Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы 43-44-референдум учаскелерінде референдумға дауыс беру жалғасуда.
Қазақстанда ең алғашқы референдум осыдан 27 жыл бұрын 1995 жылы өткен болатын.
Ал, биылғы референдумда Конституцияға өзгерістер енгізіледі. Яғни, Ата Заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Осыған орай, 43-референдум учаскесінде барлығы 2611 дауыс беруші қатысуы тиіс болса, сағат 10.00-ге дейін 240 адам референдумға келіп дауыс берген.
Еліміздің ән ұранымен басталған референдумның бірқалыпты өтіп жатқанынан хабардар еткен 44-референдум учаскесінің төрағасы Қанат Қиянбекұлы Шаймерденов, әдеттегідей, бірінші болып келген дауыс берушіге сыйлықтары да табыс етілгенін атап өтті. Одан әрі 43-референдум учаскесінде де болып, ондағы референдумның өту барысын қадағаладық.
– Референдум тура сағат 07.00-де басталды. Соған дейін он бес шақты дауыс беруші ерте келіп тұрды. Сағат 10.00-ге дейін 236 адам өз дауыстарын беріп үлгерді. Жалпы, участокте 2810 дауыс беруші бар. Референдум барысын қадағалауда үш бақылаушы отыр. Олар «Аманат», «Ақ жол» партиялары мен партиялық емес бақылау орталығы.
Бізде комиссияның 9 мүшесі бар, соның 7-еуі дауыс берушілерді қабылдап, қызмет көрсетуде. Міне, өзіңіз көріп отырғандай, қазір референдумға келушілер қатары көбейіп жатыр. Халықтың келуі қанағаттанарлық. Кешкі 20.00-де дауыс беру аяқталып, жабылғаннан кейін комиссия қорытындысын шығарады. Алдын ала жүргізілген жұмыстардың негізінде тиісті дәрежеде өтеді деген сенімдеміз, – дейді, бізбен әңгімесінде, 43-референдум учаскесінің төрайымы Сәуле Жұмашқызы Өмірбаева.
Жалпы, Қазақстанның 18 жасқа толған әрбір азаматы референдумға қатысуға құқылы. Барлық өңірде референдум учаскелері жұмысын жалғастыруда. Оған қоса, 52 мемлекетте дауыс беруге болады. Таңғы сағат 07.00-ден басталған дауыс беру уақыты барлық өңірлерде бірдей 20.00-ге дейін жалғасады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.