Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үйдегі көңілді базардағы баға бұзып тұр - АРҚА АЖАРЫ

Үйдегі көңілді базардағы баға бұзып тұр

Заман өзгерді, қоғам ауысты. Нарықтық экономика заңдары өмірге еніп, өз дегеніне иіп, икемдей бастады. Кеңестік кезеңде сауда қызметкері, сатушы арнаулы орта білім беретін техникумдарда, институттарда оқып шығатын. Дүкендерде тұтынушыға солар қызмет көрсететін. Сауда жайынан, сатушыға қойылар талаптан, әдеп пен мәдениеттен хабарсыз адам сатушы болмайтын.

Ол оқығаны бар болған соң өзінің не істеп, не қоярын білетін. Нарықтық экономика келгелі бәрі өзгеріп, басқа кейіпке енді.

Қоғамдық формациялар ауысып, жұмыссыз қалып, аңтарылған жұрт жаппай жайма базарға,  саудаға шықты. Алғашында сатуды ұят көріп, өз сөресіне өзі жақындай алмай, алыстан қарап тұратындар болды. Күнкөріс көндірмей қоя ма, ақыры көндірді. Арнайы білімі болмаса да сатушы көбейді. Ол кезең де өтті. Рынок қыспағына төзгендер қалды, төзбегендер күнкөрістің басқа жолын іздестірді.

Отыз жылдан кейін не көріп отырмыз? Сауда-саттықтың үстінде әртүрлі жағдайға кез боламыз. Ол сатушының жеке тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты. Үлкен сыйлаған, кішіпейіл жан сол жолынан таймайды. Алайда, рынок заңы сол, әр сатушы өз тұтынушысынан айырылғысы келмейді. Тағы келіп сауда жасаса екен, тағы келсе екен деп тұрады. Сөйтіп қана мәдениетті, ибалы сатушы қалыптасады. Бүгінгі ұстаным осындай.

Міне, көшеде тамылжыған тамыз. Жаздың жаймашуақ күндерінде облыс орталығында сауда қызып тұр. Тұрғындар әлемде туындаған геосаяси жағдай, тауардың қымбаттауына алаңдаулы. Сондықтан, әлеуметтік дүкендерге арзан бағамен түсетін күнделікті тауарлардың кезегіне таңғы 5-тен тұрушылар бар. Кейбіреулер бір үйден бірнеше адам болып та кезек алады. Мысалға, «Қамқор» базарындағы «Көкше-маркетке» түскен әр келісі 500 теңгеден 2 келіден сатылатын қант таңертеңгі 10 шамасында сатылып бітеді. Ал, басқа дүкендер қантты 700-ден 800 теңгеге дейін сатуда. Айта кетсек, пияз осы апта ішінде бөлшек саудада 320 теңгеден сатылды. Көтерме саудадағы бағасы 250 теңгеден. Картоп көтерме саудада 160 теңгеден, жекелей 210 теңгеден бағаланды. Қолдың сары майы базарда 5000 теңгенің маңайында.

Айтқалы отырған мәселеміз, сатушылардың көтерме сауда бағасына қосып сататын айырмашылығында.

Облыстық сауда департаментінің бас маманы Сәбит Таубаевтың айтуына қарағанда, дәл сол көтерме саудамен алынатын бағаға сатушылардың қосатын бағасы тым жоғары. Үкіметтің әлеуметтік тұрмыстық маңызы бар тауарларға 10-15 пайыз ғана қосуға рұқсат еткеніне қарамастан, сатушылардың  дені ол талапты орындамай отыр. Ол заңсыздық үшін айыппұл салуға жергілікті билік органдары мен прокуратура қызметкерлерінің құқығы бар.

Демек, бағаның шарықтап өспеуі негізінен, дүкендер иелері, сатушылардың қанағаты мен ұятына, еліміздің заңдарын сақтауына байланысты болып отыр. Алдына тек қана сол баяғы көбірек пайда түсіру, баюды мақсат еткендер өзгелердің қиналғанын назарға ілмеуде. Әйтпесе, бағаны соншама шығандатып көтерер ме еді? Онсыз да тек күнделікті маңызы бар тауарлар емес, басқа да барлық керек-жарақтың қымбаттағанын көріп-біліп отыр ғой. Бұл да сатушы, саудагер, сауда мәдениетіне соғатын мәселе болса керек. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деуші еді…

Шындығына келгенде сатушы күнделікті азық-түлік емес, басқа тауарлардан керек үстемесін алар болса да жетпес пе еді? Әйтпесе, түн ұйқысын төрт бөліп, таңғы сағат 5-тен кезекке тұрған жан, еріккеннен солай істемейтіні белгілі. Ақшасы асып-төгіліп жатса, тал түсте келіп, қымбат тауарды қолтығына қысып, жөніне кете бермес пе?

Бұл әңгіменің саудагерге жалданған сатушыға емес, сол дүкеннің иесіне тірелері тағы шындық. Осындай қымбатшылық қинаған кезде көңіл-ниетінің кеңірек болғаны жақсы-ақ қой.

Бағаны бақылап, мониторинг жасау үшін базар-дүкендерді аралап жүруші мамандар сәл бұзыла бастаған жеміс-жидекті сатушылардың қоқыс салатын жәшікке аудара салатынын айтады. Басқа өңірлерде сатуға «өң-түрі» келіңкіремейтін жеміс-жидекті басқа бір сөреге қойып, оларды қажет қылғандар сол жерден тегін алып кете беретін көрінеді. Бір бүйірі қарайған алманың сол жерін кесіп тастап, жуып-шайып пайдаланатындай. Бәлкім, біреу сөйтіп тазалап, сұрыптап тосап қайнатар, дегендей. Мүлдем, қоқысқа лақтырып жібергеннен сол дұрыс болмас па еді?

Сауда қызметкерлері күні осындай әртүрлі пікір айттық. Қалай болғанда да сауданың мақсаты – сату. Жөнін тауып, қыбын келтіріп сатқан сатушы табысқа кенелмек. Көзіқарақты тұтынушы тауарды кімнен алғанды жөн көреді, оны келе-келе өзі таңдайды. Жұрт таныған, көпшілік сыйлаған жақсы сатушы солай қалыптасып, солай анықталмақшы. Жақсыға жақсы үйір. Ендеше, тұтынушының алғысын арқалар, таразыдан жемейтін, адал пейілді сатушы көп болсын деп тілейік. Мереке құтты болсын!

                                                 Серік САПАРҰЛЫ,

                                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

         

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар