Қазақстанның конституциялық реформасы — бұл жұртшылықтың сұрауы мен ұсыныстарына негізделген саяси реформалардың президенттік бағдарламасын іске асыру. Бұл туралы қазақстанның Израильдегі елшілігінде өткен ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға арналған дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов конституциялық реформаның тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның пікірінше, Қазақстанның конституциялық реформасы — бұл жұртшылықтың сұрауы мен ұсыныстарына негізделген саяси реформалардың президенттік бағдарламасын іске асыру. Ол мыналарды қамтиды: қолданыстағы саяси модельді түбегейлі трансформациялау, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың оңтайлы теңгерімін қалыптастыру және мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог құру», — деп атап өтті ол.
Өз баяндамаларында Израиль сарапшылары Қазақстан билігінің саяси жүйені трансформациялаудағы және мемлекеттің одан әрі өркендеуі жолындағы жүйелі тәсіліне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып жатқандығын мәлімдеп, өзара ынтымақтастықтың болашағын жоғары бағалады.
Айта кетейік, дөңгелек үстелді 31 мамыр күні Қазақстанның Израильдегі Елшілігі жетекші саясаттанушылар, Израиль БАҚ өкілдері және Қазақстан достары клубының қатысуымен ұйымдастырды. Іс-шара Израиль сарапшылар қауымдастығының Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістерге қызығушылығын көрсететін белсенді пікірталас форматында өтті. Қазақстаннан шыққан бүкіл израильдік иммигранттар қауымдастығының төрайымы Зинаида Полянскаяның ұсынысы бойынша жиын 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстандағы Конституциялық реформалар бойынша ICES президенті, Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры Александр Цинкер, Еуроазиялық еврейлер конгресінің бас директоры доктор Хаим Бен Яаков, «Israel Hayom» күнделікті газетінің аға шолушысы Ариэль Бульштейн, Қазақстан мен Орталық Азиядан келген еврейлер халықаралық ұйымының төрайымы Наталья Дивинская Иерусалим университетінің профессоры доктор Владимир Месамед, профессор Зив Ханин, саясаттанушы Юрий Бочаров және басқа да қатысушылар баяндама жасады.