– Көкшетау қаласының тұрғыны 19 жастағы Зарина Іргебекова өзі тіркелген №729 референдум учаскесінде дауыс берді. Оған дауыс беру науқанына алғаш рет қатысқаны үшін естелік сыйлық табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен алғаш рет референдумға қатысып отырмын. Келешек үшін үлес қосып отырғанымды мақтан тұтамын. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын», — дейді ол. Бұл референдум учаскесі Көкшетау қалалық құрылыс-техникалық колледжінде орналасқан.
Учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Анар Сәдуақасованың айтуынша, мұнда барлығы 2 570 дауыс беруші тіркелген. Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 187 адам дауыс берген. Ақмола облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, облыста барлығы 718 референдум учаскесі, 507 447 дауыс беруші тіркелген.