2019 жылғы 26 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Қабылданған Заңда кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарын құру тәртібі регламенттелген.
Кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін тіркегеннен кейін оны басқару нысандарының бірін таңдайды. Олар, мүлік иелерінің бірлестігі және көппәтерлі тұрғын үй-жай серіктестігі.
Кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдау немесе үй кеңесіне басқару нысанын таңдау туралы өкілеттік беру туралы шешім қабылдау пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының айрықша құзыретіне жатады (Заңның 42-1 бабы).
Заңның 43-1-бабына сәйкес жай серіктестік заңды тұлға болып табылмайды, тиісінше мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Бұл ретте мүлік иелерінің бірлестігі мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады (Заңның 44-бабы).
Мүлік меншік иелерінің бірлестігін (ММИБ) мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарына ұсынылады. Бұл – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысын бойынша өтініш, жиналыс хаттамасы, мүлік меншік иелерінің бірлестігінің жарғысы, Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымының төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжаттар. Сонымен қатар, ММИБ жарғысы қамтуы тиіс (Заңның 44-2 бабы). Онда мүліктің меншік иелері бірлестігінің атауы, қызмет нысанасы мен мақсаттары, орналасқан жері, басқару органдарының құрылымы, оларды қалыптастыру тәртібі және құзыреті, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері, мүліктің меншік иелері бірлестігінің мүлкін қалыптастыру көздері, мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі, мүліктің меншік иелері бірлестігі таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі, оны қайта ұйымдастыру және қызметін тоқтату шарттары көзделуге тиіс.
Мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.Сондай-ақ, ММИБ қызметті Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі №205 бұйрығымен бекітілген үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыра алады.Пәтерлердің, көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің хаттамаларын жүргізу тәртібі мен нысандары (келу тәртібі не жазбаша сауалнама жолымен жүргізілетін) кондоминиум объектісін басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау жөнінде шешімдер қабылдау қағидаларында бекітілген, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 30 наурыздағы №163 бұйрығымен бекітілген жиналыс хаттамаларының үлгілік нысандары.
Жоғарыда көрсетілген құжаттар мүлік меншік иелерінің бірлестігін мемлекеттік тіркеу үшін аумақтық әділет органдарының орналасқан жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарына ұсынылады.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының аумағында 220 ММИБ тіркелген.Сонымен қатар, тіркелгенге және Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметін жүзеге асыратын үй-жайлар (пәтерлер) иелерінің кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері (ПИК) көппәтерлі тұрғын үйді басқару жөніндегі қызметті 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асыра алатынын атап өткен жөн.
Кейіннен ПИК барлық рәсімдерді сақтай отырып және әділет органдарында қызметін тоқтатуды міндетті түрде тіркей отырып жою қажет.
Салтанат ЖУВАРОВА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы.