Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүрегі мейірімдінің қолы жеңіл - АРҚА АЖАРЫ

Жүрегі мейірімдінің қолы жеңіл

Жұмсақ жүректі, мақпал мінезді, жылы жүзді, жанарына мөлдіреген мейірім тұнған Ләззат апаймен танысқан сәттен-ақ оның адами болмысына, парасат-пайымына, ғұмыр жолына тәнті болдым.  Қатыгездігі басым қазіргі қоғамда ар мен жан тазалығын жоғары қоятын, бар ғұмырын адал еңбекпен өрген өнегелі жандардың ғұмырына қалайша тәнті болмайсың? Тәнті боласың һәм тамсанасың, осындай өнегелі жандар туралы жазуға асығасың, көңілге түйген ойды оқырманыңа ақтарғың-ақ келеді.

Медбике – дәрігердің сенімді серігі. Науқастың ауруынан айығып, аман-есен сауығып кетуіне септігін тигізетін де медбикелер. Яғни, олар  медицина саласының  негізгі күші десек артық айтқандық емес. Уақытпен санаспай, тәулік бойы көз ілместен, әр науқастың жанында да болатын, жанын да ұғатын мейірімді медбикелер.  Осындай ізгі ниетті, кеңжүректі, білімі мен білігі биік маманның бірі – Ақмола облыстық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің медбикесі Ләззат Байдүйсенова. «Бәрінен де өз пациенттерімді жақсы көремін» деді ол бір сөзінде бізбен болған сұхбат барысында. Медицинаны өміріне балайтын, әр емделушіге туғанындай қарайтын Ләззат апайдың өнегемен өрнектелген ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа ғибрат болардай.  Жауапкершілігі аса жоғары медбикенің жұмысы  екі дүниеде де сауабы мол еңбек қой. Себебі, шын ниет, адал көңілдің қайтарымы бар.

–Ауруханада ауру азабының салдарынан төсек тартып жатқан жанға алдымен жан жылуы қажет. Қазақ «Жақсы сөз жарым ырыс» демей ме? Сол себепті де әрбір емделушіге өз туғанымдай қарап, қамқорлық танытуға тырысамын. Медицина  – менің өмірім. Өмірлік бар мақсатым, адами абзал атыма кір келтірмеу.  Бір адамға болсын көмегім тисе, мен үшін сол – бақыт, – дейді медбике Ләззат Байдүйсенова.

Ләззат апай ел алғысына бөленген медбике ғана емес, бала көңілін көзінен ұққан, төрт баланың ардақты анасы, он немере-жиеннің аяулы әжесі. Отбасындағы тірлікпен бірге қызметті де алып жүру оңай-оспақ шаруа емес қой. Қырық жылға жуық бір салада, оның ішінде отыз жыл бойы бір мекемеде, бір бөлімшеде табан аудармастан еңбек ету әркімнің қолынан келе бермейтін, қажырлы еңбек екені де даусыз. Қазіргі таңда Ләззат Байдүйсенова құрметті зейнет жасында болса да,  күні бүгінге дейін еңбектен қол үзген емес. Себебі, білікті мамандар қай уақытта болмасын тапшы, олардың тәжірибесі, білімі, білігі ауадай қажет. Отыз жылғы ғұмырын бір бөлімшенің жұмысына арнаған білікті маманның еңбегін бағалай білген бөлімше меңгерушісі Берік Нұрқановқа да Ләззат апайдың айтар алғысы шексіз.

Ләззат Әбілқайырқызы 1959 жылы өрнекті өлке, зерлі Зерендінің Қараөткел ауылында тылсым дүние есігін ашқан. Көп балалы отбасында дүниеге келген қызғалдақ қызды ауылдағы ата-әжесі бауырына басып, тәрбиелеген. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген бойжеткен қыз өскенде мал дәрігері болсам деп армандаса керек. Ауылдағы нағашы ағасы «Мал дәрігері болу қыз балаға аса қажет мамандық емес. Нәзік жандыға бұл ауыр жұмыс, ертеңгі күні абайсызда ауыр жарақат алып қалуың мүмкін. Одан да, ажал арашасы бола алатын дәрігер мамандығын меңгергенің дұрыс болады» деп ақыл қосса  керек. Үлкендердің айтқанын екі етпейтін елгезек, тілалғыш қыз болашағына жол ашып,  Көкшетаудағы медицина училищесіне оқуға түседі. 1984 жылы аталмыш ордалы оқу орнын қызыл дипломмен үздік тәмамдаған соң, сол кездегі Көкшетау облыстық онкологиялық диспансердің хирургия бөлімшесіне медбике болып жұмысқа орналасады.

Онкология бөлмшесінде жұмыс істеу оңай ма? Ауыр диагнозбен ауру азабын тартып жүрген жандарға қолдау, демеу көрсетудің өзі бір сауап емес пе? Ләззат апайдың айтуынша диспансерде еңбек етіп жүрген жылдары аға буынның жас мамандарға ілтипаты ерекше болған. Әсіресе, Өмірбек Бәйкенұлының ағалық қамқорлығына,  диспансердің аға медбикесі, туған анасындай болған Қалима Батайқызының жанашырлығына, ақыл-парасатына, жалпы сол жылдары бірге қызметтес болған аға буынның барлығына дән риза. Ол жұмысқа орналасқан жылы медицина қызметкерлері арасында «Үздік медициналық қызметкер» байқауы ұйымдастырылған екен. Жұмысқа орналасқанына бар-жоғы алты ай ғана болса да, үлкендердің қолқа салуымен байқауға қатысады. Жас маманның жолы болып, бұл байқауда  жүлделі 1-ші орынға ие болыпты. Аға буынның ақ батасына, ел алғысына бөленген жас маманның алдағы ғұмыры да тек қана осындай  жылы лебізге, ақжарма алғысқа толы болды.

Ләззат Әбілқайырқызы білікті маман ғана емес қоғамдық өмірге белсене атсалысып, игі істердің көшбасында  жүретін  жан.  Тіл жанашыры ретінде де қазақ тілінің дамуына да зор үлес қоса білді. Мысалы, 1999 жылы  Наурыз мерекесіне орай офтолмалогиялық диспансер бөлімшелері арасында өткен байқауда ұлттық тағамдар дайындап, арнайы номинациясы бойынша жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. 2000 жылы Көкшетау қаласында медициналық ұйымдар арасында өткен Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауда да жүлделі 2-ші орынға ие болды. 2004 жылы онкодиспансердің медицина қызметкерлері арасында өткен тіл байқауына қатысып, жүлделі 2-ші орынмен марапатталды.

2010 жылы мемлекеттік тілді меңгеріп жүрген аурухана медбикелерінің қатысуымен ашық сабақ өткізіп, аталмыш сабаққа Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығының  қызметкерлері жоғары баға беріп,  комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік тілді меңгеріп жүрген топ мүшелері бірден 2 курсқа ауыстырылды. Сонымен қатар, 2010 жылы Ақмола облыстық тілдерді дамыту департаментінің ұйымдастыруымен медицина қызметкерлері арасында өткен қалалық байқауға қатысып жүлделі 1 орынға ие болған. 2011 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында медицина қызметкерлері арасында өткен байқауға қатысып, жүлделі 3-ші орынмен марапатталған. Біз жоғарыда санамалап өткен байқаулар Ләззат апайдың еселі еңбегінің бір парасы ғана.  Ол қолына қай істі алса да сол жұмысқа аса жауапкершілікпен қарай білетін өз ісінің нағыз шебері, майталман маман.

1986 жылы Ләззат Байдүйсенова онкологиялық  диспансердің жансақтау бөліміне ауысады. Ал, 1992 жылы денсаулығына байланысты онкологиялық диспансерден облыстық офтальмологиялық диспансерге  ауысып, бекет медбикесі болып жұмысқа тұрады. 2000 жылы офтальмологиялық  диспансер облыстық аурухана құрамына қосылды. Сол жылдары облыстық аурухананың бас дәрігері болып білікті дәрігер, білімді басшы Серік Аяғанов қызмет атқаратын.  Серік Аяғановтың ұжым мүшелеріне көрсеткен қамқорлығын, аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша атқарған жұмыстарын Ләззат апай зор ілтипатпен еске алып, осындай жандармен бірге бір ұжымда еңбек еткендігін бақытқа балайтындығын баса айтты.

Ләззат апай өте ізденімпаз жан. Ол білімін шыңдаудан еш жалыққан емес. Соның бір дәлелі 1999 жылы Көкшетау университетінде психология мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, оны 2002 жылы қызыл дипломмен тәмамдайды. Ол қазіргі таңда негізгі жұмысына қосымша жас мамандардың тәлімгері болып  та еңбек етуде. 2018 жылы «Менторларды даярлау бағдарламасы» циклі бойынша білімін жетілдірген. Қазіргі таңда студенттерді медбикелік қызметке баулып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қосымша тәлімгерлікпен де айналысады.

Ләззат Байдүйсенова еңбекқор, жауапты, іденімпаз,  адами болмысы биік жан. Ол кісінің қайырымдылық істермен де айналысатынын атап өтпесек айып.  Бір ғана мысал, Ләззат апай өз кезекшілігінде  ауруханаға түскен өрімтал жетім қызды өз қамқорлығына алғандығының өзі оның үлкен жүректі абзал адам екендігін аңғартып тұрған жоқ па?

Ақсары қыз медбике Ләззат апайдың туғаны да, бауыры да, өз баласы да емес еді. Бұл періште қызды бір күн бұрын ғана ауруханаға ота жасауға әкелген. Сандықтаудағы жетімдер үйінің тәрбиеленушісі екен. Медбике Ләззат апай дәрігер жазып берген барлық нұсқауларды уақытымен жасап, дертіне шипа беруге тырысты. Өзі де ана ғой. Шаңырағында анам жұмыстан қашан келеді деп күтіп отыратын балапандарын ойлады ма, әйтеуір ана жүрегі дамыл таппағаны анық еді. Алланың алқауы, дәрігерлердің адал еңбегі, мейірімді медбикелердің тілеуі ме екен ақ сары қыз көп ұзамай тәуір болып кетті. Ал, Ләззат апай болса қызға бауыр басып қалған болатын.

Тіпті дәрігерлерден рұқсат сұрап, ауруханадан үйіне алып келіп, өз анасындай қамқорлыққа бөлей білді. Жанна қыз да жаутаңдап, «Мені енді жетімдер үйіне апармаңызшы» дегендей  ишара білдірген. Өкініштісі, Ләззат апай қанша әрекет жасаса да, Жаннаны өз қамқорлығына алу мүмкіндігі тумады. Бірақ, ол жазғы демалыс кезінде Жаннаны үйге алып келіп, өз балаларының ортасында, олармен бірге қыдыртып, сыйлықтар әперіп, киім-кешегін алып, көңілін аулайтын, қамқорлыққа бөлейтін. Жанна 16 жасқа толғанда алтын сырға сыйлап, туған күн кешін отбасымен бірге тойлаған екен. «Жаннаның мені құшақтап менің туған күнімді ешбір адам ешқашан тойлаған емес деп, алғыс айтып жылағаны әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Қазір Жанна қызым да бойжетіп қалған шығар. Бұл күнде қайда жүргенінен хабарсызбын. Бірақ, қай жерде жүрсе де Алладан тілеуін тілеп жүремін», – дейді Ләззат апай.

Иә, оның жүрегі мөлдіреген мейірімнен жаралған. Кеудесінде жарқыраған «Флоренс Найтенгель» медалі де  оның аппақ ниетінің ақ сәулесіндей жан-жағындағыларға шуақ нұрын себезгілетіп тұр. Жасай беріңіз, мейірімді медбике апай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар