Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы мен Ақмола облысы төтенше жағыдайлар департаменті базасында республикалық «Жас құтқарушы» слетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Республикалық «Жас құтқарушы» ІІІ слетіне әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және елордамыздан барлығы 17 команда келді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас өспірім баларды төтенше жағыдай кезінде, жедел ойлап, шапшаң қимылдауға баулу.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли 2022 жылдың 9 мамырында Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы су айдынында балаларды құтқару кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін Виктор Степанович Кулаевты «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.
–Құрметті слетке қатысушы жас достар, қош келдіңдер. Біз сендердей ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуанамыз. Өйткені сендер өз өмірлеріңді бәйгеге тігіп, өзге өмірді құтқарсам деген кең дала жүректің иесісіңдер. Сол себепті алдағы өтейін деп отырған додада барлықтарыңа сәттілік жолдас болсын, — деді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Абылайхан ӘШІМХАН.