– ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін Бақ өкілдеріне берген жауабында жыл аяғына дейін сұйытылған газдың бағасы қымбаттауы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, табиғи газдың бағасын біздер бірлескен бұйрықпен бекітіп қойдық. Орташа деңгейде 8 пайыз өседі. Ал сұйытылған газға келсек, жыл аяғына дейін заңды түрде бекітуге мүмкіндік жоқ. Біздер оны бақылауға алуды мақсат етіп отырмыз.
Үкімет біздің министрлікке, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, Ұлттық экономика министрлігіне осындай міндет жүктеп отыр», — деді Болат Ақшолақов. Министрдің пайымынша, бұл мәселеде газ өндіріп отырған зауыттардың да жағдайын ойлау қажет. «Қазіргі таңда сұйытылған газдың орташа бағасы бір тоннасына 28 мың теңге. Бұл, әрине, өзіндік құнын ақтамайды. Бекітілген баға 28 мың теңге болса, өзіндік құны 60-90 мың тегенің арасында құбылады, әр зауытта әрқалай.
Сондықтан біз оны шамамен көтеруіміз керек негізі. Келесі 180 күндікке сұйытылған газдың бағасы сәл өсуі мүмкін – 20 пайыздан артық емес. Көп емес, мысалы, қазір бір тоннасы 28 мың теңге болса, 36 мың болады. Басқаша айтқанда, көтерме баға 1 литрге 27 теңгеден болса, 29 теңге болады.
Жанармай құю стансаларындағы бағаны бүкіл құзертті органдар бақылауына алады. Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Ондай фактілер бойынша тиісті шаралар қолданылады», — деді Болат Ақшолақов. Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет сағатында көлеңкелі экспорт сұйытылған газ бағасын қымбаттатуы мүмкін екенін айтты.