Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің директоры, ТМД Консультативтік кеңесінің төрағасы Нұрмахмад Ато Ахмадзоданы қабылдап, азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша екі жақтың қолда бар мүмкіндіктерін пысықтады.
Кездесуде аймақ басшысы Ақмола облысы елімізде ауыл шаруашылығы тауарларын өндіріп, экспорттаудан жетекші өңірлердің бірі екендігін атап өтіп, нақты мысалдар келтірді. Мәселен, ол Тәжікстан Республикасымен тауар айналымының жыл сайын біртіндеп өсіп келе жатқанына қарамастан, оның көлемі тараптардың ешқайсысының да көздеген ойынан шығып отырмағанын айтты. Сонымен қатар, қазіргі геосаяси жағдайда, кейбір елдер көптеген тауар экспортына шектеулер енгізгеннен кейін логистикалық проблемалардың туындайтыны тағы бар.
–Әлемдік экономикаға кіріккеннен кейін біз оның құбылмалылығын сезінбей қоймаймыз. Бұл бағаға сөзсіз әсер етеді,– деді облыс әкімі. – Солардың ішінде бүгінде туындап отырған мәселе – көкөністер мен жемістердің бағасының маусымдық өсуі.
Бауырлас елмен ынтымақтастықты кеңейту осы реттегі өткір мәселелерді барынша шешуге мүмкіндік береді.
–Биыл бізде шие барынша көп сатылды. Қазіргі уақытта біз жүзім мен көкөністердің жақсы өнімін күтіп отырмыз және оларды кез келген көлемде жеткізуге дайынбыз. Қазақстанда логистикамен айтарлықтай мәселелер туындап жатқан жоқ, – деп сендірді Тәжікстан Республикасының өкілі.
Сонымен қатар, Нұрмахмад Ато Ахмадзода Тәжікстаннан тауарлар ағыны біздің ел арқылы көрші Ресей Федерациясына өтіп кетіп жатқандығына назар аударды. Себебі, Қазақстанмен уағдаластықтар мен келісім-шарттар тиісті көлемде жасалмаған көрінеді.
Облыс әкімі қонақтарға Елорданың айналасындағы азық-түлік белдеуін қамтамасыз етудегі біздің облыстың рөлі және оған жақын жерде ірі логистикалық хаб ұйымдастырудың орынды екендігі туралы хабардар етті. Ол тәжік үкіметі өкілінің Көкшетауда бірлескен сауда үйін құру туралы ұсынысын қолдады.
– Тәжікстанға жылына кемінде екі миллион тонна астық қажет. Өзімізде біз оның 700-800 мың тоннасын өсіреміз, ал, қалғанын сырттан сатып аламыз, –дей келе, мейман ақмолалық тауар өндірушілермен тығыз сауда байланысын орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Ермек Маржықпаев біздің өңір мен Тәжікстан Республикасы арасындағы жан-жақты байланысты нығайту барысында тәжік диаспорасына берік арқа сүйеуге, атап айтқанда, оның көшбасшысы-облыстық мәслихаттың депутаты, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Омар Шоназаровқа сенім артуға болатынын атап өтті. Бұл кездесу облыс басшылығының өз тарапынан азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға күш салып жатқандығының бір дәлелі.
Нина МИТЧИНОВА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.