Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтап өңдейтін, сұрыптайтын, керексізін жоятын полигондардың аздығынан айналаның бәрі аткөпір болып жатқандығы шындық. Осы бір өзекті мәселе шешімін қалай табар екен?
Бұл мәселе туралы аз айтылып жүрген жоқ. Әйтсе де, бүгін-ертең түбегейлі шешіле қоятын түрі көрінбейді. Аумағы өте кең өңірде табысы жарытымсыз бұл бизнеспен қазір жиырмаға жуық кәсіпкер айналысады. Мұншама аз күштің барлық елді мекендерді мұнтаздай етіп тазалап, қатты қалдықтарды сұрыптап, өңдеуге және жоюға қауметі жете бермейтіндігі шындық.
Әр адамға 267 теңге көлемінде төлемақы белгіленген. Соның өзінде төлемақы төлеушілердің қарызы жылдар бойы қордаланып, әлденеше миллионға жеткен. Қаржының уақытылы жиналмауы қолды қысқартып отырған жайы бар.
–Бұл салада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің қатары тариф көлемі өзгерген жағдайда әлдеқайда көбейе түсуі мүмкін еді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев, – әрі төлемақыны жинаудың механизмін реттеу керек.
Бұл орайда Экология министрлігінің коммуналдық қалдықты жинау жөніндегі әдістемесі де бар. Қазіргі күні өңірдегі Атбасар, Целиноград, Есіл аудандары мен Қосшы қаласында экологиялық талаптарға толық жауап беретін полигондар болмай отыр. Шортанды, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында ішінара жұмыс жүргізілуде.
Мәселені діттеп келгенде, полигондар салу үшін жер телімдерін бөлу кезінде айтарлықтай қиындық туындайды екен. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласының маңында. Әрі ол полигондарда тариф мөлшері әлдеқайда қымбат болуы мүмкін. Мамандардың айтуына қарағанда, кешегі кеңес дәуірінде салынған, кейін жабылып қалған полигондарды тауып, қайтадан кәдеге жаратса да, артықтығы жоқ. Өйткені, ол орындар табиғатқа залалын келтірмейтіндей етіп есептеліп салынған. Ал, жаңа полигон салу қаржылық жағынан алып қарағанда әлдеқайда қыбматқа түседі екен. 15 мың тонналық қатты тұрмыстық қалдықтар сиятын полигонды салу 270 миллион теңге.
Қазіргі таңда біртектес полигондарды салу жобасы екшелуде. Тек орналастыру жағында аздаған мәселе бар. Бұл өте қажет жай. Өйткені, қазір облыста заңдастырылған 24 полигон ғана жұмыс істейді екен.
Міне, сондықтан да қатты тұрмыстық қалдықтар шалғайдағы ауылдар былай тұрсын, Нұр-Сұлтан қаласының маңында да, табиғаты тамылжыған Бурабай аумағында да бей-берекет шашылып жатыр. Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтановтың айтуына қарағанда, қаржыны көп қажет ететін бұл шаруаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде де жүргізуге болар еді. Жалпақ жұрттың көксегені ауылдың ажарының жақсаруы емес пе?!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.