Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Намазғали нағашым - АРҚА АЖАРЫ

Намазғали нағашым

(әңгіме)

Қыстың қараңғы түні. Қақаған аяз. Ол кезде ешкім үй есігін кілттемейтін. Сенектегі шелектерді даңғұр-дұңғыр құлатып, ауыр етігі еденді сықырлатып, боқтанып біреу кірді. Намазғали нағашым екен. Бүйтіп басқа кім жүруші еді. Апама туыстығы болса да, тым сирек келеді. Өзі былай да саяқ жүретін адам. Көбінесе қайда жүргенін ешкім білмейді де. Келе қалса, совхоз жердің шетіндегі бір шаруасына жұмсайды. Қыста алыс қыстақтағы құлаған қораны шұғыл жөндеу,  ашыққан малға қар астынан қамыс аршып, шабу, жол ашу. Жазда жайлаудағы малшыларға құдық қазу, шегендеу сияқты қиынға салады.

Былайғы жұрт Намазғалидың көзіне түспеуге тырысады. Кез-келген бұрыс әрекеті, қисынсыз сөзі үшін кімнің болса да, тұмсығы бұзылып, таяқ жеп қалуы мүмкін. Сөйтіп жүріп, өзінің алдын кесіп өтпейтін, айтқанын екі етпейтін адамдары бар. Олардың бірі менің апам. Өйткені, тұл жетім қалған оны бала күнінде апам қамқорлапты. «Апам болмағанда менің қайда қаларым белгісіз еді» дейтіні бар, оның.

Бұл нағашым туралы алыпқашты әңгіме көп. Сондықтан, екі көзім шырадай жанып, оны айналшықтап жүрмін. Тағы бір қызықтарын естігім келеді. Жұрт аузынан естіген бір әңгімем бар-ды. Соны сұрасам, деймін. Әдеттегідей бір тойда Бөлек екеуі қосылып, төбелес шығарады. Шетінен ұрып, сабай бастаған соң, жиналған жігіттердің бәрі қосылып, бұларға жабылады. Бұлар бәрін қосып сабайды. Атақты екі соққыр, екі тентекке қарсы тұрар ешкім қалмайды. Таяқ жегендер бет-бетімен қашады. Сонда, әбден еттері қызып, еліріп алған екі дос бірімен-бірі төбелеседі. Қалың жұрт қаумалап, екеуінің сарт-сұрт, аяусыз төбелесін тамашалайды. Соққы мен тепкінің небір түрін солардан көреді. Не керек, екі көкжал қан жоса болып, ұзақ төбелесіп, бір-бірін ала алмай, әбден болдырып барып тоқтайды. Аяғында екеуі  құшақтасып, бір-бірінің соққысын мақтап, төбелестерін жуып, мәз болып тарқасады. Мұны олар айыздары қанып, шерлері тарқап төбелесер басқа жан болмаған соң істеді, дейді әңгімешілер.

Ол үй-ішімен амандасып, шешіне бастады. Омырауы алқам-салқам. Осы суықта жазғы жейдесінің сыртынан шолақ тонын кие салыпты. Тоңбақ түгілі маңдайы тершіп жүр. Қырынбапты. Алтын тістері жарқырай күліп, үй-ішіндегілермен емен-жарқын хал-жай сұрасты.  Арақ пен темекінің ғана емес, басқа бір қатал, қатыгездіктің иісі аңқып кетті. Сынбайтын, иілмейтін темірдің суық иісіме-ау…

–Аман-есен жүрмісің, жарқыным? – деп, апам оның үсті-басын шолып шықты.

– Аманмын, апа. Намазғалиды ит те жемейді. Маған не болушы еді?

– Төрле. Шай қояйын. Түнделетіп қайдан келесің?

– Бөлек құрдасым өліп қалды ғой, апа. Бүгін соны көмдік.

–Иманды болсын. Жасың қырықтан асты. Қашан адам болар екенсің? «Қайтыс болды, жерледік» деуге болмай ма?

–Ой, басқаларға солай айтамын, апа. Мынау ит қой өлген. Құрдасым. Шындығы ит емес, көкжал еді, шіркін! Жігіттің төресі болатын. Ай, шіркін, Гөриіптің шыпаналары жабылғанда екеуіміз арқа тіресіп тұрып алып, жолағанды қоғадай жапырушы едік! Артымда Бөлек тұрғанда еш алаңым болмайтын. Ол жарықтық өлмей берілмейді ғой! Енді, ондай жігіт қайда-а-а…

«Оның рас шығар» дегендей апам басын изеді.

–Бар, жездеңе амандас…

Намазғали төргі бөлмеге өтті. Онда әкем дастархандай қылып үлкен ақ матаны жайып, қос ауыз мылтығын бөлшектеп шашып тастап, майлап, сүртіп, тазалап отырған. Бұл оның рахаттанып істейтін жұмысы сияқты көрінеді маған. Ондай кезде біреудің бөгет болғанын жек көреді. Және кім шақырса да осы шаруасын бітірмей орнынан тұрмайды. Әкем соғысқа қатынасқан адам. «ППШ деген автоматыңнан винтовка артық. Оның оғы пистолеттікіндей кішкентай болады. Винтовкамен дәл көздеп атқан оғыңа не жетсін?!» дейтіні бар. Қазір осы қос ауызы қолынан түспейді деуге болады. Мал аралауға берген қызметтік жүк машиналарының жүргізушілері кабинада желке тұстан екі ілмешек орнатып қояды. Қос ауыз қара мылтық сонда ілулі, ішінде патроны, дайын тұрады. Құм іші сыңсыған аң. Кездесе қалғанда аңнан көз алмаған күйі қолын желкесіне қарай созып, мылтығын суырып алады. Кейде есік әйнегін түсіріп, кейде есікті кең ашып, аяғымен тіреп тұрып, басып салады. Қоян, түлкі тоңқалаң асады. Әшейінде әзіл-қалжыңы аз әкем осындай сәтте ғана мақтанады.

–Қалай, бала, ә? – деп шопырына қарайды, ондайда: –Бар, алып кел!

Оның мергендігіне таң қалған шопыр, олжаға қарай тұра жүгіреді.

–Асслаумағаләйкүм, жезде! Бұл не, сол баяғы мылтық па? Сен де шаршамайды екенсің. Немістің бәрін қырып бітірдің. Енді иен Тайсойғанда қоян қалдырмадың! Осыңды қашан қоясың, осы, а?! – деп Намазғали даурыға амандасты. Жездесімен ойнағаны. Әкем оны елең қылған жоқ. Мылтығының ұңғысын жарыққа бұрып, асықпай сығалай берді.

–Уағаләйкүм. Аман жүрсің бе?

–Жезде, – деді енді Намазғали, күлкісін тиып, шын аңтарылып: – Айтшы, соғыста неше неміс өлтірдің?

Әкем мырс етті.

–Бәтуәсіз. Төрт жыл соғысқанда соларды санап жүрді деп пе едің.

–Солай-ау, ә… Ас үйге жүр онда, арақ ішейік.

–Қой әрі, жеті түнде сенімен арақ ішіп отыратын жайым жоқ. Бар, мешайттама дабай.

–Әні, сөйтеді, енді. Менің арқамда жүз грамм ішіп қалудың орнына…

Апам ас үйде шайын қайнатып, дастархан жасап қойыпты. Стол үстінде бір шөлмек арақ та тұр. Тентек інісінің онсыз тамақ ішпейтінін біледі. Оның шайын құйып беріп, оны-мұны әңгіме-дүкен құрған соң, апам да:

–Төргі үйде төсек салып қоямын, – деп тұрып кетті.

Екеуіміз қалған соң нағашым рөмкені былай ығыстырып қойып, арағын шай кесеге толтыра құйып, екі рет ішіп, сарықты.

–Менің тонымның қалтасында бір жарты тұр, соны алып келші.

Алып келдім. Ол тағы құйып ішті.

–Бөлектің өлімі ішімді өртеп барады. Мені жұрт түк ойламайтын, арағын ішіп, төбелесіп жүре беретін дүлей біреу деп ойлайды ғой… Міне, осыдан кейін… Бөлектен кейін менің өмірім өзгереді. Енді тоқтаймын. Үйленем. Бала өсірем. Жұрт қатарлы күйкі тірлікке көшем. Менің байлығым, жарықтық Бөлек сияқты жігіттер еді ғой. Ылғи сен тұр, мен атайын жігіттер.  Жігіттік, достық үшін астындағы жалғыз атын түсіп беретіндер! Атты айтасын… жанын да қия салады!.. Соларға еркелеп, масаттанып, мақтанып жүрдім. Солардың бірі екенімді  мақтан тұтатын едім. Тапқан табысымды да солардың бір қуанышына жұмсаушы ем.  Ех, шіркін! Бұл құрдасым сондай көкжалдардың соңы болатын. Ол кеседегі «тентек суын» тағы ішіп салды.

–Айтпақшы, сен КазГУ-ге түскісі келеді деп естідім. Егер түссең мен саған бес жыл бойы ақша жіберіп тұрамын! Түсіндің бе? Міне, қолым!

Мен оның қолын алдым. Саусақтары бүгілмейді екен. Тас па, ағаш па, дерсің. Қисық-қисық, бұжыр-бұжыр. Мынау қол емес, балға ма, балта ма, бірдеме ғой. Біреудің бет-жүзіне тисе, оңдырмас. Балуан Шолақтың қолы осындай болды ма екен?

Нағашым жейдесін шешіп, мәйкішең қалған. Денесі төртпақ, білеу-білеу бұлшық ет. Тастан құйылғандай. Иығындағы үлкен якорь оның моряк екенінің белгісі. Бұл кісіні жұрт шоқпар дейді де, Бөлекті сойыл дейтін. Дәл айтқан. Екеуін де лақап аттары айнытпай сипаттап тұр. Мына кісі еменнің безді, бұжыр бұтағынан ойып алғандай сом бітімді болса, Бөлек ұзын бойлы, тарамыс, сойылдай ұзын қолдары алыстан құлаштап сермеуге қолайлы, қайың жігіт-ті.

Сол түні ол ұзақ әңгіме айтты. Өзінің әскери-теңіз флотында төрт жыл әскери қызметте болғаны, моряктардың жағалаудағы төбелестері, орыс қызға жолығуы, бала сүюі, әскерлік мерзімі біткенкен кейінгі Владивостокта бес-алты жыл тұруы, елді сағынып, жалғыз өзінің ауылға оралуы, мұнда келген соң әйелі мен баласын сағынуы… Иә, сағыныш пен өкініштен және мәрттіктен тұратын өмір. Қорқу-үркуді білмейтін мінез. Сертке берік жігіттік. Айтқан уәдеге тұру. Әлдебір қимас досының бір арманын орындау үшін жылдар бойы қинала жұмыс жасап, қаражат жинау. Адам төзбес қиын жұмысқа жегіліп, аз уақытта көп ақша табу. Сол жолда кезіккен жымысқылар, сатқындар, арамдар, екіжүзділерді жазалау… Әңгімесі де, өмірі де қызық. Жалықпайсың. Түн ортасы жақын. Тон қалтасынан екінші жарты әкелінген. Кеселеп, еселеп ішкен ол әбден масайды. Ақырында, бөгет болған мәйкесін де шешіп лақтырып тастады. Сосын, қос жұдырығын түйіп, жан жағына қарап, столды сарт еткізді:

–Ех, ех! Осындайда быт-шыт болып төбелесіп алатын Бөлек те жоқ енді! Бөлек жоқ… ешкім жоқ. Мен болдым, тоқтадым. Жатайық.

Ол теңселе басып төргі бөлмеге қарай кетті.

Осыдан кейін Намазғали нағашым совхозға жылқышы болып кетті. Үйленді, бала-шағалы болды. Мен КазГУ-ге түстім. Оның бес жыл бойы маған қаражат жіберіп тұрғанын айта кету, әрине, парызым.

                                          Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар