Жуырда Атырау қаласында өткен қазақтың даңқты батыры Дәулетәлі Жарыұлына арналған республикалық мүшәйрада ақмолалық ақын Алмас Темірбай бас жүлдеге ие болды.
Есімі ұрпақтарының ауызында құрметпен айтылатын Дәулетәлі батырдың жырдағы, өлеңдегі тұлғасын қалыптастыру, қазіргі қазақ ақындарының поэзиясы арқылы баба бейнесін жырмен сомдау мүшәйраның негізгі мақсаты болды.
Мүшәйраға еліміздің түрлі өңірлерінен қатысқан 23 ақынның ішінен 9 ақын жүлделі орындарға ие болды.
Бас жүлдені көкшетаулық ақын, Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Президент стипендиясының үш мәрте иегері, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі Алмас Темірбай қанжығасына байлады.
–Атың барда жер таны желіп жүріп» деп өскен қазақтың баласымыз. Ата-баба салтын берік ұстанған Адай Ата ұрпақтарынан бәріміздің, әсіресе, жас ұрпақтың үйренері көп. Атадан ақын болып туған соң осындай қазақтың біртуар тұлғаларын жыр ету, көпке үлгі ету – ақындық міндетіміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша жүлдегер ақын бауырларымды құттықтаймын, – деп ой бөлісті бас жүлде иегері мүшәйра қорытындысында.
Бұл додада бас жүлдеге 1 миллион, бірінші орынға 500 мың, екінші орынға 300 мың, сондай-ақ, екі үшінші орынға 150 мың теңгеден жүлде тігілді. Төрт ақын 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.