Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қараусыз жануарлардан қауіп бар... - АРҚА АЖАРЫ

Қараусыз жануарлардан қауіп бар…

«Аманат» партиясының Ақмола өңірлік филиалының экология жөніндегі қоғамдық кеңесі облыстағы қараусыз жануарларды есепке алып, ветеринарлық көмек көрсету, ҚР жануарлар алдындағы жауапкершілік жөніндегі Заңына сәйкес оларды күтетін пана, қорғалатын орын құрылысы туралы  жиын өткізді. Оған мемлекеттік мекемелер басшылары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен еріктілер қатынасты.

Расында да соңғы уақытта қараусыз жануарлардың көбейіп, олардан зардап шегушілерден арыз-шағым көп түсе бастады. Оқиға өңірдің әр түкпірінде орын алуда. Демек, бұл көтеретін, ортаға салып ой бөлісіп, шара қолданылуы қажет мәселе.

-Жыл басынан бері 010 «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша Ақмола облысында  39 миллион теңге қаражат бөлінген. Содан бері 31 миллион теңгеге 10461 қаңғыбас ит пен мысық ауланып, жойылған. Бұл жұмыс облыстық мәслихаттың 2015 жылғы  30 қыркүйектегі шешімімен жүзеге асқан. Алайда,  Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы « Жануарлар алдындағы жауапкершілік туралы» заңына  сәйкес, облыстың ветеринария стансасы қаңғыбас итттер мен мысықтарды аулау және жоюмен айналыса алмайды. Заң талабы бойынша қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша пункттерде немесе жануарларға арналған арнайы паналарда ұстап, оларды иеленгісі келетін тұрғындарға табыстау  керек. Қаңғыбас жануарларға у беріп, басқа да химиялық дәрі-дәрмек беріп, олардың санын азайтуға Заң тиым салады. Ветеринарлардың негізгі міндеттері жануарларды ауру түрлерінен қорғау және емдеу; тұрғындарды жануарлар ауруларынан сақтандыру; аумақты жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларынан қорғау болып табылады,-деді баяндамасында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Т.Жүнісов. Жануарларға пана, уақытша пункттер салу бұл басқарма құзыретіне кірмейді.

Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы А.Мусинаның айтуынша соңғы 5 жыл ішінде тұрғындар арасында құтырма ауруына тап болғандар кезікпеген. Бүгінгі таңда Ақмола облысы аумағында эпидемиологиялық ахуал бір қалыпты. Алайда, ағымдағы жылдың 5 айы ішінде 755 адамды ит қапқан, оның ішінде 742 адам екпе алып, 12 адам екпе алудан бас тартқан. Жануарлардан зардап шегушілердің ең көбі Көкшетау қаласында (199), Бурабай (106), Целиноград (91), Атбасар (31), Шортанды (30) аудандары мен Степногорск қаласында (41). Целинорад ауданының тұрғындары жануарлардан ауру жұққызбас үшін Нұр-Сұлтан қаласының медицина мекемелеріне қаралады.  Қосшы қаласында осындай 14 оқиға тіркелген.

Атбасар ауданында ағымдағы жылдың наурыз айында «Алабай» тұқымды ірі ит әйел адамды жарақаттап, дәрігерлер  оның аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған. Қосшы қаласында 5 баланы ит қапқан. Өкінішке орай осындай деректер тіркелуде. Атқарушы органдар қаңғыбас иттерді ату мен аулауға ай сайын  37 миллионнан 48 миллионға дейін қаражат бөледі. Онымен 20 бригада айналысады. Алайда, жоғарыдағы айтылған заңдар қараусыз жануарларды жоюға қолбайлау болып тұр.

«Шанс на спасение» ұйымының еріктісі А.Мелетенко өздерінің қараусыз жануарларды емдеп, күтетіндіктерін, қазір 25 итті асырап отырғандықтарын айтты. Одан көбірек ұстап жұмыс жасауға қаражаттары жоқ. Сол себепті 500 ден 1500-ге дейін ит ұстауға жол ашатын пана салып беруді сұрады.

Қоғамдық кеңесте сондай-ақ, «Переведи взгляд» қоғамдық қорының құрылтайшысы И.Әділова, «ЛиС Көкшетау» еріктілер қозғалысының жетекшісі О.Белодед, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Г.Шұқатова, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Н.Мұқатов, тағы басқалар сөз алды.

Қызу пікірталас үстінде өткен жиынды «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова қорытындылады.

                                             Серік Сапарұлы,

                                   «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар