Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауға жырау келді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауға жырау келді

Көкшетауға жырау келді!…Иә, қазақтың бүгінгі таңда азайып бара жатқан бекзат өнерін ұстанған, ұрпаққа ата-бабамыздың ізгі өсиеті, ақылы мен нақылы, тарихы мен шежіресін жаңаша бір леппен, жаңаша бір мақаммен өретін Әбіш Әділбек атты жыршы келді.

Жыраудың терең толғауын да, ақынның ақжарма  жырын да, жыраудың жалынды  жырын да  жалықпай тыңдайтын  сұңғыла халқымыз осынау сан қырлы өнерпаздардың қай-қасысын да қапысыз сыйлап, құрмет тұтады. Әттең, оларды там-тұм, тым сирек көретініміз ғана өкінішті.

Асқақ Алатаудың баурайында, ақиық ақын Мұқали Мақатаев туған киелі өлкеде дүниеге келіп, заң саласында тиянақты қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан Әбіш Әділбек бойына біткен сирек талантына түбегейлі көшкен. Сөйтіп, сонау заманғы Күлтегін, Кетбұғалардың сирек тағылымдарын тартымды мақаммен өріп,  қазақ тарихының небір кезеңдерінен қалған дерекке толы дастан, термелерін төкпелеп, қарттардың құлақ құрышын қандырып, жастардың рухын жанып жүрген жайы бар екен.

Сол салиқалы өнері жоғары бағаланып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқу-әдістемелік кеңесі  «Жыраулар сөзі –тарихтың көзі» атты кітабын баспаға ұсынып, жарыққа шығарып, оқу құралы ретінде пайдаланып жүрген көрінеді.

«Елдік  пен ерліктің шежіре жырлары» атты СД форматтағы дискісін Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арнаған автор, ол үнтаспаға өз дауысымен сирек репертуарын енгізген.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы кездесуінде Әбіш Әділбек өзінің өмір жолы, шығармашылық ізденістері, алға қойған мақсаттары туралы баяндап, мағынасы терең әңгімесін терме-толғау, жырлармен жалғастырды.

-Сіз өзіңіздің өнеріңізбен біздің кеудемізге жаңадан бір шырақ жаққандай болдыңыз. Жас ұрпаққа, олардың ертеңіне алаңдайтыныңыз, ана тіліміз, ата дәстүріміз үшін талмай тер төгетініңіз мынау ұсынған шығармаларыңыздан көрініп тұр. Осы шығармашылық сапарыңыз ұзағынан болғай. Қай өңірде де сіздің ақ ниетті, адал сөзіңізді тыңдаушылардың мол болары кәміл,  – деді ел атынан жырауға жылы ықылас білдіріп, алғыс айтқан жазушы-драматрг Жабал Ерғалиев.

Кітапхана директоры, ақын Қуаныш Оспанов қонаққа ескерткіш сыйлықтар ұсынып, шығармашылық табыстар тіледі.

                                         Серік Сапарұлы,

                                «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар