Жыл сайын тұтастай елімізде, соның ішінде Ақмола облысында “Жасыл Ел” жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы қоғамға қыруар пайдасын тигізіп жатады.
Бұл жоба өз бастауын алғалы мыңдаған жастар тағылымды еңбек тәжірибесінен өтіп, жаз айларында табиғатты қорғау, қоршаған ортаны жаңа өскіндермен молайту, елді мекендердің тазалығымен айналысу тұрғысында үлкендерге елеулі көмектерін көрсетуде.
Биыл да Ақмола облысы бойынша “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарының XVIII маусымының салтанатты түрде ашылып, онда өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылды, және биылғы маусымға міндеттер белгіленді.
«Жасыл ел» – студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыруға бағытталған жыл сайынғы жастар жобасы.
Ұлдар мен қыздар жаз бойы көшеттер отырғызумен және ағаштарға күтім жасаумен айналысады, өңірдегі экологиялық жағдайдың тазалығы мен жақсаруын қадағалайды.
Жобаны ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Бірлігі мықты жастар” қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.
Жоба аясында биыл облыстың барлық өңірлерінде 1356 студент және жұмыссыз жастар уақытша маусымдық жұмысқа орналастырылады деп күтілуде. Бұл – нарық жағдайынан екі қолы бос жүрген жастар қауымының ақысы төленетін пайдалы іспен айналысуына және қоршаған ортаның қорғалуына жақсы мүмкіндік.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.