Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Карина – қазақ тілінің мұғалімі - АРҚА АЖАРЫ

Карина – қазақ тілінің мұғалімі

Өзге ұлт өкілдерінің жергілікті ұлт тілінде майын тамызып сөйлеп тұруы қалың қазақ жайлаған өлкеде таңсық көрінбеуі ықтимал.  Қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдап тұрған солтүстік өңір үшін сүйінші жай. Тілімізді сыйлап, тіршілігімізді толайым өз бойына шақтап алған өрендердің бойынан туған топырағына деген оттай ыстық ықылас пен қалтқысыз құрметті көргенде жүрегіңнің бір шымыр етері бар.

Жасы жер ортасынан ауған ақсақал көше қиылысында екі-үш баладан жөн сұраған. Қазақ тілінде. Балалар да кәдімгі өз перзенттеріміз, бірақ, әлде асығыс болды ма екен, бәлкім ақсақалдың сұрағына түсінбеді ме, тіл жарып жауап қатпай, жеделдете басып өтіп кетті. Аңтарылып қалған ақсақал жол бойындағы жас келіншекке әлгі сауалын тағы қайталаған. Бұл жолы да жауап ала алмады. Екі ұрпақтың бір-бірін түсінбеуі түйткілді тіл мәселесінде еді. Қолындағы таяғына сүйенген ақсақал барар бағытынан жаңылып, салы суға кетіп тұрған соң жөн сілтеуге талпындық. Өңінде өкініштің табы. Жаңағы жас ұрпақтың өз ана тілін білмейтіндігіне ренжулі. Қапалы күйінде таяғын қармана берді. Иығын басқан зілмауыр салмақты әрең көтеріп тұрғандай.

Ақсақал барар жерді біз де білмейді екенбіз. Жол бойында өтіп бара жатқан ақсары өңді, биязы қыздың қапелімде көмекке келгені. Жолаушыға жол бағытын қазақ тілінде жатық, тәптіштеп түсіндіріп берді. Өңі басқа болған соң сұрақ та туындаған. Сөйтсек, неміс қызы екен. Қазақ тілінде сөйлегенде бір мүдірмейді, күнделікті қарапайым қолданатын сөз де емес, әдеби сөздермен айшықталған мазмұнды да  мағыналы лепес. Ойламаған жерден ат басындай алтын тауып алған адамша қуандық. Індете сұрастырдық. Сөйтсек,  Карина Роот облыс орталығындағы №18 С.Жүнісов атындағы мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді екен.

Зеренді ауданына қарасты шоқ жұлдыздай Жылымды ауылында дүниеге келіпті. Кішкентай кезінде осы ауылдың Айнұр, Мәрзия, Айдана тәрізді құрбыларымен ойнап өскен. Отбасында да қазақ тілінде сөйлейді екен. Әкесі Евгений  қызымның болашағы жарқын болсын деп қазақ тілінде білім алуына қамқоршы болған. Жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепте неміс  тілінен сабақ беретін әжесі Ида Кейлер мұғалімдік мамандықты көңілі құлай сүюіне ықпал етіпті. Кішкентай кезінен көркем әдебиеттің сиқырлы әлемін кезген. Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевтың жырларын жаттаған, ұлы Мұқаңның «Абай жолы» роман-эпопеясын кішкентай нәп-нәзік алақанымен сипап, қолынан түсірмей өскен. Бәлкім сол білімнің, тілге деген ынтызарлығының арқасы болар, кейін қалалық, облыстық тіл байқауы жарыстарына қатысқан. облыстық байқауда өзі тәрізді өзге ұлт өкілдерінің арасында жергілікті ұлт тілін қаншалықты меңгергендігі таразы басына тартылған кезде сан мәрте топ жарыпты.

–Мектепте оқып жүргенімізде, Мұқағали атамыздың жырларын құрбыларымызбен бірге таласа, тармаса оқитынбыз, – дейді Карина Евгеньевна, –«Аққулар ұйықтағанда» поэмасын мектеп оқушылары болып сахнаға шығардық. Сөз құдіреті деген ғаламатты дәл сол кезде ұғындым. Қазақы сөздің қасиетін танитын ауыл тұрғындары сілтідей  тынып тыңдады. Ел алғысын алдық. Міне, содан бастап менің бойымдағы жергілікті ұлт тілі мен оның әдемі әдебиетіне деген махаббатымның оты маздай түсті. Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай жазған еңбегім баспасөзде жарыққа шықты.

Өзі қазір облыс орталығындағы қалалық «Жас педагогтар» одағының төрайымы. Жас мамандарға да жетекшілік етеді. Жастардың өмірден өз орнын табу жолын нұсқайтын, болашағын бағдарлауға ықпал ететін республикалық жастар форумына қатысыпты. Қоғамдық шаруасы шаш-етектен. Негізі тілге байланысты. Тіл болғанда да жөргегінен жанына жақын, бесік жырын тыңдаған қазақ тілі. Көкшетаудағы өзі жетекшілік ететін «Тілдерді дамыту» орталығының шаруасы да аз емес.

–Жастарды қанша үгіттегенімен, бірден ұмтылып кете қоймайды, – дейді Карина Евгеньевна, – дегенмен, қатарымызға тартып жатырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне өкпе жоқ. Жергілікті ұлт өкілдерінің өз тілін білмеуі, білуге асықпауы жаныңа батады. Бұл тараптағы мәселенің мәнісін жақсы білетіндігім анық. Өйткені, мен көңілім құлай сүйген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін ғой.

–Ұстаздардың еңбегі ауырлап кеткен жоқ па? – деп сұрадық біз, – өзіңіз айтып отырғандай, қазақ баласы өз тілін білуге құлықсыз болса, оқыту да оңай емес шығар.

–Жоқ, ағай, – деді ол, – меніңше, өзің таңдап алған мамандықты жақсы көруің керек. Алдымен ынтаң мол, ықыласың ерекше болуы шарт. Оған қоса, оқушыларды жақсы көрсең, олар ұстаздың айтқанынан бойына білім жұқтырса, жұмысың нәтижелі болады емес пе? Әрине, әр сәбидің тілі өз тілінде шығуы керек. Ол үшін отбасында өз тілінде сөйлегендері ләзім. Қазір жас отбасы иелері  өз тілін білмегендіктен, бүлдіршіндерін орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептерге беріп жатыр. Айтатын жалғыз сылтаулары, ертең сабақ оқыған кезде көмектесе алмаймыз  дейді. Ал, жастар болса өзге тілде сөйлегенді мәртебе санайды. Көшеге шығып қараңызшы, Көкшетау орыс тілінде сөйлеп тұр. Айтпақшы, біз таяуда «Көкшетау қазақша сөйлей ме?» деген акция өткіздік.

Акция барысында Карина Евгеньевна тәрізді жергілікті ұлт тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері облыс орталығындағы халыққа қызмет көрсететін мекемелерде болып, қазақ тілінің қаншалықты қолданылып жатқандығын таразы басына тартса керек. Бұл орайдағы кемшілік, қанша жылдан бері айтылып, жазылып келе жатқан олқылықтың орнын толтыру үшін әлі де бір ғұмыр керек.

Тіл жанашыры Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан ұйымдастырылған тіл үйрету сабақтарын өткізеді екен. Анау айтқандай дүмеп келіп, тіл үйренемін деп талпыныс жасап жатқандар көп емес. Әйтсе де, Карина Евгеньевна жалғыз жергілікті ұлттың ғана емес, жалпы халықтың, барша қазақстандықтардың түптің түбінде қазақ тілін кәдесіне жаратып үйреніп кететіндеріне сенімді.

Әңгіменің тақырыбы туған топырағы туралы, жергілікті ұлт тіліне деген аялы ақ махаббатының отын маздатып алаулатқан өскен ортасы жайында сабақталған.

–Мектепте жүргенде шығарма жазғанды ұнатушы едім, – дейді ол, – біздің Жылымды ауылының маңайы көркем суреттей келісті, табиғаты тамылжыған орта ғой. Бәлкім балалық шығар, ақ қайыңдардың жап-жасыл жапырақтарының самал желмен желбіреп ойнағанын сөзбен суреттегім келетін. Бірақ, кіндік қаның тамған қасиетті жердің бар болмысын тілді қаншалықты жете меңгерсең де жеткізе алмайтын шығарсың. Ол үшін көкірегіңдегі сезімді сөзбен кестелеуің керек. Түбінде әйтеуір бір жазып шығатыным анық. Біздің ауылдан шыққан қазақ журналистикасының ірі өкілі Сарбас Ақтаев ағамыздың туған жер тақырыбындағы шығармаларын сүйсініп оқимын. Қаламгер ағамыздай қарпып жаза алмасақ та, біздікі әзірге еліктеу.

Жүзі басқа болса да өзімізге бүйрегі бұрып тұрған Карина Евгеньевнамен жол айырығында қоштастық. Қыз бұрымындай қатар түскен қос көше атшаптырым жерден барып қосылады екен. Ақпейілді адамдардың ізгі ниеті  тәрізді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар