Әлеуметтік желілерде жазылған ақпаратқа сенетін болсақ, елімізде құмар ойындарына тәуелді 350 мыңға жуық адам бар. Олардың орташа қарызы он миллион теңгеден жоғары екен. Айлығың шайлығыңнан аспайтын қазіргі заманда біреуге он миллион түгілі он мың теңге қарыз болсаң, берекең кетеді.
Осындай түйткілдерден кейін соңғы жылдары жас отбасылар арасында ажырасу мәселесі де ушығып тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. АХАЖ мамандарының айтуынша, елімізде ажырасып жатқан 10 жұптың 7-еуі осы құмар ойындарының кесірінен деседі.
Өскелең ұрпақ әсіре еліктегіш. Бұған әлеуметтік желінің де өз ықпалы бар. Баяғыда балалары еркелеп ауылда жоқ, қат дүниені сұрай қалса жеңгелеріміз «киноны көріп алып, басымды қатырма. Бұл ойыңды әкең естімесін» деп бірден кесіп айтатын. Болмайтын дүние екендігін бірден біле қойып, оның үстіне қанағат етпегенің үшін ұялып қалатының бар еді. Ал, қазіргі балаларға «Басымды қатырма! Қайдағыны сұрама» деп айта аламыз ба? Қазір байлардан қалыспай кедей де тыраштанып, баласына барлығын әперуге тырысады. Дұрыс-ақ! Бірақ, сол ынта-ықыласқа, ата-ананың ағеділ көңіліне, есіл еңбегіне дұрыс баға беріп жатқан бала болса, мың шүкір, дейміз әрине.
Рас, әдемі өмірге кім құмартпайды. Алайда, барға қанағат етуді бала кезден санаға сіңіру керек. Әсіресе, кез-келген жақсы дүниеге тек қана таза еңбекпен жетуге болатынын бала-шағаға жастайынан үйреткен абзал. Әйтпеген күнде бала болсын, жас болсын байлықты аңсап, соған жетудің оңай жолын қарастыра бастайды. Иә, бүгінгі ұрпақ бай болғысы келеді. Бұл жамандық та емес шығар. Дегенмен де, тегін дәулет жолда жатпайды ғой. Ауыр еңбектен, жүйелі жұмыстан қашатын жастар бір-ақ күнде баюдың амалдарын қарастыра бастайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ойын залдары жабылып, бұл бизнесті өркендеткендерге қатаң тиым салынған болатын. «Ойын бизнесі» туралы заңға сәйкес, казино мен ойын автоматтарының залдары Алматы облысының Қонаев (Қапшағай) қаласы мен Ақмола облысының (Щучинск) қаласының аумағына орналастырылды. Бірақ, ойын бизнесінен напақасын тауып жатқандар қарап жатқан жоқ. Әлеуметтік желі арқылы да түрлі амал-тәсілдерді тауып жатыр.
Мысалы лото, интернеттегі казино ойындарын насихаттайтын жарнамалар әлеуметтік желіде өте көп. Ақшадан тапшылық көріп жүрген жан бар жиған-тергенін, я болмаса, біреуден қарызданып-қауқарланып ақша сұрап, сол қаражатты екі еселеп алып шығамын деп интернеттегі казино ойындарына салып, барынан айырылып қалып жатқандар қаншама. Интернеттегі ойындарды айтпағанда қаладағы кез-келген азық-түлік дүкеніне кіре қалсаңыз, сары түсті терминалдар тұрады. Басында ақша аударатын терминалдарының бірі деп ойлап қалуыңыз да мүмкін. Бірақ, олар бұрынғы компьютерлік клубтарда самсап тұратын ойын автоматтарының баламалары. Мұндай жерлерде аппаратқа телміргендер көп. Букмекерлік компаниялар да жастардың сорына айналды.
– Болат (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған) менен басқа 30 адамға қарыз екен. Менен бір миллион теңге қарыз алған. Бір айда қайтарамын деп сендірген. Бірге өскен жан жолдасым болғасын сенген болатынмын. Сөйтсем, Болат құмар ойындарының құрсауынан шыға алмай қалған екен. Бұл туралы ауылдағы ата-анасынан естіп білдім. Қарызы бар адамдар ауылға барып ата-аналарының қорадағы малын кепілдікке алып жатқан көрінеді. «Баламыз аман болса болды. Малым садақа» деп отыр елдегі ата-анасы. Көмектесейін деп барсам, шынымен де жағдай мен ойлағаннан да күрделі екен. Бір ғажабы Болат бір күні 10 миллион теңгеге дейін ұтыс ұтып алған екен. Бірақ, бұл қаражат та оның жұртқа берешегін өтеуге жетпесе керек. Жартысын беріп, жартысын тағы ойынға салған. Тағы да ұтылған. Енді әзірге қарызы барлардан бас сауғалап жүр. Ашуымды тудыратыны Болат өзі жарымай жүріп, сүйген қызына 7 миллионға автокөлік сатып әперіп, оны сол қыздың атына түсіріпті. Одан да қарызын төлемей ме? Елдегі ата-анасына қолқабыс болмай ма? Мені қойшы, жолдасымын ғой, бәрін де түсінемін. Бірақ, жеңіл ақша жақсылыққа апармайды дегенді жолдасыма түсіндіре алмағаным өкінішті, – дейді Санат.
Иә, Болат сияқты өмірден өз орнын таба алмай жүрген жандар қаншама. Қазақта «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деген сөз бар. Дүние-дәуреннің мәңгі емес екендігін ескерсек, рухани байлық бәрінен де жоғары шығар. Дегенмен де, ақша да адамға артық етпейді-ау? Тек адалынан болсыншы…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.