Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арқалы елдің ажары - АРҚА АЖАРЫ

Арқалы елдің ажары

Туған халқының аяулы перзенті, дауылпаз ақын, көрнекті мемлекет қайраткері, зұлыматты жылдардың жазықсыз құрбаны болған, сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің сөзімен айтқанда: «Өлімге жан екенсің қия алмайтын…» делінетін сымбаты сұлу Сәкен Сейфуллин «Тіршілік» газетінің негізін қалағанда әлі жиырма үш жаста ғана болған екен. Ал соның тамыры үзілмеген жалғасындай болып келе жатқан бүгінгі арқалы елдің ажары – «Арқа ажары» басылымының табалдырығын аттаған 1971 жылы мен де жиырма үштегі бозбала жігіт екенмін. Сәкен осы жасында өз уақытының заңғар көкке қанат сермеген, халқының қамын жеген қайраткерлігімен танылса, мен сол кездегі атауы «Коммунизм нұры» атанған газеттің корректоры болып журналистік жолымды бастағам.

1966 жылы орта мектепті бітіріп, бір жыл «Қорғалжын» кеңшарында механизатор, 1967 жылдың көктемінен екі жарым жыл Қиыр Шығыста әскери міндетімді өтеп келгеннен кейін, 1970 жылы өзім оқыған кеңшар орталығындағы орта мектеп жанындағы интернатқа тәрбиеші әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мұғалімдік қызметке орналастым.

Мектеп директоры Балғабек Нұрғалиев білікті ұстаз, іскер басшы болумен қатар, жастарға деген тәлім-тәрбиесі ұлағаттылығымен ұштасып жататын жан еді.  Бойымдағы шым-шым қабілетімнің қайнар көзін ашқан ұстазымның жол сілтеуімен бастапқыда аудандық, кейіннен облыстық, жалғастыра «Қазақстан пионері» газеттері мен «Балдырған» журналына мектеп өмірінен мақалаларды, өзімше «құрастырған» өлеңдерді жолдап тұрдым.

Менің осы қырымды аңдаған, мектепте оқып жүрген кезімде қазақ әдебиетінен сабақ берген, білімі ұшан-теңіз, кейініректе «Арқа ажарының» бас редакторы болған Жомарт Әбдіхалық бір жолыққанында: «Ауылда жүріп қарайып қаласың ғой. Газетке кел, хабарын өзім берермін»», – деген.

Менің 1971 жылы 16 маусымда «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетіне осы басылымның жауапты хатшысы болған Жұмамұрат Тұяқбаевтың шығарған бұйрығымен корректорлық қызметке келгеннен бастау алған журналистік жолым өзім зейнеткерлік жасқа жетіп, одан әрі де бірер жыл еңбек ете бас редактордың орынбасары дәрежесіне дейінгі өрлеу баспалдақтарынан өттім.

Еңбекпен ұштастыра жоғары журналистік мамандық иесі де атандым. Яғни, мені өмір мектебі шыңдады, қаламымды төселдірді. «Арқа ажары» газетіндегі қырық жылдан астам шығармашылық жолымда осы ұжымның тізгін басын ұстаған алты редактордың тәлімін де, талабы мен тәртібін де басымнан өткердім.

Солардың алғашқысы – майдангер, жазушы-журналист, бар қалпынан бекзаттық танылатын Әнуар Ипмағамбетов. Әнекеңнің жазушылығын былай қойғанның өзінде, аудармашылығының шоқтығы тіпті биік. Н.Гогольдің «Өлі жандар», Л.Толстойдың «Севастополь әңгімелері», П.Мерименің «Кармен» новелласы, А.Кронның «Терең тамырлар», Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармалары және басқа туындылар ана тілімізге жатық аударылуы осы ойларымның айқындығының айғағы.

Ал, одан кейін аз ғана уақыт облыстық партия комитетінің талғамымен тағайындалған Ибрагим Қапаровтың орнын ұзақ жылдар редактордың орынбасары қызметінде «тұсалған» Әмір Нүркішевтің басылым басшылығын қолға алуы газет қызметкерлерінің бағын ашатын тың ізге түрен салған кезең болды. Себебі ол әрбір журналистің қарымы мен қабілетін өте жақсы білетін білгір тұлға болды.

Ақмолада Сәкен Сейфуллин бас болып ұйымдастырған «Тіршілік» газетінің алғашқы санын іздестіруді қолға алған да Нүркішев еді. Өкініштісі, басылымның сол жылдарындағы сандары табылмағанымен, осы үрдіс кейін де жалғасын тауып, 1928 жылдан шыға бастаған Ақмола округінің органы «Жаңа арқа» мен «Новая степ» газеттерінің алғашқы сандары табылып, соның негізінде 50 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Басылым Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1979 жылдың қазан айында 44 жастағы Октябрь Әлібеков газет редакторы болып тағайындалды. 1961 жылы Орталық Комитеттің жолдамасымен өлкелік «Тың өлкесі» газетіне келіп, соның ыстығы мен суығын басынан кеше ұжыммен араласа еңбек еткен, қаламынан небір сүбелі материалдары басылым бетінен түспеген журналистің редактор болып тағайындалуы әріптестерінің көңіл қалауынан шықты.

Соның тұсында газеттің шығармашылық ұжымында Ж.Жағыпаров, А.Жұмабек, М.Дәбікбаев, Т.Ілдебаев, М.Мергенбаева, Ж.Саухат, Қ.Асауов, А.Есілбаев сияқты сауырына қамшы салдырмас қаламы жүрдек журналистер шоғыр қалыптасты. Редакторлық қызметінің 16 жылында, яғни, зейнеткерлікке шыққанынша ұжымның алтын қазығы бола алды.

Жомарт Әбдіхалықтың Өкең зейнеткерлікке шыққан 1995 жылы газетке бас редактор болып келуі ел тәуелсіздігі енді ғана аяғынан қаз тұра бастаған тұс болды. Соған сай үнжариямыз халықтық, ұлттық мүддені ұстанған, демократиялық бағытты негізгі бағдар еткен облыс айнасына айналды. Газет еркін тынысты, тәуелсіз бұқаралық үнге ие болды.

Әрине, шағын мақала көлеміне көп ой сыйғыза алмасым анық. Дегенмен осыдан бес жыл бұрын «Арқа ажары» газеті өзінің ғасырлық тойын атап өткен еді. Өткен күнде белгі жоқ емес, енді, міне, 105 жылдық мерейлі белеске көтерілгеніне де куә болып отырмын.

Сондықтан, газеттің бүгінгі басшылары – жазушы, журналист, драматург Жабал Ерғалиев, қарымды қаламгер, сыршыл сезімді ақын Қайырбай Төреғожа бастаған басылым ұжымын, жалпы қалың оқырмандарын осынау атаулы күнмен құттықтай отырып, әр саны бір күндік, бірақ ғұмыры мәңгілік «Арқа ажарының» мерейі әрдайым үстем бола беруіне тілекшімін.

Бәдуан ИМАШ,
                                «Арқа ажары»  газеті бас редакторының
                        бұрынғы орынбасары, Қазақстан Республикасының
                                                 құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар