Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік рәміздер –  елдігіміздің белгісі - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік рәміздер –  елдігіміздің белгісі

Мемлекетіміздің ұлттық құндылығы болып саналатын мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Ту, Әнұранды – Тәуелсіздігіміздің басты байлығының көрінісі, бейбітшіліктің, татулық, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі ретінде қадірлеуіміз керек», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тәуелсіз жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері.

Осы орайда, ұлттық геральдикамыздың тұғыры – мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтық нормативін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 Қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылған болатын.

Мекемеге ең әуелі, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын зерттеу; мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың құқықтық-нормативтік жүйесін бақылау; ведоместволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру; заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрметпен қарауын қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Жалпы оқырман қауымға түсінікті болу үшін, геральдика ғылымы туралы азырақ түсінік бере кетуді жөн санадым.

Геральдика деген ұғым – ғылым. Ол алуан түрлі символдар мен таңбаларды, елтаңбаларды зерделейді. Геральдика қарапайым таңбадан бастап мемлекеттің елтаңбасына дейін зерттейді. Ол таңбалардың, белгілердің мәні, мағынасы, өзектілігін пайымдайды. Тарихи ақпараттарды және қай дәуірде қандай тайпаға, тайпалық одаққа, хандыққа қатысты екенін тарихи тұрғыда зерттейді. Тұжырымдап айтсақ, қандай да бір халықтың бүкіл бүтін тарихын өнер тілімен абстракты түрде бейнелеген код.

Зерттеушілер, геральдикамен айналысатындар, әр түрлі таңбалардың символдарын, таңбаларын, белгілерін, елтаңбаларындағы кодтардың, шифрлардың мән-мағынасын ашып түсініктеме жасайды. Ал, кодталған таңбалар қай дәуірде қай тайпаға қатысты болғанын, оның сабақтастығын, кейінгі мұрагерлерін, оған байланысты тарихи оқиғаларды кең түрде зерттеп, зерделеп халыққа, оқырманға ұсынады.

Міне, геральдика дегеніміз бір ұлттың ғана емес, бүкіл бүтін бір материктегі хандықтар мен империялардың ұлттық белгісіне, елтаңбасына айналатынын көріп отырмыз. Біздің геральдикалық символдарымыз континент аттап, Еуропадағы бүгінгі қуатты мемлекеттердің елтаңбасы болып орын тепкен. Осыған қарап, геральдика дегеннің тарих ғылымының бір саласы екеніне көз жеткіземіз. Мұнда кодталған үлкен тарих жатыр. Бұл тарихты археологтардай ыждаһаттықпен қарастырып, ұлттың, халықтың ежелгі және бүгінгі тарихын зерттеудің бір қайнар бұлағына айналдыру геральдика ғылымының алдында тұрған аса үлкен проблема. Осы мәселеге мемлекет тарапынан арнайы көңіл бөлініп, қолға алса, Күлтегін бабамыздың өсиетін орындап, әлем елдерінің ортасынан ойып орын алып, ай мен күн бейнелі көк туымыз тым-тым биікте мен мұндалап желбіреп тұратын болады.

Биыл ел рәміздерінің 30 жылдығы аясында біздің орталық тарапынан ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сәуір айынан бері Қорғаныс министрлігімен, Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдарымен және Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп, Елтаңбамыздың авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібековпен кездесулер ұйымдастырдық. Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігімен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысының бірнеше қалалары мен аудандарында мемлекеттік рәміздердің қолдану барысын тексеру жұмыстарына атсалыстық. Алдағы уақытта мемлекеттік рәміздерді қолдану мен пайдалану барысын түсіндіру мақсатында семинарлар өткізетін боламыз.

Қазіргі таңда 2 маусым күні Рәміздердің 30 жылдығына орай, Еуразия Ұлттық университетімен бірлесіп, ғылыми-практикалық конференция, ал, 3 маусым күні елордада Қазақстан патриоттарының Форумын ұйымдастыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл шаралардың басты мақсаты – қоғамның мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, патриоттық сезімін ояту.

Өкінішке орай, көп жағдайда өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде жүргізілетіні жасырын емес. Ғимаратқа кіре беріске іліп қойғанымен, ол халық арасында кеңінен насихатталмаса, іс-шаралар өткізілмесе, түсіндірмесе бәрі зая кетеді. Тек ғана 4 маусым күні мемлекеттік рәміздерді еске алып, бірнеше ұсақ-түйек шаралармен шектелетініміз шындық. Әр өңірде ішкі саясат, мәдениет, жастар саясаты басқармалары, жастар ресурстық орталықтары бар. Бұл – үлкен күш. Олардың басын біріктіріп, елдік мақсатта ауқымды шараларға пайдалануға болады. Өкінішке орай, көп жағдайда акция, флешмобтардан аса алмай жүргеніміз рас. Заман ағымына сай, жаңа әдіс тәсілдер қажеттігі аян.

Бұл жұмыста өткен жылы Ақмола облысының бастамасымен бүкіл елге тараған «Менің туым – менің елім» акциясының ауқымды, әсерлі болғанын айта кеткен жөн. Бүкіл қазақ даласы, жастары да, жасамыс  қарттары да қолдарына ту ұстап, атқа қонды. Бұл акция қажет болған жағдайда бір тудың астына біріге алатынымызды білдіреді.

Қазіргі таңда біздің орталық Түрік елдерінің туын насихаттау жұмысын кеңінен зерделеп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Еуропада өткен саммит барысында жерге жапсырып қойған туды Түрік елінің Президенті Ережеп Тайып Ердоған мырза алып, қалтасына салып алған еді. Бұл – мемлекет басшысының өз туына деген құрметі. Үлгі боларлық іс.

Жалпы Түрік елінде күнделікті өзара түрлі саяси кикілжіңдерге барып жатса да, Ту көтерілгенде халық түгел жиналады. Бұл – мемлекеттік рәміздерге, елге, ұлтқа, халыққа, тарихқа деген құрмет.

Міне біз осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Әсіресе, тик-токпен тәрбиеленіп келе жатқан өскелең ұрпақтың санасына мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіндіру күн тәртібіндегі басты мәселе. Ертең ел басқаратын, көк туымызды қолына ұстап, кемел келешекке бізді бастайтын осы жастар. Қазір дұрыс тәлім-тәрбие бере алмасақ, кейін өкінгеннен еш пайда болмасы анық.

Біздің көк туымыз әлемдегі ең әдемі тулардың бірі. Шәкен Ниязбеков ағамыз көк тудың ішіне бүкіл қазақтың болмысын, тарихын сыйдыра білген. Бейбітшіліктің белгісі көк аспанда сонау ғұн заманының аттан түспеген жауынгер халықтың күн нұрымен  қыран бүркіттей қалықтап ұшуы, зерделі оюы ұлтымыздың ұлылығын білдіреді.

1992 жылы мемлекеттік рәміздеріміз қабылданған уақыттан бері мемлекеттік туымыз әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде 4 мың рет көтерілсе, ғарышкерлер Айдын Айымбетовпен және Талғат Мұсабаевпен бірге 150 рет ғарыш орбитасын айналып шыққан екен. Біздің туымыз оңтүстік, солтүстік полюстер мен Антарктида мен Арктикада, әлемнің ең биік шыңы Эверестеде тігілген.

Ал, Елтаңбамыз әлемдегі ең әдемі елтаңбалардың ішінде 9 орынды алып тұр.  Қара шаңырақты уықтары тіреп, пырақтың қанатымен қоршалғанын, қазақтың жұлдызы жоғары тұрғанын басқа сөздермен теңеп айта алмаймын.

Қазіргі Гимніміздің өзі де қазақтың рухын, болмысын айшықтап, Отанымыз бен елімізге деген мақтаныш сезімімізді маржан сөздермен тізбектеп жеткізіп тұр емес пе? Осындай керемет рәміздері бар елдің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ боларына сенімім кәміл.

Өскемен қаласына барғанымда орталық көшелердегі барлық биік ғимараттардың балкондарының мемлекеттік тумен безендірілгенін көріп, риза болдым. Осындай игі бастаманы басқа қалаларда жалғастырса, туымыз әр қазақтың төрінде, ғимараттарда ілініп тұрса, қандай керемет.

Мақаламда орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы да оқырмандар үшін азды-көпті баяндай кетуді жөн санап отырмын. Орталық өзіне жүктелген міндеттерді тыңғылықты атқару үшін әкімшілік және ғылыми-сараптамалық тетіктерін жетілдіру қажет деген ойдамыз. Бұл ретте, еліміздегі маңдайалды мамандармен тығыз байланыс орнатып, архив, музей қызметі, кітапхана ісінің көмегіне жүгінгенді жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді және геральдикалық белгілерді қолдану бойынша халықаралық тәжірибе зерделенбекші.

Өйткені, қазіргі уақыт – жаңа технологиялар мен ақпараттық тасқын ғасыры. Бүгінгі таңда тұрмысымызға сырттан дендеп ене бастаған неологизм сипатты жат элементтер жетерлік. Бұл құбылыстар ұлттық геральдикамыздың рухани-тарихи және этнокескіндемелік сипатына әсер етуде. Оның сыртында, қазақ геральдикасының термин мәселелері, геральдика сөздігін әзірлеу сынды ауқымды  жұмыстар тұр.

Жасырмай айтқанда, бізде геральдика туралы заң бар да, идеология жоқ. Оның сыртында, геральдист маман тапшы. Алдағы уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетімен бірлесіп, геральдист мамандар даярлау ісін қолға алсақ деген жоспар бар. Сонымен қатар, қазақ геральдикасының тарихын, этнографиясын насихаттау және қолданыстағы мемлекеттік рәміздер мен белгілерді таныту мақсатында «Қазақ геральдикасы» кітабын шығарып жатырмыз. Бұл жұмысты белгілі тарихшы ғалымдар Сартқожа Қаржаубай, Роза Кенжебекова, Айдын Рысбекұлы, Зейнулла Самашев, Халиолла Саматұлы, Қайрат Бекен, Жібек Болтанова  сынды азаматтар ат салысып, жазып шықты. Ол «Көкше-Полиграфия» баспасынан бүгін, ертең шығып, «Патриоттар форумында» тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартады деп жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, орталық жанынан «Тарихшымен сұхбат» атты ютуб каналы тұрақты жұмыс істеп тұр. «Қазақ геральдикасы» журналын шығару да ойымызда бар.

Алдағы күндері мемлекеттік рәміздер бойынша өңірлердің ішкі саясат басқармалары, мемлекеттік стандарттау және метрология комитеті, сертификаттау мен стандарттау институтымен бірлесіп, жұмыс жүргізу ісін жандандыратын боламыз. Осы мақсат тұрғысынан Елтаңба авторы Жандарбек  Мәлібековпен бірлесіп, еліміздің бірнеше өңірлерінде іс-шаралар өткізетін боламыз.

Сондай-ақ, алдағы жылы орталық жанынан қазақ геральдикасының экспозициялық көрме залын ашумен қатар, осы шараға орайластырып, геральдистердің халықаралық конференциясын өткізу, тіпті, болашақта геральдистердің  одағын құру қатарлы үлкен істерге мұрындық болсақ дейміз. Туы мен Елтаңбасын, тілін  қадірлеген елдің әманда болашағы зор.

Әр азаматтың жүрегінде мемлекеттік рәміздерге, ана тіліне деген құрметті ояту бір мекеменің емес, барша қоғамның ісі. Мұны әрқайсымыз өз отбасымыздан бастауымыз керек. Жаңа Қазақстан құрудың алғышарттарының бірі өз Отанын, тілін сүйетін жастардың тарих сахнасына шығуына септесіп, еліміздің дамыған, дара ел болуына жол ашу. Ендеше, мағынасы мен маңызы зор іске бір жұдырықтай жұмылып, атсалысайық, береке мен бірлік танытайық, ағайын!

Асылбек Байжұмаұлы,

Мәдениет және спорт министрлігінің

«Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар