Бүгін елімізде ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Осыған орай Көкшетау қаласында референдумға қатысушылардың дауыс беру науқаны қызу жүруде.
Еліміз үшін маңызы зор саяси науқанға атсалысуға тілек білдіргендер қатарында ардагер журналист Бақберген Амалбеков те бар. Ұзақ жылдары еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болған әріптесіміз өзі тіркелген №729 референдум учаскесіне барып, дауыс берді.
«Еліміздің азаматы ретінде саяси науқаннан шет қалуды жөн көрмедім. Өйткені, осы референдум арқылы мемлекетіміздің келешегін қалыптастыруға үлес қосамыз», – деді ардагер журналист.
Ақмола облыстық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтің айтуынша, облыста барлығы 718 дауыс беру учаскесі, 507447 дауыс беруші тіркелген.