы іспеттес бұл хатты Долинкаға жақын Қызыл селосының адамдары тауып алып, музйеге тапсырған. Әділ Тобылов, музейдің ғылыми қызметкері: – Олар бұл хатта жазықсыз айдалғандарын, адам көрмес қасіретті бастан өткергендігі туралы жазады. Хатты болашақ ұрпаққа жолдай отырып, мұндай қасіретті қайталамау керек деп өтініш білдіреді. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.
Анкеталық құжатқа сай олар жазасын өтеп, босап шыққан. Бұл хаттар бізге аса құнды. Бізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл хат оларға нағыз дәйек хат ретінде көп ақпарат береді. Қарағанды жері қуғын-сүргін құрбандары ең көп жапа шеккен жер.
Бүгінде Долинка кентіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге әлемнің әр түкпірінен адамдар келіп, қасіретті жылдардың тарихын өз көзімен көре алады. Ал Спасск мемориалды тақтасы тұрған жерге қазір 30-ға жуық ел құлпытас қойып, қаза тапқан жақындарына тағзым еткен. Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар
Дерекөз: 24.kz